text
MCFR.KZ Образование

Талдау жасай білу, яғни сыни ойлау технологиясының функциялары мен тәсілдері

  • 1 ноября 2018
  • 466
Талдау жасай білу, яғни сыни ойлау технологиясының функциялары мен тәсілдері

RWCT – READING and WRITING for CRITICAL THINKING – Оқу мен жазу арқылы Сыни ойлау жүйесін дамыту теориясы америкалық педагогтар ашқан «жаңалық». Ол оқушы мен мұғалімнің творчестволық ынтымақтастығына негізделген. Мұнда оқушының кез келген материал бойынша талдау жасай білу қабілетін дамыту мәселесіне баса назар аударылады.

Қазіргі заманғы мектептерге ұсынылатын мұндай технологиялар ауқымы өте кең. Мәселен, К. Г. Селевконың еңбегінде елуден астам технология сипаттамасы берілген. Бұлардың әрқайсысына тән мүмкіндіктерді зерттеп білу практикалық мәні зор мәселе.

Мен осы бағытта жүргізген өз тәжірибелерімді ортаға салмақпын.

★ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ★

АҒЫЛШЫН ТІЛІ САБАҚТАРЫНДАҒЫ СЫНИ ОЙЛАУ

О. В. Голубева

«№1 орта мектеп» КММ ағылшын тілі мұғалімі, Рудный қ.

«Балаларға білімді бүгін дәл кешегідей беруді жалғастыра берсек,
біз оларды болашағынан айырамыз».
Д. Дьюи

Бүгінгі таңда білім берудің мақсаты – нақты білімдер мен жекелеген дағдыларды жинақтау емес, жан-жақты оқу дағдыларын қалыптастыру және соның негізінде базалық білімді, тез өзгеріп жатқан әлемдік жағдайларға сәйкес өз білімін өзіндік жаңарту мен жетілдіру дағдысын игерту.

Сыни ойлауды дамыту технологиясы, ақпаратпен жұмыс істеудің тәжірибелік әдістері осы мақсатқа сай келеді.

Жоғарыда аталған білім беру технологиясының мақсаты – тек оқуда ғана емес, сонымен бірге күнделікті өмірде де ойлау қабілетін дамыту (орынды шешімдер қабылдау, ақпараттар бойынша жұмыс жүргізе алу, құбылыстарды әр түрлі қырларынан талдай білу).

Жобаның дүниеге келу тарихынан бірер сөз. Жоба Словакия үкіметінің елдегі білім беру ісін демократияландыру жолына салу мақсатында жасаған ұсынысы бойынша АҚШ ғалым-педагогтары (Джинни Стил, Керт Мередит, Чарлз Темпл) тарапынан әзірленген. Жоба негізінде – осы елдің білім беру жүйесіне тән мақсаттар мен міндеттерге сәйкес ғылыми жүйеге түсірілген стратегиялар жатыр. Бұл жобаны жүзеге асыруға жаңару жолына түскен 20 мемлекет қатысады. Жобаның теориялық базасы когнитивті педагогика, Дж. Дьюи, Л. С. Выготский, Д. Пиаже еңбектерінде мазмұндалған білім беру ісін демократияландыру идеясы болып табылады. Жобаның миссиясы: өз сабақтары арқылы демократиялық процестерді қолдағысы келетін оқытушылар мен мұғалімдерге көмек көрсету. Бұл орайда олар өз сабақтарын қайта қарап, сыни ойлау жүйесін дамыту мен өздігінен оқып-үйрену тәсілдерін жетілдіруге бағытталған нақты да, өзара байланысты оқу стратегияларын қолдану үшін тиісінше өзгерістер енгізеді.

Сыни тұрғыдан ойлау дегеніміз белгілі бір проблемалар бойынша өз көзқарасыңды алға тарта білу және оны қорғай білу болып табылады. Бұл және өзге аргументтерді де мұқият қарастырып, сол аргументтер логикасын зерттеу деген сөз.

Сыни ойлау (Халперн Диан анықтамасы) – күтілетін нәтижеге қол жеткізу ықтималдығын күшейтетін дағдылар мен таным стратегияларын қолдану. Бұл термин мақсатты ойлау процесін анықтау үшін қолданылады. Ойлау жүйесінің мұндай типі алға қойылған міндеттерді шешу процесіне, қорытындылар жасауға, ықималдық мөлшерлерін есептеп шығаруға және тиісті шешімдер қабылдауға бағытталады. Сыни ойлау өзінің сипатына байланысты көбінесе бағдарлы ойлау деп аталады. Өйткені ол күтілетін нәтижеге қол жеткізуді бағдар тұтады.

