Справочник руководителя образовательного учреждения

Сынып сағаты

  • 13 марта 2019
  • 4364
Сынып сағаты: «Мен өмірді жақтаймын»
«Мен өмірді жақтаймын»

Әлеуметтік-бағдарлы мінез-құлық сипаттары негізінен мектепте қалыптасады, ерекше сынып сағатында. Мектепте бала қоршаған орта жайлы білім алумен қатар, өмірдің аса маңызды компоненттері хақында: өзге адамдар туралы, сол адамдар арасында қалай өмір сүріп, ондағы зорлық-зомбылық, жауыздық секілді күштермен қалай күресу керек екендігін біле бастайды.


САБАҚТАН ТЫС ҚЫЗМЕТ

Анаға арналған мереке
Сынып сағаты: «Мен өмірді жақтаймын»
Н. Л. Боярская «№ 118 мектеп-гимназиясы» КММ бастауыш сынып мұғалімі, Алматы қ.

Мақсаты:

  • аналарға, әжелерге, әйелдерге құрмет көрсетуге тәрбиелеу;
  • аналар мен балалар арасында, оқушылар арасында жылы эмоционалды ахуалды қалыптастыру;
  • балалардың отбасыларымен мейірімді қарым-қатынасын нығайту;
  • сынып және мектеп шараларын өткізуге ата-аналарды тарту.

Шара барысы

Л. И. Ошаниннің «Солнечный круг» өлеңіне сыныпқа аналар мен әжелер кіреді, орындарына отырады.

Қазіргі кезде оқушы тұлғасының қалыптасу жағдайларына тән өзгерістер жүріп жатыр. Әлеуметтік-бағдарлы мінез-құлық сипаттары негізінен мектепте қалыптасады. Мектепте бала қоршаған орта жайлы білім алумен қатар, өмірдің аса маңызды компоненттері хақында: өзге адамдар туралы, сол адамдар арасында қалай өмір сүріп, ондағы зорлық-зомбылық, жауыздық секілді күштермен қалай күресу керек екендігін біле бастайды. Сонымен қатар ол өз іс-әрекеттерін өзге адамдардың мүдделерімен қайтіп ұштастыруға болатынын, адамгершілік тәртіп құндылықтарына сәйкес өзін қалай ұстау керектігін хал-қадерінше үйренеді.

Тұлғаның қалыптасуына көмектесетін мінез-құлық сипаттары бала бойында дәл осы төменгі сыныптарда орныға бастайды.

Адамзаттың даму барысы адам жалпы өмірге емес, белгілі бір әлеуметтік жағдайда тіршілік етуге даярланатынын анық көрсетеді. Бүгінгі күні Қазақстанда өз Отанын жан-тәнімен сүйетін, өздігінше әрі творчестволық тұрғыдан ойланатын, ел тағдырына, өз тағдырына жауаптылықты сезінетін, өмірді шынайы қалпында көріп, түсінуге, мәдениеті мен ұлттық бейнесі сан алуан ортада қолайлы өмір сүруге, қоғамды дағдарыстан дамудың өркениетті жолына шығаруға қабілетті жаңа типтегі азаматтарға деген зәрулік сезіліп отыр.

Төменгі сынып оқушыларын коммуникативтік тұрғыдан дамытудың мән-маңызы арта түсуде. Қазіргі заманғы мұғалім конфликтологияның, әлеуметтік педагогиканың, психологиялық-педагогикалық ілім-білімнің негіздерін игеруі тиіс. Бұл оған оқушылар тап болған әр түрлі қиындықтар себебін дер кезінде анықтап, тиісті көмек көрсетіп отыруына жол ашады. Бүгінгі мұғалімге оқу процесін сапалы түрде жүзеге асырып, әр түрлі жастағы, қабілет-бейімі әр түрлі ұлдармен, қыздармен нәтижелі жұмыс жүргізу үшін енді бағдарламалық материалдардың мазмұнын жақсы игеріп қана қою жеткіліксіз.

Бала дамуында оны өсіріп, жетілдіретін отбасының рөлі айрықша. Ондағы қалыптасқан жағдайлардың, психологиялық атмосфераның бала мінез-құлқына тигізетін ықпалы зор. Отбасындағы қайшылықтар, ата-ананың жеткілікті көңіл бөлмеуі, үлкендердің тым қатал қарауы балалардың әлсіз де нәзік, әлі қалыптаспаған психикасына өте жаман әсер етеді. Оның салдары кейде тіпті өзін өзі өлтіру жағдайына дейін жеткізеді.

