text
MCFR.KZ Образование

Ата-аналар және мұғалім: ынтымақтасып жұмыс жүргізуді үйренеміз

  • 14 марта 2018
  • 473
Ата-аналар және мұғалім: ынтымақтасып жұмыс жүргізуді үйренеміз
Ата-аналар және мұғалім: ынтымақтасып жұмыс жүргізуді үйренеміз

Тәрбие, оқу тиімділігін арттыру көбінесе отбасы мен мектептің күш-жігер біріктіруіне және оқушыларға қойылатын талаптардың екі жақтан да бірыңғай сипатта болуына байланысты. Сондықтан бүгінгі күні отбасы мен мектептің өзара әрекеттестігін тереңдететіп, ата мен анаың бала тәрбиесіне деген жауапкершілігін арттыру қажет.

Әрі бұл жұмысты мектеп орындауға тиіс. Осыған байланысты мұғалім қызметінің ата-аналармен жұмыс жүргізудегі мәні арта түсуде.

Мектептің отбасымен қарым-қатынасы ата-ана беделіне құрмет көрсету, отбасының рухани кемелдене түсуіне көмектесу, үй-ішінің балаларға оңды ықпал жасауына жәрдем беру негізінде құрылуы тиіс. Өзіне құрметпен қарауды үлкендер ғана емес, сонымен бірге қазіргі заманның балалары да талап етеді. Кейде баланың өз пікірінде қалу, оны қорғау әрекетін әдепсіздік, тәрбиесіздік ретінде қабылдаймыз. Түсінбеушілік, мейірімділік танытпау, өкпелету, әділетсіздік (бала ұғымындағы) бірте-бірте жасөспірім бойында «қиын бала» мінездерін орнықтыруы мүмкін. Мұғалімнің педагогикалық шеберлігімен ұштасқан құрмет және шынайы сүйіспеншілік – тұлғаны тәрбиелеу мен дамытудағы негізгі кілт, міне, осы!

Ата-аналар әрқашан баланың қалыптасу процесіне ықпал ету ауқымы аса зор маңызды тұлға болып келген және солай болып қала береді. Қазіргі заманғы отбасының интеллектуальдық әлеуеті зор. Мұғалімнің міндеті – осыны бала тәрбиесіне тарта білу және пайдалана білу.

Педагогтардың ата-аналармен өзара бірлесіп әрекет ету негіздерін В. А. Сухомлинский айқындап берген. Ол былай дейді: «Ата-аналарды ұлдарын «әкесінің қолымен» қорқытуға, моральдық ақыл айтуға, бұзықтықтың «бұдан әрі де қайталану» қаупін ескертуге мектеп жаққа мүмкіндігінше азырақ шақыру керек. Олардың өз балаларымен көбірек рухани қарым-қатынаста болғаны жөн. Бұл ата-анаға да, балаға да қуаныш әкеледі.

Баланың басындағы, көкейіндегі, дәптері мен күнделігіндегі барлық нәрсеге біз бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас тұрғысынан қарауымыз қажет. Баланың атасы мен анасына тек реніш әкелуі мүлдем жол беруге болмайтын жәйт – ол теріс тәрбие».

Төменгі класс оқушыларының негізгі тәрбиешілері бастауыш сынып мұғалімі мен ата-аналар болып табылады. Сондықтан бұл орайда педагог атқаратын тәрбие ісінің тиімділігі көбіне-көп оның ата-аналармен ортақ тіл табыса білуіне, солардың көмегі мен қолдауына сүйене отырып жұмыс жүргізуіне байланысты.

Педагогтар үшін оқушылар отбастарымен қарым-қатынас орнату формаларының бірі ата-аналар жиналысы болып табылады. Ата-аналар жиналысы – олардың өздері үшін қоғамдық пікір қалыптастыратын тәрбие мектебі.

Отбасының иелерін ата-аналар жиналыстарына белсене қатынасуға ынталандыру үшін әңгімелесу, жаднама, балалар, психологтар, педагогтар кеңесі арқылы тарту тәсілдерін қолданамыз. Мұндай жаднамаларды ата-аналар жиналысының әр түрлі кезеңінде пайдалануға болады. Жаднаманы әрбір ата-ана үшін жеке-жеке арнап та әзірлеуге болады. Олар жиналыста ұсынылған материалды қызу талқылап, не нәрсеге келісетіндіктерін, не нәрсеге келіспейтіндіктерін білдіреді. Енді бір жәйттерді терістейді. Оған тіпті үнемі үндемей отыратын кісілер де қосылып кетеді.

Мына материалды, ең алдымен, бастауыш сынып мұғалімдеріне арнаймыз. Бұл және 5–11 сынып оқушыларымен жұмыс істейтін педагогтар үшін де пайдалы болмақ.