Сыни ойлау дегеніміз:

  • идеялардың күрделі творчестволық ықпалдасу процесі; ұғымдар мен ақпараттарды қайта бағалау және қайта құру процесі;
  • көптеген деңгейлер арқылы өтетін активті және интерактивті ойлау процесі;
  • әр түрлі көзқарастарды қабылдай білу, идеяларды ой елегінен өткізу, жекелеген идеялардың қолдануға жарамдылығын тексеріп көру, тиісті көзқарасқа тән аргументтер жүйесін жетілдіру;
  • қажетті ақпараттарды таба білу және пайдалана білу, сондай-ақ өздігінше шешім қабылдай білу қабілеті;
  • XXI ғасырдың ойлау жүйесі.

Сыни ойлау жүйесін дамыту технологиясы туралы сабақ.

Сабақ құрылымын тиісті түсіндірмелермен қоса мынадай схема түрінде ұсынуға болады.

Талдау жасай білу, яғни сыни ойлау технологиясының функциялары мен тәсілдері

Кіріспе фаза(evocation). Оқытып-үйрету нәтижесінің төмен болуына бір себеп, оқытушы көбінесе сабақтың өту процесіне ғана мән береді де, оның түпкі мақсаттарын оқушылар санасы қалай игергеніне жеткілікті назар аудара бермейді. Белгілі дидактик-ғалымдар (Дж. Дьюи, Б. Блум және басқалар) сабақ мақсатын оқушылардың өздері белгілеуіне мүмкіндік жасау керек дейді. Бұл оқып-үйрену процесінің ішкі мотивтерін күшейте түспек. Біз нені тез ұғамыз? Әдетте өзіміз ептеп білетін тақырыптағы ақпараттарды. Қай кезде бір шешімге оңай келеміз? Жасайтын нәрселеріміз өз тәжірибемізге сәйкес келген жағдайда. Егер оқушы да өтілетін тақырып бойынша бірдеңелер білсе, бұл жәйт оны игеруге деген ынта-ықыласына өз мотивтеріне қосымша стимул болады. Яғни оқушылар сабақ тақырыбының қай қырынан тереңірек түсіндірілуі қажет екенін өздері таңдауы керек. Бұл міндет тап осы бірінші фазада шешілуі тиіс. Бірінші фазада өз шешімін табуға тиісті тағы бір міндет оқушылардың танымдық ынта-ықыласын арттыру, активтендіру болып табылады.

Кейбір оқушылар сабақта айтарлықтай интеллектуальдық күш-қуат жұмсамастан, берілген тапсырманы өзгелердің орындауын күтіп отырады. Сондықтан кіріспе фазасында әрбір оқушының сабаққа белсене қатысып, өз тәжірибелерін нығайта түсуге ұмтылыс білдіргені маңызды жәйт.

Кіріспе фазасын жүзеге асыру процесінде:

  1. Оқушылар өтілетін тақырып бойынша өз көзқарастарын еркін түрде, жаңылысармын деп жалтақтамай, оқытушы түзету жасар қаймықпай тура  айтуларына болады.
  2. Ең бастысы оқушы пікірінің айтылуы, олардың бәрі алдағы жұмыс барысында қажет болады. Бұл кезеңде «дұрыс» немесе «бұрыс» пікір деген әңгіме болмайды.
  3. Жеке және топтық жұмыстардың үйлесімі қажет. Жеке жұмыс әрбір оқушының өз білімі мен тәжірибесін жетілдіре түсуіне мүмкіндік берсе, топтық жұмыс өзгелердің пікірін тыңдауға, өз көзқарасын ашық айтуға мүмкіндік береді.

Кейде өтілетін тақырып оқушыларға мүлдем бейтаныс болады. Мұндай жағдайда олардың жаңа тақырыпты игеруге білімі де, тәжірибесі де жетпейді. Сабақ мазмұнына талдау жасап, ол туралы ой қорыта алмайды. Сондықтан өтілетін пән мен объекті туралы оқушылардың хабардарлық деңгейіне сауалдар қою арқылы барлау жасап алған жөн. Содан кейін ғана сабақты неден бастап, неден аяқтау керек екенін нақтылауға болады.