Соңғы жылдары ұлт салауаттылығын сақтауға байланысты проблемалар бойынша бұқаралық ақпарат құралдары мен жалпы қауым ерекше назар аударып отырған жәйт жастар арасындағы суицид мәселесі.

Соңғы он жылда өз ата-аналарынан, оқу-тәрбие мекемелерінен қашып шыққан, хабарсыз кеткен балалардың саны үш есеге өскен; олардың көпшілігі қылмыстық топтарға қосылып, баз біреулері сол қылмысты орталардың құрбандығына айналған.

Прокурорлық бақылау мәліметтері бойынша бұл қауіпті тенденцияның ұлғаюына негізгі себеп отбасылық және қоғамдық тәрбиенің дұрыс болмауы, үлкендер мен замандастарының өзара қарым-қатынаста қатігездік танытуы, кішкентайларды үйден қашып кетуге, тіпті суицидке баруға дейін итермелеуі болып табылады.

Көптеген балалар мен жасөспірімдердің отбасындағы және білім беру ұйымдарындағы тіршілігінде моральдық және физикалық зорлық-замбылық, тәрбиенің әдепсіз әдісі, адамдық ар-абыройды қорлау көріністері орын алған.

Суицидтік мінез-құлық проблемасы

Суицидтік мінез-құлық проблемасы қоғам мен зерттеушілер назарын аударып отыр. Қоғамдық санада өзін өзі өлтіру екі жақты пайымдалады. Бір жағынан, өзін өзі өлімге қиған адам аянышты көрінеді. Екінші жағынан, суицид фактісінің өзі күнә, қылмыс ретінде айыпталады. Жақындары бұл қорқынышты фактіні көбінесе жасыруға тырысады. Белгілі орыс философы Н. Бердяев «өзін өзі өлтіргенді аяуға болар, бірақ өзін өзі өлтіруді аяуға болмайды» деп жазған екен.

Суицид – психологиялық құбылыс, оны түсіну үшін өзіне өзі қол жұмсағысы келетін адамның жан-дүниесіндегі жағдайларды түсіну керек. Өзін өзі өлтіру адам жанын түгел қара толқындар басып, үміт сәулелері түгел сөнген айрықша бір күрделі сәттерде жасалатын үрейлі жәйт.

Суицидке баратындар, әдетте, жаны қатты күйзелген, стресс жағдайында жүрген, өз проблемасын шешуге мұрша, мүмкіндігім жоқ деп ойлайтындар. Олардың көпшілігі психикалық аурулармен ауыратын, эмоциональдық тұрғыдан дертті, әсірессе депрессияға көп берілетін, болашаққа үмітсіздікпен қарайтындар болып келеді.

Өзіне өзі қол жұмсау психологиясы, бәрінен бұрын, үмітсіздікке тән психология. Үміт барда адам ең қиын, ең қатерлі жәйттерді де бастан өткереді. Үмітсіздік құрдымға бастайды. Адам өмірінде бұлт үйрілген қауіпті кезеңдер болады. Содан аман өтсе, оның құтылғаны. Міне, адамдардың бірін-бірі түсінуі, бір-біріне көмектесуі осындай сәттерде өте-мөте қажет. Мұндай кезде оның мына жарық дүниеде жалғыз еместігін сезіндіретін орнымен айтылған бір сөз немесе тіпті жай ғана көзқарастың өзі адамды ажал аузынан аман алып қалуы мүмкін. Өзін өзі өлтіру психологиясы адамның өз түнегіне өзі қамалуына тән психология.