МАҢЫЗДЫ

Балалар ата-аналарға кеңес береді

  • Мені еркелетпеңіздер. Еркелік мені бұзады.
  • Маған қаталдау болғандарыңызды қалаймын.
  • Егер сіздер өздеріңіз орындай алмайтын уәде беретін болсаңыздар, бұл менің сіздерге деген сеніміме ақау түсіреді.
  • Кейде мен сіздерді ашуландыру үшін ғана бірдеңелерді айтып, әлденелерді жасаймын – оған шынымен сеніп қалмаңыздар.
  • Егер менің аузымнан сіздердің аттарыңызға дөрекі сөздер шығып кетсе, тым қатты ашуланбаңыздар. Мен сіздерге ешқандай жамандық ойламаймын... Тек менің көңіліме тигендеріңіз үшін өкінсе екен деймін.
  • Өзім жасай алатын нәрсені мен үшін қолға алып әуре болмаңыздар.
  • Менің әділдігім мен адалдығымды тым жиі сынай бермеңіздер.
  • Өздеріңіздің жақын достарыңызға қалай қарасаңыздар, маған да солай қараңыздар.
  • Мына жәйт естеріңізде болсын, мен әрқашан сіздердің өсиеттеп, үгіттеп, насихаттап айтқан сөздеріңізге емес, тікелей өздеріңізге еліктеймін.
  • Мен тым ашық сұрақтар қойсам, одан жалтармаңыздар. Ал мәнсіз, мағынасыз сұрақтарыма ешқашан жауап бермеңіздер. Еш уақытта бәрін білемін және кіршіксізбін деп айтпаңыздар. Әйтпесе мен сіздерге теңесуге болатындығынан күдерімді мүлдем үзіп алармын.
  • Біз балаларымызға тым аз ғана уақыт көңіл бөле аламыз, емін-еркін бірге жүріп, бірге қыдыра алмаймыз деп мазасызданбаңыздар. Әңгіме бірге болған уақыттың ұзақтығында емес, оның мазмұнында ғой.
  • Иә, мен сіздердің қолдауларыңсыз өсе алмаймын, бірақ мақтауға адам тез бой үйретеді... Ал орынды қамшылауларға ешқашан бой үйренбейді...
  • Бұлармен қатар, мен сіздерді жақсы көремін және сіздер де мені жақсы көрсе екен деймін.

Нағыз ата-ана кодексі

1. Егер ата-ана баласынан ыждаһатпен көп оқуды талап ететін болса, олардың өздері де уақыт жетіспейтіндігіне қарамастан ыждаһаттап көп оқиды.

2. Егер ата-ана баласынан өтірік айтпауды талап ететін болса, олардың өздері де ешкімге өтірік айтпайды.

3. Егер ата-ана баласынан еңбексүйгіштікті талап ететін болса, баланың еңбек ету қабілетін арттыруға алдымен олардың өздері үлгі көрсетеді және оған жағдай жасайды.

4. Егер ата-ана балам ешкімнің ешнәрсесін ұрламасын (ұсақ-түйек болса да) десе, олардың өздері бұған отбасында үлгі болады және соған сәйкес тәртіп орнатады.

  1. Егер ата-ана балам жас кезінен ішімдікке әуес болмасын десе, олардың өздері отбасында үлгі болып, ішімдік культінің қалыптасуына жол бермеу керек. Бұл культтің етек алғаны сонша, ата-аналар балаларының туған күнін де онсыз атап өтпейді.
  2. Егер ата-ана балам атасы мен әжесін сыйлап, құрметтесін десе, бұған алдымен өздері ата-аналарын сыйлап үлгі көрсетеді.

7. Егер ата-ана балам жалғыздықтан жапа шекпесін десе, балаларының достар табуына, оларды үйге алып келуіне мүмкіндік жасайды. Бұл ата-аналардың өздерінде нағыз достар болып, бала олармен үйде кездесіп жүрген кезде ғана мүмкін болады.

8. Егер ата-ана балам мектепке және оқуға ұшқары түсінікпен қарамасын десе, олардың өздері мектептегі күндерін ыстық ықыласпен еске алып отырады.

Ата мен ананың ізгі үлгісі ғана ізгі жеміс береді.

Ескертпесіз бір күн

«Балаға ақыл үйретпей, ұрсып ескертпе жасамай, жүйке жұқартпай, өзара ренжіспей тым болмаса бір күн уақытымызды өткізуге болар ма екен?» деп сұрайды ата-аналар. Осыған орай мынадай кеңестер береміз. Байқап көріңіздер.

1. Баланы жаймен оятыңыз; оянғанда ол сіздің күліп тұрған кейпіңізді көріп, мейірімді дауысыңызды еститін болсын. Таңертеңнен қыстамаңыз, болмашыға мазасын алмаңыз, қате-кемшіліктерін бетіне баса бермеңіз. «Кеше ескерткеніңізден» қорытынды шықпаса да кінәламаңыз.

2. Асықтырмаңыз: уақытты есептеп, шамалай білу – сіздің міндетіңіз. Егер сіз оны жасай алмасаңыз, бұл баланың кінәсі емес.

3. Баланы мектепке таңғы асын ішпей тұрып жөнелтпеңіз: оның мектепте тамақтануына дейін көп уақыт керек болады.

4. Мектепке шығарып салып тұрып «Байқа, бұзықтық жасап жүрме», «Өзіңді дұрыс ұста», «Бүгін нашар баға алып келмейтін бол» деген сияқты ескертпелер айтпаңыз. Оған табыс тілеңіз, жігерлендіріңіз, мейірімділік танытып қойыңыз. Оның алдында қиын күн тұр.

5. «Бүгін қандай баға алдың?» деп сұрауды қойыңыз. Тіпті мұндай фразаны ұмытыңыз. Баланы мектептен шыққанда жайбарақат қарсы алатын болыңыз. Әр нәрсені сұрағыштап миын ашытпаңыз. Сабақтан кейін еркін демалуына мүмкіндік беріңіз (өзіңіздің жұмыстан кейінгі ахуалыңызды еске алыңыз). Егер бала бір нәрсе айтқысы келіп тұрса, бетінен қақпаңыз, кейінге қалдырмай әңгімесін аяғына дейін тыңдаңыз, ол көп уақыт ала қоймайды.

6. Егер бала бір нәрсеге ренжіп, томсырайып қалса, не болғанын сұрағыштай бермеңіз, сабасына түскен соң өзі-ақ бәрін айтып береді.

7. Мұғалімнің ескертпелерін естіп, баланы тергеуге алуға асықпаңыз. Әңгіме баланың көзінше емес, онсыз жерде өткені дұрыс.

8. Мектептен келісімен баланы сабаққа отыруға асықтырмаңыз, қайта күш жинау үшін оған екі-үш сағат уақыт керек. Сабақ дайындауға ең қолайлы уақыт күндізгі сағат үш пен бестің арасы.