Сабақ мазмұнын түсіну фазасы (realization of mening). Бұл кезеңді мазмұндық стадия деп те атауға болады. Жаңа материалдар өткенде бұл фаза көп уақыт алмайды. Сыни ойлау жүйесін дамыту шарттарының бірі өтілетін материал туралы өз түсінігін тексеріп отыру болып табылады. Сыни ойлау жүйесін дамыту туралы педагогикалық технологиялардың авторлары мазмұндық стадияны жүзеге асыру процесіндегі басты міндет оқушылардың кіріспе фазасында туындаған белсенділігін, олардың ынта-ықыласы мен инерциясын қолдау екендігін атап көрсетеді. Бұл орайда таңдалып алынған материалдың сапасы маңызды рөл атқарады.    

Сабақ мазмұнын түсіну фазасында оқушылар:

  1. Жаңа ақпараттармен танысады.
  2. Бұл ақпараттарды өздерінің ілім-білім, тәжірибелерімен салыстыруға тырысады.
  3. Бұрынырақ туындаған сұрақтарына жауап табуды ойлайды, кейбір қиын мәселелердің шешілетін жолдарын іздестіреді.
  4. Айқындалмаған, көмескі жәйттерге назар аударып, жаңа сұрақтар қоюға тырысады.
  5. Жаңа ақпараттармен танысу процесінің өзін қадағалап, қайсысы маңызды, қандай аспектілер тартымсыз, оның себебі не деген  мәселелерге назар аударады.
  6. Естіген немесе оқылған нәрселерді талдап, талқылауға әзірленеді.

Рефлексия фазасы (reflection). Детальды рефлексияға көбіне орын қалмайды. Оқушылар сабақтың негізгі кезеңінен кейін «Қандай ақпарат назар аудартты?», «Оқылған мәтіннің негізгі мәнін бөліп көрсету үшін не істер едіңдер?» деген сияқты сұрақтар болатынына үйреніп қалған. Кейде мұғалімнің оқушылардан сабақ барысында туындаған мәселелер туралы өз пікірлерін білдіруін сұрайтынын біледі. Бірақ жаңа материалды игеруге қатысты туындаған қиындықтарға немесе оның негізгі тұстарына байланысты аудиторияға не мұғалімге сұрақ қоятын оқушының табыла қоюы екіталай.

Рефлексия механизмі. Рефлексия фазасында оқушылар жаңа ақпаратты өздерінің бұл жөніндегі бұрынғы білім-біліктеріне қатысты жүйелейді. Осымен қатар бұл кезеңде жеке және топтық жұмыстардың ұштастырылуы айрықша маңызға ие. Жеке жұмыс жүргізу процесінде (эссе, негізгі сөздер, материалды көрнекілендіру және т. б.) оқушылар ақпараттардың тақырыпты түсінуге маңыздыларын  іріктеп, өзі бұрын алға қойған жеке мақсаттарын жүзеге асыру үшін қажеттілерін таңдайды. Жаңа идеялар мен ақпараттар мәнін өз сөздері арқылы сипаттайды, себеп-салдарлық байланыстарды өздігінше айқындайды. Оқушылар өз контексінде ұғынып, өз сөздерімен білдірген нәрселерді естерінде жақсы сақтайды. Ауызша рефлексияның да өзіндік мәні зор. Оқушылар арасында ауызекі түрде идеялар алмасу олардың сөздік қорын байытып, әр түрлі түсініктермен танысуларына мүмкіндік жасайды.

Оқу мен жазу арқылы сыни ойлау жүйесін дамыту технологиясының үш фазасына тән функцияларды таблица түрінде былайша көрсетуге болады.

Талдау жасай білу, яғни сыни ойлау технологиясының функциялары мен тәсілдері

Технологиялық тәсілдер

Бізде сабақта мәтіндердің негізгі екі типімен жұмыс жүргізіледі. Бұлар: ақпараттық мәтіндер (ғылыми, публицистикалық) және көркем мәтіндер. Технологиялық тәсілдер мәтіндердің екі типі бойынша да негізінен бірдей сипатта «жұмыс істейді».

Сабақ «кіріспе – ұғыну - рефлексия» схемасы бойынша түзіледі және мынадай тәсілдер мен стратегияларды қолдану ұсынылады.