Өзіне өзі қол жұмсау жәйттеріне себеп болатын нәрселер көп. Отбасы дұрыс қалыптаспаса да, махаббатта жолы болмаса да; байлығынан ажырап қалып, мұқтаждықққа түссе де; жазылмайтын ауруға ұшырап, оның азабынан ертерек құтылғысы келсе де; сатқындық жасаудан қорықса да өзін өлімге қиятындар болады. Өзіне өзі қол жұмсау жәйті мүлдем әлсіз боп қалу немесе күштің асып-тасу жағдайларына байланысты да орын алуы мүмкін. Ондай жандардың психологиясы түсініксіз келеді. Тырысқақ (холера) ауруын жұқтырып алу қаупінен қорқып та өзін өзі өлтірген адамдар болған. Бұл олардың өлімнен де қорқынышты ауру азабын тартудан алдын ала өздерін қорғағаны еді. Өзіне өзі қол жұмсау әдемі өлу, жас кезінде кету, өзіне жұрттың симпатиясын ояту секілді эстетикалық мотивтен де туындауы ықтимал.

Суицидке бел буған адам өз өміріне тек өзі ғана қожа секілді сезінеді, ол жарық дүниеге алып келген, асырап, өсірген жандарды да ойламайды, адамның тіршілігі де, ажалы да қандай құдіретке байланысты екендігімен де ісі болмайды.

Бірақ бұл жалған түсініктің, жеңіл ойдың жетегі. Менің өмірім тек менікі ғана емес. Оған абсолюттік құқығым болғанмен, мендік өмір менің туыс, бауыр, жақындарымның да, достарымның да, елімнің де, мен өмір сүретін қоғамның да, қала берді өзім бір кішкене бөлшегі болып табылатын күллі әлемнің де өмірі.

Сондықтан отбасылық тәрбиенің мектеп тәрбиесімен үйлесімді түрде ұштастырылуы өте-мөте маңызды нәрсе. Бұл орайда педагогика мен психология маманы ретінде мұғалім ата-аналардың отбасылық тәрбиеге байланысты қайшылықтарын шешуге көмектесіп отыруы қажет.

Профилактикалық шаралар

  • Балалардың мектепте қамқорлықты, қолайлылықты, жан жылуын сезінуі үшін психологиялық салауатты орта жасауға байланысты жалпымектептік бағдарлама әзірлеу.
  • Сыныптан тыс тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру.
  • Мектеп пен отбасының, сондай-ақ мектеп пен барша қауымның өзара тиімді әрекет етуін қамтамасыз ететін модель жасау.

Мұғалімдердің өзіне әділдікпен қарайтынын, мектепте өзіне жақын жандар бар екенін сезетін, өзін мектептің бір бөлшегімін деп есептейтін бала өзіне өзі қол жұмсау жайлы ойлай қоймайды.

Суицидтік жәйттерді көптің көзінше ашық түрде талқылауға жол беру дұрыс болмайды. Мұндай шаралар (ата-аналар жиналысы, сынып сағаттары) жасөспірімдердің кейбіреуі үшін еліктеу нысанасына айналуы ықтимал. Біреуге ұқсау, жаман әдетті жұқтыру, қарсылық реакциясы секілді түрлі механизмдер әсерінен оның да өзіне өзі қол жұмсау әрекетіне баруы мүмкін.

Суицидтің алдын алу үшін әр түрлі сыныптан тыс шаралар өткізіп, онда өмірдің мәнін, оның құнын терең түсінетіндей талқылаулар ұйымдастыру қажет.

Бірінші сынып оқушылары арасында «Біз өмірді жақтаймыз» деген тақырыппен сынып сағатын өткізген кезімізде бірқатар қиындықтарға тап болдық. Оның ең бастысы: оқушылардың жас ерекшелігі еді (әлі кішкентай баланың санасына өмірдің мәні мен құндылығын қалай жеткізуге болады?). Бұл орайда бізге Е. М. Лосеваның өзін өзі тану жөніндегі жұмыс тәжірибелеріне байланысты материалдары көмекке келді. Сынып сағатының кішкентайлар ұғымына жеңіл, неғұрлым түсінікті болуы үшін біз интерактивті тақтаны пайдаландық. Онда «Менің бір күнім» деген тақырып бойынша тұсау кесер өткізіліп, онда мынадай тараулар бойынша фотосурет-картиналар пайдаланылды:

  • Таңертеңгі ұйқыдан ояну
  • Жаңа жоспарлар
  • Әр түрлі оқиғалар
  • Қызықты кездесулер
  • Үлкен және кішкентай жаңалықтар
  • Сүйсіну сәттері
  • Көңіл-күй көріністері
  • Үлкен армандар
  • Мен өмірді таңдаймын
  • Бақыт жолы