9. Барлық сабақты бір отырғанда бітіруге мәжбүрлемеңіз. 15–20 минут дайындалғаннан кейін 10–15 минут «үзіліс» керек.

10. Сабақ дайындау кезінде баланың дегбірін қашырмаңыз, оның өз күшімен атқаруына мүмкіндік беріңіз, егер көмек керек болып жатса, шыдамдылықпен үйретуге тырысыңыз.

Жайбарақат бірқалыптылықты сақтау, қолдау көрсету («қорықпа, бәрі де ретіне келеді», «кәні, бірге қарастырып көрейік», «мен саған көмектесіп жіберейін»), мақтау (онша дұрыс болмай тұрса да) қажет. Бағаға артықша көңіл аудару дұрыс емес.

11. Баламен қарым-қатынас жасағанда «Егер сен мынаны орындасаң...» деген секілді шарт қойысудан аулақ болу керек. Кейде шарттың орындалуы балаға байланыссыз мүмкін болмай қалады. Сол кезде өзіңіз өте ыңғайсыз жағдайда қаласыз.

12. Күнұзақ ішінде тек балаға ғана ықылас аударатын тым болмаса жарты сағат уақыт табыңыз (табуға тырысыңыз). Бұл кезде өзге үй-ішілік шаруаны, телевизорды, отбасының басқа мүшелерін екінші кезекке қоя тұрыңыз. Бір сәтке бала шаруасы, оның қуанышы мен реніші, оған деген қамқорлық алға шығатын болсын.

13. Отбасындағы барлық үлкендердің баламен қарым-қатынасына арналған бірыңғай тактика әзірлеңіз. Педагогикалық тактикаға қатысты пікір қайшылықтары бала жоқ кезде шешілсін. Егер бір нәрсе дұрыс болмай жатса, мұғаліммен, дәрігермен, психологпен кеңесіңіз, ата-аналарға арналған әдебиеттер де сенімді көмекші, олардан көптеген пайдалы нәрселер таба аласыз.

14. Баланың бас ауруы, шаршауы, көңіл-күйінің нашарлығы секілді денсаулық жағдайына байланысты айтқандарына мұқият көңіл бөліңіз. Бұл қажудың, болдырудың, оқу қиындығының көрінісі, объективті көрсеткіші болуы мүмкін.

15. Тіпті «үлкен болған» балалар да (7–8 жасар балаға «Сен енді үлкенсің» деп жиі айтамыз) жатар алдында ертегі естігенді, ән тыңдағанды, мейірлене маңдайынан сипағанды ұнатады. Мұның бәрі оны тыншытып, күні бойғы ширығуларды басады, алаңсыз ұйықтатады. Жатар алдында келеңсіз жәйттерді есіне салмауға, қарым-қатынас проблемаларын қозғамауға, ертеңгі бақылау жөнінде әңгіме қозғамауға тырысыңыз.

Оның ертеңгі күнді жаймашуақ көңіл-күймен қарсы алуына жағдай жасауымыз керек. Бұл уақытты жүйке жұқартпай, өзара ренжіспей өткізу үшін де қажет. (Марьяна Безруких)

Енді назарларыңызға талаптар жинақтамасын – «Ата-ана катехизисін» ұсынамыз. Мұны әрбір ата-ана басшылыққа алса болады.

Ата-ана катехизисі

     1. Оқу – еңбектің ең ауыр бір түрі, ал балалардың ақыл-ой қуаты мен мүмкіндіктері әр түрлі екені есте болғаны жөн.

     2. Оқушыдан шамасы жетпейтін нәрсені талап етуге болмайды. Оқып-үйрену әрекетіндегі нақты бір кезеңде оның не нәрсеге қабілеті жететінін анықтап алудың маңызы зор. Бұл шәкірттің таным-білімін одан әрі қарай қалай жетілдіру керек екенін айқындауға жол ашады.

  1. Оқыту тәсілі ақыл-ой қызметін, іс-әрекетті, танымдық белсенділікті талап етпей, оның орнына ойланбастан атқарылатын жұмыстарды, жаттап алуды талап ететін болса, ол оқушының тұлғалық дамуына ешқандай да ықпал ете алмайды.
  2. Тәрбиенің ақыл-ой да, уақыт та талап етпейтін ең қарадүрсін әдісі – баланы ұрып-соғу, сол арқылы оның сағын сындыру немесе өштестіру. Бұл әдісте балаға қамқорлық жасалмайды, мәселе айқаймен, күшпен, мәжбүрлеумен және командалық-бұйрық жолымен шешіледі. Бұл балалардың балалардың қарсылығын тудырады, жанын жаралайды, ынта-ықыласын өшіреді, қорғану үшін өтірік айтуға мәбүрлейді.
  3. Оқуда да, өзге істерде де баланың ынтасын, интеллектуальдық ықыласын, инициативасын және өздігінше әрекет ете білу қабілетін дамыта түсіңіз.
  4. Ғылыми негізделген нормалар бойынша үй тапсырмаларын орындауға байланысты 1-ші сынып оқушылары 1 сағаттан, 2-ші сынып оқушылары 1,5 сағаттан, 3-4-ші сыныптықтар 2 сағаттан, 5-6-сынып шәкірттері 2,5 сағаттан, 7-ші сынып өкілдері 3 сағаттан, 8-11-ші сыныптықтар 4 сағаттан артық жұмыс істеулеріне болмайды.
  5. Демалыс және мереке күндеріне үй тапсырмалары берілмейді.
  6. Оқушыны алдымен «черновикке» жазып, кейін көшірмелеуге мәжбүр етпеңіз – бұл баланы шаршатып, оқуға ынтасын төмендетеді.
  7. Балаңыздың үй тапсырмасы үшін сіз ойлағандай баға ала алмағанына қынжылмаңыз. Біріншіден, баға тәрбиелік рөл атқарады, екіншіден, бұл соңғы жұмыс, соңғы баға емес.
  8. Балаға оқудағы өз табысының қуанышын сезінуге, ой қызметінде өз соқпағын салуына мүмкіндік беріңіз.
  9. Балаңыз орындаған үй тапсырмаларын тексеріп отырыңыз. Бұл әсіресе оқудың алғашқы кезеңінде қажет нәрсе. Бірақ сіздің бағаңыз «ризамын», «риза емеспін» деген сөздермен ғана шектелуі керек. Бұған «өте», «аса» деген күшейткіш сөздерді қосуыңызға болады. Осылай етсеңіз, балаңыздың ертесіне сіз риза болу үшін барын салатынына сене беріңіз.
  10. Бала денсаулығы – нәзік хрусталь шар секілді. Оны ұстап тұрған үш атлант: тұқым қуалаушылық, өмір салты және орта. Дұрыс тіршілік режимін сақтауын, дұрыс тамақтануын және дұрыс оқып, дұрыс демалуын қадағалаңыз. Оны ұйымдастырыңыз.
  11. Балалардың әр түрлі ойындары, сабақтан тыс шұғылданатын істерін ұйымдастыра отырып, физикалық дамуға, әсіресе ұсақ қозғалыс бұлшық еттерінің, саусақтар мен қол буындары қызметінің жетілуіне назар аударыңыз. Бала жазуының көркемдігі, салған суреттерінің, жасаған сызбаларының сапасы, музыкалық аспаптарда ойнау деңгейі және т. б. соған байланысты болады.
  12. Балалардың оқуында болсын, тәрбиесінде болсын, аз ғана жетістігі болса, соны міндетті түрде ескеріп, көтермелеп отырыңыз. Ол үшін жақсы сөздер айтып, маңдайынан сипап, бетінен сүйіп, әр түрлі моральдық және материалдық шаралар қолданыңыз.
  13. Әке мен шеше – ең жақсы тәрбиешілер. Олар өз балаларының мінез-құлқына ықпал жасап отырулары тиіс. Бұл ықпал ата-аналар үйде жоқ кезде де сезіліп тұруы керек.