Талдау жасай білу, яғни сыни ойлау технологиясының функциялары мен тәсілдері

Жүктеу: Толық Нұскасы DOC файл

RWCT технологиясының бірқатар тәсілдерін (стратегияларын) қарастырайық.

Кластерлер (белгі шоғырлары).

Қандай да бір жазбаларды қағазға түсіре отырып, оларды ерекше бір тәсілдермен реттейміз, категорияларға бөлеміз. Кластерлер (белгі шоғырлары) материалды жүйелеу кезінде қолданылатын графикалық тәсіл болып табылады. Ереже өте қарапайым. Күн жүйесінің моделін: жұлдыздарды, планеталарды және олардың серіктерін саламыз. Жұлдыз – біздің тақырыбымыз. Оның айналасындағы планеталар – ірі мазмұн бірліктері. Оларды түзу сызық арқылы жұлдызбен қосамыз. Әр планетаның өз серіктері бар. Ол серіктердің де өзіне лайық серіктері болады. Кластерлер жазба жұмыстары кезінде ой запасы таусылған оқушыларға көмекке келеді. Кластерлер жүйесі ақпараттар кеңістігін мейлінше мол қамтиды.

Бұл тәсілді кіріспе стадиясынан бастап қолдануға болады. Мұнда біз ақпараттарды негізгі дерекөздермен (мәтіндермен) таныспай тұрып жүйелеп аламыз.

Ұғыну стадиясында бұл тәсіл одан әрі жалғасады. Мәтінмен жұмыс жүргізу барысында өзгертулер мен толықтырулар ендіріледі. Аталмыш тәсілдің мәні рефлексия стадиясында тіпті арта түседі. Ол осы стадияда қорытындылануға тиіс. Бірақ мұғалім оқушыға тақырып бойынша зерттеуді одан әрі жалғастырып, творчестволық жұмыс жасауға мүмкіндік беру арқылы бұл фазаны күшейте түсуіне болады.                                                                                                                                                                                       

Бн-Бк-Бм таблицасы

Егер сабақта өтілетін тақырып бойынша қолда бар материалдарды жинақтап, ол жөніндегі біліміңді кеңейткің, жүйелегің келсе Донна Огл жасап ұсынған «білемін – білгім келеді – білдім» таблицасын қолдану қолайлы болмақ.

Талдау жасай білу, яғни сыни ойлау технологиясының функциялары мен тәсілдері

«БнБкБм» таблицасымен жұмыс жүргізудің негізгі ережелері:

  • өтілетін тақырып бойынша не білетініңді есіңе түсір және ол мәліметтерді таблицаның бірінші бағанына жаз;
  • зерделенетін тақырыпқа оны оқығанға дейін сұрақ қойып қой;
  • мәтінмен (фильммен) таныс, мұғалім әңгімесін тыңда;
  • өзің қойған сұрақтарға жауап бер; ол жауаптарды таблицаның үшінші бағанына жазып қой.

Синквейн (жазбаша рефлексияның көркем формасы).

Тіршілік әсерлері әр түрлі көңіл күйлерін тудырады, соған байланысты кез келген лирикалық шығарма – рефлексия болып табылады. Өлең формаларының ішінде рефлексияға негізделген және «ереже» бойынша жазылатындарын біз көп біле бермейміз. Білетініміз аз ғана: жапондық танку, хокку, сонет. Синквейн аталатын өлең түрі де осы формаға жатады.

Синквейн француздың «бес» деген сөзінен шыққан. Бұл өлең түрі ереже бойынша құралатын бес жолдан тұрады.

  1. Бірінші жол – тақырып. Ол бір сөзден тұрады (әдетте зат есім).
  2. Екінші жол – екі сөзбен (екі сын есіммен) тақырып мәні сипатталады.
  3. Үшінші жол – сол тақырып аясындағы іс-әрекет үш сөзбен беріледі (бұл көбінесе етістіктер).
  4. Төртінші жол – тақырыпқа қатысты төрт сөзден тұратын фраза.
  5. Бесінші жол – тақырып мәнін қайталайтындай бір сөзден ғана тұратын синоним.

Бұл былайша орыдалады:

Атау (әдетте зат есім).

Сипаттама (әдетте сын есім).

Әрекет (әдетте етістік).

Сезім (фраза).

Тақырып мәнін қайталау.

Егер ережені басшылыққа алса, шамамен мынадай синквейн құрастыруға болады.