Балалар әрбір слайд бойынша көргендері мен көңілге түйгендері жайлы өз ой-пікірлерін еркін түрде ортаға салып жатты. Өмір қандай тамаша! Өмір қандай қызық! Кішкентайлардың көтеріңкі көңіл-күйлері мен қуанышты әңгімелерінен осындай ойларды ұғуға болар еді. Өмір туралы әңгімеден кейін балалар оның бес құндылығын ерекшелеп таңдап алды (баз бір балалар оны тағы да бірнеше құндылыққа көбейткісі келді, бірақ міндет нақты қойылған еді). Баяу әуенді музыка фонында балалар өмір құндылықтарын «бәйтерек бұтақтарына» желімдеп жатты. Бұл қағазға бейнеленген көрініс еді. Ол алдынала әзірленіп балалардың әрқайсысына жеке-жеке берілген болатын. Балалар кейін өз бәйтеректерін түрлі түсті бояулармен бояп шықты.

Сіздердің назарларыңызға осындай бір сынып сағатының әзірлемесін ұсынбақпыз.

Тақырыбы: «Мен өмірді қалаймын».

Мақсаты: «өмір» ұғымын құндылық ретінде қалыптастыру.

Қажетті жабдықтар: рүшкелер, А4 форматты парақтар, «Менің бір күнім» атты тұсау кесер, бәйтерерк ағашы бейнеленген парақтар, құдылық-сөздер жазылған карточкалар, желім, түрлі түсті қарындаштар, қайшы, музыка.

Сынып сағатының барысы

Тақырыпқа кіріспе

Таңды әркім әр түрлі қарсы алады: біреу ширақ тұрып, тез жиналып жатады, ал біреулер жамылғының астында керіліп-созылып, біраз жата тұрғанды ұнатады, енді біреулер тіпті де тұрғысы келмейді. Бейне бір атқан таңнан қорқатын секілді. Енді бір балалар қарттарша: «Бүгінгі күн маған қандай сый тартар екен?» деп өзінше бал аша бастайды.

Әр күннің қалай өтуі біздің оны қалай қарсы алуымызға байланысты. Сендер осыған келісесіңдер ме?..

Біздің бұл күндеріміз қалай өтіп жатыр?.. Енді соны сырттан бақылап көрейік.

«Менің бір күнім» атты тұсау кесер (жаңа күн – таңертеңгі ұйқыдан ояну – жаңа жоспарлар – қызықты кездесулер – үлкен және кішкентай жаңалықтар – бұл өмір).

Мұның бәрін бір сөзге жинақтап ӨМІР деп атауға болады.

Біз бүгін осы ұғым туралы әңгімелейміз және оның құндылықтарын анықтаймыз.

(Өмір туралы ой-пікірлер жазылған парақтар).

  • Қалай ойлайсыңдар, адамдар өз өмірін өз қолымен жасай ма, әлде оның ағысымен ығып жүзе бере ме?
  • «Өмірде жолы болу» немесе «Жолы болмау» деген сөздерді қалай түсінесіңдер?

Адам өмірді ізгілік деп ұқса да, сынақ деп білсе де, оның мақсаты – бақытқа, аңсаған арманға қол жеткізу. Өмірдегі барлық табыс оның өз мүмкіндігіне, санасы мен қуат-күшіне байланысты. Демек, өмір – адамға берілген аса маңызды құндылық. Ең қызығы, әр адамның өз қайталанбас өмірі болады. Ол бір-біріне ұқсамайды. Біз қазір осыны дәлелдейміз.

Жаттығу-тренинг

Қатысушылардың бәріне бір-бір парақ қағаз беріледі. Мұғалім не істеуі керек екені жөнінде нұсқаулық айтып тұрады. Балалар оны үнсіз орындайды. Бұл кезде сұрақ қоюға болмайды.

  • Парақты ортасынан бүктеңдер
  • Оны тағы да ортасынан бүктеңдер
  • Оң жақ жоғарғы бұрышын жыртып алыңдар
  • Парақты жазып, бір-бірлеріңе көрсетіңдер

– Сендер бірдей парақ алдыңдар ма?.. Иә

– Бәріңе бірдей нұсқаулық берілді ме?.. Иә

– Ал нәтижесі неге әр түрлі болды?..