Бала – өз әке-шешесінің айнасы екенін естен шығармаңыз. Бір тамшы суда күннің бейнесі қалай көрінсе, ата-ананың отбасындағы тіршілігі, еңбекке қабілеті, рухани байлығы мен адамгершілік тазалығы балаларынан көрініп тұрады.

Болашақ тек қана балалардікі! Өз балаларыңыздың Балалық шағы мен Болашағы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаңыздар.

Сіздерге және балаларыңызға сүйіспеншілік пен өзара түсіністік тілеймін!  (Украинаның Еңбек сіңірген мұғалімі П. Щербань)

Бала махаббат...

Бала махаббат бар – мұны ешкім де теріске шығар алмас! Бірақ біз, үлкендер, оған көбінесе сенгіміз келмейді, содан да ұлымыздың немесе қызымыздың романтикалық әуестігін дұрыс түсіне білуге дайын емеспіз. Балаларымыз біреуді ұнату арқылы ұл мен қыз арасындағы өзара қарым-қатынасқа байланысты алғашқы тәжірибелерін жинақтай бастайды. Балапан жас өзгені сүюдің және өзгеге сүйікті болудың әліппесін ашады. Оның сезімі шынайы сезім. Бұл бір қарағанда ерсі де көрінуі мүмкін. Бірақ ол мөлдір, таза әлем.

Психологтардың зерделеуі бойынша қыз балалар ұлдарға ертерек назар аударады, ал ұл балалар алғаш рет 7–10 жасында ұнатуы мүмкін.

«Махаббат жас талғамайды» дегенмен келіссек те, кішкентайлардың сезіміне мән бере бермейміз. Алғашқы мөлдір сезім баланың жанына қандай әсер қалдыратыны оның ата-анасына да байланысты.

Жас жағынан алшақ сүйікті жан

Бес жасар қыз әкесінің досы қашан үйге келер екен деп асыға күтеді. Келсе, қуана жүгіріп барып оған есік ашады. Бүкіл кеш бойы одан көзін алмай қарап отырады, қызарады, ол кеткен соң әкесінен:

–Володя ағайдың жасы қаншада? – деп сұрайды.

– Отызда.

– Өскен соң соған үйленем! – дейді.

Кішкентай ғашықтардың таңдауы кейде түсініксіз, олар үшін жас шамасы – тіпті де мәнді нәрсе емес. Бұл туралы ойланбайды да. Бала жанын романтика баурап алады. Ол сезім өте таза, бірақ тез жараланады.

Сондықтан жас жағынан алшақ жанды ұнатқан кішкентайдың үлкендер тарапынан келекеге ұшырауы бала жанына өшпес жара салуы ықтимал. Бұл тіпті оның келешегіне де ықпал ететіндей деңгейде болуы мүмкін.

Күлкі болам ба деп қорқу, толық жетілмегендік сезімі кішкентай жүректегі сүю, сүйіспеншілік атты мақсат-тілектердің өзін өшіріп тастауы ықтимал. Дұрысы оны сүйікті болған үлкен жігітін күтіп алу үшін пирог пісіруді үйренуге үгіттеу. Оны үйренем дегенше қанша заман. Оған дейін, тіпті бір ай, екі ай өтпей-ақ бала махаббаттың ізі де қалмайтыны анық.

Баланы үлкендер қатарында көріп сөйлес

Баламен әңгімелескенде өзіңді үлкендермен сөйлесіп тұрғандай сезінуіңіз керек. Біз көбінесе бала деп ә дегеннен ақыл айта бастаймыз. Егер он жасар қыз сізге көршінің ұлын ұнататынын, бүгін оны ойнап жүріп кездейсоқ құшақтап алғанын айтып, ағынан жарылса, сіз оған «ұлдармен қалай қарым-қатынас жасау керек» деген тақырыпта леция оқуға асықпаңыз. Олай етсеңіз қызды өз сезімін жасырып, іште қымтап ұстауға үйретесіз. Бала бәрін тікелей ұғатын болғандықтан ұлдар мен қыздар бір-біріне қарама-қарсы тұлғалар екен, тіпті бір-біріне жау екен деп түсінуі де мүмкін.