Талдау жасай білу, яғни сыни ойлау технологиясының функциялары мен тәсілдері

Синквейндерді күрделі ақпараттардың синтезіне пайдалануға болады. Форманың сыртқы қарапайымдылығы оны тез құрастыруға мүмкіндік береді. Бірақ ол соған қарамастан рефлекция үшін қуатты құрал (ақпараттарды резюмелеу, күрделі идеяларды, сезімдерді бірнеше сөзбен ғана сипаттап жеткізу оңай шаруа емес).

Қосымша жазбалар күнделігі

Материалдың көрнекілік формалары ұғыну стадиясында басты тәсіл болып табылады. Қосымша жазбалар күнделігі (қосымша журналдар) – оқытып-үйретуге қатысты жазбалардың әр түрлі тәсілдеріне тән жиынтық атау. Оқушылар соған сәйкес тақырыпты зерделеу кезінде өз ойларын қағазға түсіріп отырады.

Талдау жасай білу, яғни сыни ойлау технологиясының функциялары мен тәсілдері

Мәтін оқу кезінде, пауза, кідірістер кезінде оқушылар осы бағандарды тақырыпқа байланысты өз ойларымен толырып отырады. Жазба жеке сипатта, яғни әркім өз таблицасында өздігінше жұмыс жүргізуі мүмкін. Бірақ оның нәтижесі қосарлы талқылаудан өтеді. Күнделіктің сол жағына оқушылар мәтіннің өздеріне неғұрлым күшті әсер еткен немесе қарсылығын тудырған, әйтпесе қандай да бір ой салған тұстарын жазады. Оң жағына түсініктеме береді: дәл сол фразаны жазуға не мәжбүр етті? Себебі не? Рефлексия стадиясында оқушылар қосымша жазбалар күнделігіне жүгінеді. Ондағы ескертпелер бойынша өзара пікір алысады. Мұғалім бұл талқылау кезінде қалыс қалған мәселелер бойынша өз комментарийлерін келтіріп, мәселенің негізгі түйіндеріне назар аудартады.

Үш бөлімді күнделіктер «мұғалімге қойылатын сұрақтар» немесе «бірқатар уақыт өткеннен кейінгі комментарийлер» деп аталатын үшінші бағанасымен ерекшеленеді.

Талдау жасай білу, яғни сыни ойлау технологиясының функциялары мен тәсілдері

Мәтін оқу барысы бұл орайда «ұзаққа созылып», ойланып-толғану басым болады. Мұнда оқушылар өз сұрақтарына өздері жауап береді, мұғалімге қоятын сұрақтарын реттейді.

Эссе

Бұл публицистика жанры. Қандай да бір проблеманы, тақырыпты еркін формада жеткізу. Қазіргі кезде эссені «қағазға түскен сана сәулесі, ой ағыны» деп атайды. Ұзақ уақыттар бойы бұл жанр оқытып-үйрету процесінде қолданылған жоқ. Қазір мұғалімдер эссе формасындағы жазбаша тапсырмаларды практикаға ендіріп келеді. Егер ол сабақта орындалатын болса, уақыт шегі алдынала белгіленеді. Оның көлемі: 5, 10, 15, 20 минут. Эссе – ойлау жүйесінің көркем формасы.

Эссе жазудың моделі.

  1. Алдынала әзірлік кезеңі (инвентаризация): неғұрлым маңызды фактілерді, ұғымдарды және т. б. бөлектеу.
  2. Қолжазбаның әуелгі нұсқасымен (шимайжазбамен) жұмыс жүргізу.
  3. Түзету. Өзара пікір алысу процесінде екі жақтап түзетуге болады.
  4. Редакциялау. Түзету барысында жасалған ескертпелерді ретке келтіру.
  5. Жариялау. Аудиторияда оқу.

Дскуссиялық очерк жазудың ықтимал алгоритмі.

  1. Талқыланатын тақырып (проблема).
  2. Менің позициям.
  3. Қысқаша негіздеме.
  4. Өзгелер тарапынан туындауы ықтимал қарсылықтар.
  5. Себебі, бұл позицияның дұрыстығы немен дәлелденеді.
  6. Қорытынды.