Бұл жаттығу біздің әрбіріміз әр түрлі екендігімізді, әрқайсымыздың көзқарастарымыз, мақсат, мүдделеріміз бір-бірінен өзгеше екендігін көрсететін нақты мысал болып табылады; бәріміз бірдей жұмыс атқарсақ та, оның нәтижелері әр қилы болып шығады.

Творчестволық жұмыс

(статистика жайлы бірер сөз).

  • ақтадағы мәтін. Адамның орташа өмірі – 76 жас. Бұл бар болғаны 3 952 апта. Оның 1 317 аптасын сендер ұйқымен өткізесіңдер. Сонда, ояу өмірге 2 635 апта ғана қалады. Өмір қысқа әрі қымбат. Оны босқа өткізбей, мәнді құндылықтармен толтырайық.

Мен қазір сендерге бір тапсырма беремін.

(Бәріне бәйтеректің суреті салынған бір-бір парақ және өмір құндылықтарына байланысты сөздер жазылған карточкалар мен желім үлестіріледі).

Өздерің үшін өмірдің ең маңызды деген құндылықтарына байланысты 5 сөзді таңдап алып, бәйтерекке желімдеңдер.

Байқасаңдар, құндылықтар жазылған карточкалар әр түрлі. Сендер қалай ойлайсыңдар, неге олай? Карточкаларды дұрыс желімдеп шықсаңдар, әр қайсың өз өмірлерің үшін ең қымбат құндылықтарды айқындайсыңдар.

Рефлексия

Әр түрлі көңіл-күй (кішкентай оқушылар бәйтеректі баяу әуенді музыка фонында түрлі түсті қарындаштармен бояп шығады).

Сабақ қорытындысы.

сүйіспеншілік

жақсы іс

отбасы

денсаулық

достар

табиғат

Отан

Мен

ақша

автомобиль

байлық

бейбітшілік

бостандық

ата-ана

көңіл көтеру

– Құндылықтарға толы өмір қызықты, жарқын, қуанышты, бақытты және алуан түсті болады. Біз бүгін олар жайлы көп әңгімеледік.

Біздің жұмысымыздың қорытындысы жасалған жұмыстарды стендке іліп, ата-аналар жиналысын өткізу болды. Онда әрбір ата-ана өз балалары үшін өмірдің қандай құндылықтары маңызды екендіктерін көрді. Әңгіме барысында әрқайсысы өздерінше пікір түйді... Мұнан соң барлық жұмысты балалар портфолиосына енгіздік.

Мұндай сынып сағаттарын немесе осы секілді шараларды өткізу біздерге, мұғалімдерге, әр баланы дұрыс танып, әрбірінің пікірін тыңдауға, не туралы ойлайтынын, нені армандайтынын, не нәрсеге күйініп, не нәрсеге сүйінетінін білуге мүмкіндік береді. Бұл оларға ұстаздың дер кезінде көмек көрсете білуі үшін де қажет.

Дереккөз: "Сынып жетекшісінің анықтамалығы"  журналы

logo
Мы еще не знакомы?

       

        Давайте познакомимся!
        Пользователи, которые зарегистрированы на сайте, имеют ряд преимуществ:

  • Читают закрытые материалы
  • Первыми узнают последние новости
  • Пользуются всеми возможностями сервисов  

 

У меня есть пароль
напомнить
Пароль отправлен на почту
Ввести
Введите эл. почту или логин
Неверный логин или пароль
Неверный пароль
Введите пароль
Я тут впервые
ИЛИ АВТОРИЗУЙТЕСЬ ЧЕРЕЗ СОЦИАЛЬНЫЕ СЕТИ
ЗАРЕГИСТРИРОВАТЬСЯ
Внимание!

Для скачивания файла необходима регистрация или авторизация

У меня есть пароль
напомнить
Пароль отправлен на почту
Ввести
Введите эл. почту или логин
Неверный логин или пароль
Неверный пароль
Введите пароль
Я тут впервые
ИЛИ АВТОРИЗУЙТЕСЬ ЧЕРЕЗ СОЦИАЛЬНЫЕ СЕТИ
Зарегистрироваться
Дорогой гость, заберите Ваш подарок
Бесплатный доступ к журналу "Справочник классного руководителя"
Получить бесплатный доступ