Ересектердің араласуы артық

Біздің ата-аналық позициямыз балаларды бақылау және жол сілтеп отыру, бірақ ешқашан өз көзқарасымызды мәжбүрлеп таңбау, күні бұрын қорытынды шығаруға асықпау. Өйткені көбіне балалардың өздері де жүрер жолын жақсы ажырата алады.

Мен бірде мынадай көріністің куәсі болдым:

– Айя! Сен маған ұнайсын! – дейді он жасар Мақсат. – Бірақ, білесің бе, ағылшын тілін, суға жүзуді үйреніп жүр едім, сабақ бар... Жасырмай айтшы: менің өзіңе де уақыт жұмсауыма бола ма?

  • Жұмса, – дейді қыз. Сөйтіп, сықылықтай күліп сыртқа шығып кетеді.

Бала махаббат – адам қарым-қатынасындағы зерттелмеген тақырып. Оған белгілі бір баға берілмеген. Тарихта бала махаббаттың жас жүректер тағдырына айналған таңғажайып үлгілері көп.

Кезінде кішкентай Александр Блок бір әдемі қызбен достасқан. Екеуінің күтушілері оларды Петербургтың жазғы бақшасына алып келеді екен. Сол жер бұларға бірге ойнайтын, кездесетін орынға айналады. Қыздың аты-жөні Любовь Менделеева еді. Ол өскенде Блок ақ атпен келеді. Любовь Дмитриевна оған тұрмысқа шығады. Екеуі тамаша жұп құрады. Міне, бала махаббаттың жас жүректер тағдырына айналған бір мысалы.

Әрине, ұлыңыздың жанындағы құрбысы таңдаулы сұлуға, қызыңыздың қасындағысы ақ ат мінген батырға ұқсамайтын жағдайлар да болады. Мұндайда көбіне ата-ананың бар білері – тыйым салу, жібермеу. Бірақ ұнатуға, сүюге тыйым салып бола ма? Олай ету балаға өз сезімін құпия ұстауды, бұрыш-бұрышқа тығылып, жасырынып жүруді, ата-анаға сенбеуді, олармен ақылдаспауды уағыздаумен тең деуге болады. Махаббатты қолдан өшіру психикалық соққыға, жүйкенің сыр беруіне және депрессияға ұшыратары мәлім.

Біз ұл-қызымыздың жолы махаббатта да еш кедір-бұдырсыз болса екен дейміз.

Бірақ, әдетте, махаббат жолы тақтайдай бола қоймайды: көптеген жасөспірімдердің сүйіспеншілігі өз арманына жете алмайды. Махаббаттың алдында қандай уағыз болса да әлсіз. Сүйгендер бәрібір өз жүрек қалауларымен жүреді. Өздері таңдаған жолдан, ондағы кедір-бұдырдан өтпей қоймайды. Бірақ оның соңы қайда алып барарын алдынала ешкім білмейді.

Мәселе, осындай күрделі кезеңде ұл мен қыз үшін біздің қандай рөл атқаратындығымызда: құпия сырларын ақтаратын досы боламыз ба, жоқ, қайта оларын жасыратын, сол үшін үйден де қашатын жауы боламыз ба. Ата-анадан қажет кезінде қолдау мен түсіністік таппаған балалар көбіне сыры беймәлім компаниялардың арасына тап болып жатады.

Баланы әр түрлі қиын жағдайлардан қорғау үшін, қалай болғанда да, ең алдымен оның сүюге, сүйікті болуға деген құқығын мойындауымыз керек. Ол әлі бесте ғана ма, онда ма немесе он бесте ме, бәрібір. Сезімінің тазалығына сенуіміз қажет. Оған үлкендердің шекпенін кигізуге асықпауымыз керек. Шынайы сезімдерді бастан өткерген бала кейін өзі-ақ бәрін түсінеді. Тұрақтыны өткіншіден айыратын болады. Біз балаларымызға басқаша көзқараспен қарауды үйренуіміз керек. Оларды өмір жолына салып жіберуіміз қажет. Алдынан жарылқасын! Мына бір көне сөздерде, байқасаңыз, жаңа мағына бар: «МАХАББАТ ҰЗАҚ ШЫДАЙДЫ ЖӘНЕ ҰЗАҚ УАҚЫТ БӘРІН КЕШІРЕДІ... МАХХАББАТ БӘРІН ЖАСЫРАДЫ, БӘРІНЕ СЕНЕДІ, ӘРДАЙЫМ ҮМІТТЕНЕДІ. БАР ҚИЫНДЫҚТЫ КӨТЕРЕДІ»

Психолог кеңесі

  • Балаңыздың сезіміне ден қойып, назар аударыңыз. Оған жеңіл-желпі қарамаңыз және оның проблемаларына немқұрайдылық танытпаңыз.

Бала көңіл түкпіріне сақтап жүрген ең асыл армандары мен құпияларын сізден жасырмай айтатындай атмосфера қалыптастырыңыз.

Егер балаңыздың махаббаты жауапсыз қалған болса, оның уайымын жеңілдетуге тырысыңыз. Бұл тәжірибені бір нәрседен көңілі қалған кездерде одан арылтудың жолын үйрету мүмкіндігі ретінде де пайдаланыңыз.