Дискуссия

Бұл оқушылардың бірлесіп жұмыс жүргізу тәжірибесін қалыптастыратын технология болып табылады. Өзара іс-әрекетті, ұжымдық міндеттерді орындау процесін ұйымдастыру нәтижесінде ортақ көзқарас, өзара келісім атмоферасы пайда болады, бірлесіп қызмет етудің қабылданған ережелері мен процедураларын сақтау дағдысы қалыптасады. Дискуссияның мақсаты проблеманы шешуден гөрі оның мәнін тереңдете түсуге жақын болады.

Оқып-үйрену бағытындағы дискуссияны қолдану нәтижесінде:

  • өзара ақпарат алмасу процесі жүреді, сыни тұрғыдан және рефлексивті ойлау жүйесі дамиды, жалпы интеллектің дамуына қажетті жағдайлар туындайды;
  • бір зат, бір құбылыс туралы әркім әр түрлі пікірде болатындығына байланысты ұғымдар ауқымының кеңейе түсуіне жол ашылады; 
  • топтық келісім жолдарын іздестіру процесінде коммуникативтік және дискуссиялық мәдениет қалыптасады;
  • эмоциональдық тәжірибе ауқымы кеңиді, өйткені топ – эмоциональдық ширығулар алаңы болып табылады;
  • бала мінез-құлықтық тәжірибе жинақтайды; бұл оның бүкіл өмірінде үлкен рөл атқаратын әлеуметтік құндылық болып табылады;
  • бала өзінің «менін» өзгелердің «менімен» салыстырады (өзіндік диагностика).

Баланың өзіндік ерекшеліктері нақ осы топта қалыптасады. Оқып-үйрену бағытындағы дискуссиялардың тақырыптары даулы сипатта, оқушыларды диалог пен пікір талқысына шақыратындай болуы керек. Осымен қатар оған қатысушылардың талқыланатын тақырып жөнінде белгілі бір таным-білімі де қажет. Білімсіз пікірсайыс бос әңгіме болмақ. Тақырыптың дидактикалық және тәрбиелік міндеттерге сәйкестігі де қажет. Жалпы, мынадай шарттар сақталғанда ғана дискуссия өз дәрежесінде өтпек:

  • ниеттестік және өзара әрекеттестік атмосферасы;
  • қатысушылардың өзге позицияларды, өзге көзқарастарды тыңдауға, қабылдауға әзірлігі;
  • талқыланатын проблема бойынша ақпараттар көлемінің жеткілікті деңгейде болуы;
  • пікір білдіруге мүмкіндіктің жасалуы;
  • қатысушылардың өз позициялары аргументтерін әдепті түрде, нақты дәлелдермен жеткізе білуі;
  • сұрақтар қоюға мүмкіндіктердің болуы.

Дискуссияны ұйымдастыру кезінде оны жүргізу тәртібі мен қарым-қатынас ережелерін сақтау шарт.

  1. Жарыссөздер ұйымдасқан түрде өтуі тиіс, әрбір қатысушы тек жүргізушінің рұқсатымен ғана сөйлеуі керек, өзара сөз жарыстыруға орын болмауы қажет.
  2. Әрбір сөз кезегі нақты фактілермен дәйектеліп отыруы тиіс.
  3. Талқылауда әрбір қатысушының өз пікірін білдіруіне мүмкіндік жасалуы шарт.
  4. Айтылған әр пікірге, әрбір жеке көзқарасқа мұқият ден қойылуы, жан-жақты қарастырылуы тиіс.
  5. Талқылау барысында «шекарадан өтіп», адамның жеке басына тиісуге, әр түрлі ат таңуға, намысқа тиетін сөздер айтуға және т. б. с. с. жол берілмеуі шарт.

 «Бірлесіп іздеу» дискуссиясы

Кез келген мәтінмен (көркем немесе одан басқа да) жұмыс жүргізуде оқырман реакциясы: өзара пікір алысу міндетті кезең болып табылады. Бұл оқырманның мәтіннен ақпараттық дүниелерді ғана емес, сонымен бірге проблемалық және эмоциональдық нәрселерді де таба білуі. Оқырманның мәтінге деген реакциясын ынталандыру сұрақтары арқылы күшейте түсуге болады. Бұл сұрақтар мынадай үш бағытты қамтуы тиіс.

  • Мәтіндегі қандай нәрселерге назар аудардыңыз? Қандай нәрселер есіңізде айқынырақ сақталып қалды? Ол неліктен деп ойлайсыз?
  • Есіңізде қалғандардан қандай ой түйдіңіз?
  • Қандай сезімде болдыңыз?