  • Сатқындық, таза сезімге тым жеңіл-желпі қарау – бала жүрегін қатты жаралайды. Ата-ана ұл-қызының мұндай жағдайдағы көңіл-күйін дер кезінде аңғарып, ондай мінез-құлықтың себебін түсіндіруі, баланы тыныштандыруы, дем беруі керек.
  • Егер балаңыз «мәңгілік махаббат» объектісін күн сайын өзгерте беретін болса, кезекті бір өзгерісінде сөзге тартып, «Шынайы сезім қандай болады?» деген тақырыпта әңгімелеп беріңіз.
  • Ұлыңыздың немесе қызыңыздың сүйіспеншілігі досын өзіне бағынышты етуге дейін шығандап «өсіп» кетуі мүмкін. Ондайда нағыз сүйікті адамның да өз тілек-талабы, мұрат-мүддесі, көңіл-күйі болатынын, оған толық құқықты екенін жайлап отырып түсіндіріңіз.
  • Егер ұлыңыз не қызыңыз барлық жағдайда өз сүйіктісінің мінез-құлқын жақсы-жаманына дейін қайталайтын болса, орайы келгенде ескерту жасаңыз. Сол арқылы сіз оның тұлға ретінде өз қалпында қалуына көмектесесіз.
  • Сіздің балаңыз қыздармен немесе қызыңыз ұлдармен өзара қарым-қатынасын қалыптастыра бастады. Міне, оның болашақ жеке өмірі көп жағдайда дәл осы кезеңдегі дамуына байланысты. Өйткені сүйе білу өнері адамдар арасындағы қарым-қатынастың ең күрделі буыны.

Күндік режим

Денсаулықтың басты факторы

«Күндік режим» ұғымына не кіретінін, төменгі сынып оқушылары үшін оның қандай компоненттері міндетті екенін және режимнің қандай варианттары оңтайлы болатынын талдап көрейік.

Ұтымды ұйымдастырылған күндік режим қандай болады?

Біріншіден, бұл мектептегі оқу, дәл регламенттелген уақыт және үй тапсырмаларын даярлауға, сондай-ақ баланың творчестволық қызметіне бөлінген мерзім (жұмыс қабілетін арттыру кезеңінде).

Екіншіден, бұл міндетті түрде таза ауада демалу.

Үшіншіден, бұл жеткілікті дәрежеде ұйқыға бөлінген уақыт, қатаң түрде белгілі бір уақытта жатып, белгілі бір уақытта тұру.

Төртіншіден, бұл тұрақты түрде және толық тамақтану.

Осымен қатар баланың жас мөлшеріне сәйкес қимыл-қозғалыс белсенділігі де міндетті болып табылады.

Таңертеңгі дене шынықтыру

Ата-аналар назарын таңертеңгі дене шынықтырудың маңызына және сауықтыру бағытындағы мәніне аударғымыз келеді. Ол дененің ұйқы кезеңіндегі қалпынан тезірек арылуға көмектеседі. Ұйқы қалдықтарын бойдан жылдам шығарып, жаңа жұмыс күнін сергек көңіл-күймен бастауға ықпал етеді. Таңертеңгі гимнастикамен шұғылдану үшін мұғалім немесе дәрігер ұсынған жаттығулар кешенін пайдаланған жөн. Физиологиялық зерттеулер күн сайын таңертеңгілік гимнастикамен шғылданатын балалардың жұмыс қабілеті онымен шұғылданғысы келмейтін балаларға қарағанда әлдеқайда жоғары, сергек әрі тәртіпті болатынын көрсетеді.

Тамақтану режимі

Бала мектепке барар алдында оған екі түрлі ыстық тағам ішу қажет.

Мектептегі сабақтар жұмыс қабілетінің неғұрлым жоғары болатын кезеңіне тура келеді. Сонан соң ол біртіндеп төмен түседі. Сондықтан да мектептен келген бала міндетті түрде түстік тамақ ішуі керек.

Бала организмінің қалыпты дамуы үшін және жұмыс қабілетін жоғары деңгейде сақтау үшін құрамында белок, май, көмір сулары, минералды тұздары мен витаминдері бар тағамдар қажет. Бұл аталған заттар сүт өнімдерінде, етте, балықта, жұмыртқада, көкөністерде, жеміс-жидектерде болады. Бұл өнімдер баланың тағам мәзірінде әрқашан болуға тиісті. Тамақтану мезгілдерінің арасы 3–4 сағаттан аспауы шарт. Бұл мезгіл аралары созылып кететін болса, баланың денсаулығына кері әсер етеді. Жұмыс қабілеті төмендеп, әлсізденеді, басы аурады. Тамақты әлсін-әлсін, уақытынан ерте ішуге де болмайды. Ол тәбетті төмендетеді. Тамақтану режимінің бұлайша бұзылуы ас қорыту рефлексінің өзгеріске ұшырап, асқазан қызметінің нашарлауына әкеліп соқтырады.

Таза ауада демалу

Оқушының күндік режимінде таза ауада демалуға ерекше орын беріледі. Бұл бала денсаулығын нығайтып, организмнің түрлі ауруларға қарсы тұру күшін арттырады, жүрек-қан тамыр және тыныс алу жүйелерінің қызметін, зат алмасуын жақсартады. Гигиеналық норматив бойынша төменгі сынып оқушылары таза ауда күніне 3–3,5 сағат серуендеуі керек. Бірақ мұнша уақытты таза ауада өткізетіндер қатары төменгі сыныптағылардың 21 %-ын ғана құрайды екен. Балаларын мектепте нашар баға алғаны үшін таза ауаға шығып серуендеуге жібермейтін ата-аналар да болады. Мұндай «тәрбиелік» шара бала денсаулығына зиян келтіреді әрі оның демалып, сабақ әзірлеуге тың күшпен кірісуіне, яғни жақсы оқуына да мүмкіндік бермейді.

Үй тапсырмаларын орындау

Күндік режимнің аса маңызды сәті үй тапсырмаларын орындау болып табылады. Ресми түрде үй тапсырмаларының болмауы үй жағдайында шұғылдануға еш нәрсе берілмеді деген сөз емес. Үй тапсырмаларын орындау, әдетте, екі түрлі себеппен жүзеге асырылады: біріншіден, бала жақсы үлгірсін деп ата-аналардың өз тарапынан туындаған жеке инициативасы бойынша, екіншіден, шәкірті оқып, жазып, есептеп жаттығуы үшін мұғалім тарапынан жасалатын бейресми ұсынысқа байланысты. Үй тапсырмаларының болуы, сөз жоқ, балалардың сабаққа бөлінген уақыт ішінде оқу материалын түгел өтіп үлгіре алмайтындығын білдіреді. Үй тапсырмаларын орындау көбіне бір сағатқа, кейде екі сағатқа созылады. Бұл, бәрінен бұрын, баланың өздігінен жұмыс істеу дағдысы қалыптаспағанын аңғартады. Ал ата-аналар болса тапсырманы «черновиктен» таза дәптерге қайталап көшіруге және бәрін бір отырғанда тәмамдап тастауға мәжбүрлейді. Төменгі сынып оқушысы үшін ойды бір нәрсеге шоғырландырып жұмыс істеу уақыты 30 минуттың шамасында ғана болуы керек екенін ескермейді. Жұмыс қабілетін сақтау үшін бала әрбір 30–45 минут сайын 10–15 минут үзіліс жасауы, музыка фонында физкультминут жаттығуларын атқаруы қажет. Ол шаршағанды басып, сергектікті қайта қалпына келтіріп отырады.

Сабақ дайындауды қиындығы аздау пәндерден бастап, сонан кейін неғұрлым күрделісін қолға алу керек, ал соңында жеңіл орындалатынымен аяқтаған жөн.

Бос уақыт

Баланың күндік режимінде оның әуестенетін нәрселерімен шұғылдануына, оқуына, телехабарлар көруіне және т. б. уақыт қалдырылуы қажет. Айтпақшы, телевизор туралы. Гигиенистердің зерттеулері бойынша балалар телевизор алдында күн сайын орта есеппен 1,5 сағатқа дейін отырады екен. Ал үштен бірі телехабарлар көруге тәулігіне 3 сағатқа дейін уақыт жұмсайтын көрінеді.

Телевизор көрумен шектен тыс әуестену денсаулыққа залалды әсер етеді. Бірінші кезекте ол көзге зиянды. Бұған қоса, жатар алдында эмоциональды телехабарлар көрген баланың ұйқысы дұрыс болмайды. Көпке дейін ұйықтай алмайды. Нашар демалады. Төменгі сынып оқушыларының телевизор алдында 40–45 минуттан артық отыруы жөн емес. Тез әсерленетін, әлсіз балаларға бұдан да аз уақыт белгіленеді.

Телевизор көргенде экраннан 2–5,5 м аралық қашықтықта отыру қажет.

Ұйқы

Бала үшін түнгі ұйқы ұзақтығының жеткілікті дәрежеде болуы аса маңызды. Неғұрлым жасы кіші болған сайын баланың ұйықтайтын уақыты солғұрлым ұзақ болуы тиіс. Бірінші сынып оқушылары күндізгі 1,5 сағаттық ұйқыны қосқанда тәулігіне 11,5–12 сағат ұйықтауы қажет.

Баланың түнгі демалысы дұрыс болуы үшін, ол жатар алдында мынадай элементарлық ережелерді сақтауы тиіс:

– шулы және құмар ойындарды ойнамау;

– спортпен шұғылданбау;

– «қорқынышты» фильмдерді көрмеу және т. б.

Баланың әрдайым ұйқыға ешкім мәжбүрлемей, сыртқы әсер-себептерсіз, белгіленген бір уақытта жатқаны жөн.Мұның тұрақты сипатта болуы мағызды. Үнемі бір мезгілде жатқан бала тез ұйықтайды және жақсы демалып тұрады.

Ата-ана және бала

Ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністікке байланысты мәңгілік проблемаларды шешуге көмектесу үшін біз бұл екі ұрпаққа арнап тәлімдер жиынтығын ұсынамыз. Олар әрбір мектеп қабырғасында, үй төрінде тұрса да артық болмас еді.

Ата-аналарға кеңес

  • Кез келген бала – мейлі, ол үздік оқи ма, нашар оқи ма, шалт қимылды ма, не болмаса сылбыр ма, атлет пе, бос белбеу ме, бәрібір – сүюге, құрметтеуге лайық.
  • Есіңізде болсын, бала болмысы бірыңғай кемшіліктерден тұрмайды. Көре білсе оның бойында қастерлі құндылықтар жетеді, тек соларды дер кезінде танып, дамыта білу қажет.
  • Мақтауға сараң болмаңыз. Орындаушыны мақтап, орындалған істі ғана сынау қажет. Мақтағанда адресін нақты айтып, сынағанда адрессіз сынау керек.
  • Талаптарды күшейтудің қандай түрін болсын, мақтаудан бастау қажет. Мейлі, несиеге болса да.
  • Баланың алдына қолынан келетін ғана міндеттерді қойыңыз.
  • Бұйрық бергеннің орнына кеңес немесе көмек сұраңыз. Терезесі тең кісілердей сөйлесіңіз.
  • Рұқсат етудің тыйым салудан гөрі тәлімі молырақ болады.
  • Бір қателікке бола екі рет жазалауға болмайды. Бала өзін не үшін және неге жазаланғанын түсінуі тиіс.
  • Көп жағдайда ескертпе жасау, тыйып тастау, талап ету артық. Бұған көз жеткізіңіз.