Бірақ кейде мәтіннің оқушылар назар аудара бермейтін қызықты тұстары да болады. Міне, осындай жағдайда «бірлесіп іздеу» дискуссиясы көмекке келеді. Мұнда шығарманың тақырыбы мен идеясы бірдей талқыға түседі. Бірлесіп іздестірілетін проблемалық мәселені алдынала мұғалімнің өзі дайындауына болады, бірақ оқылған шығарма туралы өзара пікір алысу нәтижесінде оны оқушылардың өздері ұсынып жатса құба-құп болады.

Бірлесіп іздестірілетін проблемалық мәселеге байланысты сұрақтар белгіленіп, жазылғаннан кейін оқушылар берілген уақыт ішінде оның шешімін ойланып, дәптерге жауабын жазады. Бұл жәйт ойды нақты да айқын жеткізуге мүмкіндік береді. Ол және сыныптағы оқушылардың түгел жұмылуына жағдай жасайды.

Міне, осыдан кейін барып қана дискуссияны бастауға болады. Оқушылардан өз шешімдерін айтып, өзара пікір алысуды сұраймыз.

Диалог барысын хатқа түсіру үшін «тіркеу журналын» жүргізген жөн. Онда айтылған идеялар мен сол идеялардың авторлары жазылып отырады. «Тіркеу журналының» орнына сынып тақтасын қолдануға да болады. Пікірлерді бұлайша жазып, тіркеу оқушылардың өз сөздеріне деген жауапкершілігін арттырады, өзгелердің пікірлерін құрметтеуге баулиды, белсенділікке ынталандырады.

Дискуссия процесінде өз көзқарасыңды айтып қана қоймай, оны мәтінге сүйене отырып түсіндіру (дәлелдеу) де керек. Мұғалім жекелеген пассив оқушыларды әңгімеге тарта отырып, талқылау барысын жандандыра түсуі тиіс. Мәселен, «Майра не дейді екен?», «Сәрсенбай, сен қалай ойлайсың?» деген сияқты.

Мұғалім мұндай сабақта сұрақтарға жауап бермейді, оқушылардың жауаптарын мақтамайды да, даттамайды да, тек әңгіме барысын мәселенің шешіміне қарай бағыттап отырады.

Стратегияларды қарастыру  көптеген әдістердің шағын бір бөлігін ғана қамтиды. Кубик, рөлдік ойындар, INSERT, дебат, Жигсо, аквариум әдісі, фишбоун,бұрыштар әдісі, авторлық орындық, РАФТ секілді өте қызықты әдістерде бар.

Оқу және жазу арқылы сыни ойлау жүйесін дамыту технологиялары бойынша жүргізілетін жұмыс нәтижелері – оқушылар белсенділігінің артуы, оқып-үйренуге деген ынта-ықыластың күшеюі, жазу мен оқудан ғана емес, сонымен бірге өзге пәндерден де үлгірімнің жоғарылауы.

Дереккөз: "Сынып жетекшісінің анықтамалығы"  журналы

Подписка на статьи

Чтобы не пропустить ни одной важной или интересной статьи, подпишитесь на рассылку. Это бесплатно.

Участвуй в наших семинарах

Школа

Проверь свои знания и приобрети новые

ЗАПИСАТЬСЯ

Самое выгодное предложение

Самое выгодное предложение

Воспользуйтесь самым выгодным предложением на подписку

ПОДРОБНЕЕ
Мы в соцсетях
Мы еще не знакомы?

Давайте познакомимся!
Пользователи, которые зарегистрированы на сайте, имеют ряд преимуществ:

  • Читают закрытые материалы
  • Первыми узнают последние новости
  • Пользуются всеми возможностями сервисов  

У меня есть пароль
напомнить
Пароль отправлен на почту
Ввести
Введите эл. почту или логин
Неверный логин или пароль
Неверный пароль
Введите пароль
Я тут впервые
Это займет не больше 1 минуты
ЗАРЕГИСТРИРОВАТЬСЯ
Внимание!

Для скачивания файла необходима регистрация или авторизация

У меня есть пароль
напомнить
Пароль отправлен на почту
Ввести
Введите эл. почту или логин
Неверный логин или пароль
Неверный пароль
Введите пароль
Я тут впервые
Это займет не больше 1 минуты
Зарегистрироваться