Балаларға кеңес

  • Ата-аналарыңа сеніңдер – олар сендердің ең жақын адамдарың, тек солар ғана сендерге көмек жасап, жақсы кеңес бере алады.
  • Өздеріңнің сәтсіздіктерің, проблемаларың, күйініш-сүйініштерің болса, оларға жасырмай айтып тұрыңдар.
  • Қуаныштарыңды айтып, оларды да бірге сергітіңдер.
  • Ата-аналарыңа қамқорлық жасаңдар: олардың қиындықтары көп.
  • Оларды қапа қылмаңдар, орынсыз өкпелетпеңдер. Олар да адам, кейде қателесуі мүмкін. Түсінуге тырысыңдар, көмектесіңдер. («Караван» газеті, № 29, 19 шілде 2002 ж.)

Ата-аналарға арналған тоғыз өсиет

Бала – көңілді мейрам. Ол әрқашан сенімен бірге.

1. Балаңыз өзіңіздей болғанын немесе өзіңіз қалағандай болғанын күтіп жүре бермеңіз. Оның дәл сіз секілді емес, өзіндік болмысы, өзіндік ерекшелігі бар өзінше адам болуына көмектесіңіз.

2. Баладан өзіңіздің оған сіңірген еңбегіңіздің өтеуін талап етпеңіз. Сіз оны аяғынан тұрғызсаңыз, ол сіздің немереңізді аяғынан тұрғызады. Тіршілік осылай жалғасады. Бұл өмір заңы.

3. Қартайғанда қапа қылдырмас үшін баланы әрдайым түзу жолға салып отырыңыз. Не ексеңіз, соны орасыз.

4. Оның проблемасына жоғарыдан қарамаңыз. Өмірде әркім өз әліне қарай жүк арқалайды. Оның жүгі сіздікінен кем болмауы, тіпті артық болуы ықтимал. Өйткені онда тәжірибе жоқ.

5. Намысына тимеңіз!

6. Адам өміріндегі ең маңызды кездесу – балалармен кездесу. Оларға көбірек көңіл бөліңіз – біз болашақтың қандай тұлғасымен кездесіп тұрғанымызды ешқашан біле алмаймыз.

7. Бала – Өмірдің сізге ұсынған ғажайып сыйы. Сақтасын, оның жақсы қырларын дамытсын деп берген тіршілік иесі. Табиғат әлемінің аманаты. Сол аманатқа сай міндеттерін ыждаһатпен орындау – ата-ана парызы.

8. Өзге балаларды да сүйе біліңіз. Өз балаңызға жасамайтын нәрсені өзге балаға да жасамаңыз. Өз балаңызға тілемейтін нәрсені өзге балаға да тілемеңіз.

9. Бала ата-ана үшін – мейрам. Балаңызды жақсы көріңіз. Мейлі, ол дарынсыз болсын, мінезі қырсық болсын, есейіп кетсін. Сүйе біліңіз.

Аналар мен әкелер

Ата-ана болу – төзім мектебінен өту деген сөз. Біз мынадай қарапайым ақиқаттарды есте ұстауымыз қажет:

  • Балалар біз үшін әлеуетті спортшы, музыкант немесе интеллектуал емес, жай ғана бала болуы керек.
  • Егер біз оларды жақсы жүргеніне немесе жаман жүргеніне байланыссыз жақсы көре білсек, балалар бізді қынжылтатын әдеттерінен тезірек арылатын болады.
  • Егер біз балаларымызды оларға көңіліміз толғанда ғана жақсы көретін болсақ, бұл олардың өзіне деген сенімсіздігін тудырады, тұлға ретіндегі дамуын тежейді. Яғни біздің бұл әрекетіміз даму тежегішіне – тормозға айналады.
  • Егер біздің жақсы көруіміз алғаусыз, шартсыз болса, балалар тұлғалық ішкі қайшылықтардан арылады, өзіне өзі сын көзімен қарауды үйренеді.
  • Егер біз бала табыстарына қуана алмасақ, балаларымыз өз қабілеттерін кем санайтын болады, тырысып әуре болмай-ақ қояйын, бәрібір талапшыл ата-анаға әрқашан бала мүмкіндігінен артық нәрселер қажет деген ойға келеді.

Педагог та, ата-аналар да әр баланың қандай да бір оңды қырлары барына және оларды дамытуға болатынына оптимистік сеніммен қарауы керек. Отбасы мен мектептің ең басты міндеті баланың өзіне сенімін арттырып, өзіндік жеке ерекшеліктерін ашуға көмектесу. Бұл міндетті жүзеге асыру мұғалімдер мен ата-аналардың толық сенімі мен шынайылығы арқасында ғана мүмкін болмақ. Мұндай өзара қарым-қатынас дұрыс тәрбиенің негізін қалайды, өздеріне сенімді, болашақ қоғамға лайық қасиеттерге ие азаматтарды қалыптастырады.

Жоғарыда айтылғандардың бәрі ата-аналарға нашар оқитын оқушының «нашар адам» емес екенін, оны көмек беру арқылы алдыңғы қатарға шығаруға болатынын, тәрбие мен оқып-үйрену ісінде мұғалімнің прокурор емес, өздеріне ниеттес жан екенін ұғынуына ықпал етеді деп білеміз. Ұсынылып отырған жұмыс тәжірибелері, біздің пікірімізше, ата-аналар мен мұғалімдердің коммуникативтік-тәрбиелік біліктілігін қалыптастыруға көмектеседі.

Дереккөз: "Сынып жетекшісінің анықтамалығы"

Подписка на статьи

Чтобы не пропустить ни одной важной или интересной статьи, подпишитесь на рассылку. Это бесплатно.

Участвуй в наших семинарах

Школа

Проверь свои знания и приобрети новые

Записаться
Мы в соцсетях
Простите, что мы прерываем ваше чтение

Мы вынуждены сделать доступ по регистрации, чтобы обеспечить качество публикаций и защитить авторские права редакции.
После регистрации у вас будет доступ ко всем материалам и сервисам на портале.

У меня есть пароль
напомнить
Пароль отправлен на почту
Ввести
Я тут впервые
Это займет не больше 1 минуты
Введите эл. почту или логин
Неверный логин или пароль
Неверный пароль
Введите пароль