Справочник руководителя образовательного учреждения

«Өзін өзі тану» пәні сабақтарына талдау жасау критерийлері

  • 8 февраля 2019
  • 6172
«Өзін өзі тану» пәні сабақтарына талдау жасау критерийлері

Бұйрығын орындау мақсатында бұл пән оқу жоспарына ендіріліп, эксперимент түрінде оқытылуда, Оқу-әдістемелік кешенінің біріңғай бағдарламасы бойынша «Өзін өзі тану» аптасына бір рет жеке сабақ ретінде арнайы жабдықталған кабинетте өтеді және оқу процесі міндетті түрде сыныпты топтарға бөле отырып жүргізіледі.

Уақыт талабы мен балаларға тәлім-тәрбие беру жағдайындағы сәйкессіздіктер білім беру ұйымдарында «Өзін өзі тану» пәнін ендіру туралы еліміздің бірінші ханымы Сара Алпысқызы ұсынған авторлық жоба өзектілігін одан әрі күшейте түскендей. 

Жобаның негізгі идеясы балаларға, жасөспірімдерге жалпы адамзаттық рухани-адамгершілік құндылықтарын егу, этномәдени дәстүрлерді құрметтеу сезімдеріне баулу және осылардың негізінде нарықтық жаңару жағдайларындағы инновациялық қызметке қабілетті, қазіргі заман болмысын қабылдауға әзір үйлесімді дамыған тұлғаны тәрбиелеу болып табылады.

«Өзін өзі тану» пәнінің өзектілігі бүгінгі білімді адамға қойылатын талаптарды нақтылауынан да көрінеді. Қазіргі мектеп бітірушіге негізгі пәндерден жақсы білім алып, талдау қабілетін қалыптастыру жеткіліксіз. Ол енді өмірлік қақтығыстар туралы үнемі өзінше қайта ой қорытып, кез келген проблеманың шешімін творчестволық тұрғыдан шеше білуі тиіс. Мұны түсінетін, өзін өзі ашатын, түптеп келгенде не үшін өмір сүретінімізді ұғатын, ғасырлар бойы адамзат баласын сусындатып келген ілімді, ақыл-ойды жатырқамай өзіне қабылдайтын уақыт жетті.

★ РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ТӘРБИЕ ★

ББҰ ТӘРБИЕ ЖҮЙЕСІНДЕГІ «ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ»

О. В. Горт

бастауыш сынып мұғалімі

К. А. Бабкина

«№ 17 орта мектеп» ММ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,Рудный қ., Қостанай облысы

«Өзін-өзі тану» курсы мазмұнының негізін әр адамның рухани өзін-өзі тану жолын өтуге көмектесуге және адам тағдырының мәні мен асқақ махаббатын түсінуге әкелуге тиіс адами құндылықтар құрайды.

Бүгінде қоғамның алдында руханилықты қайта жаңғырту міндеті қойылған. Зияткерлік, эстетикалық, еңбек, дене, адамгершілік-рухани тәрбиесі мәселелері ерекше өзектілікке ие болып отыр.

Адамгершілікті адам белсенді шығармашылық қызметке, өзінің оқу, кәсіби, азаматтық, отбасылық және тұрмыстық функцияларын ойдағыдай орындауға, өмірде пайда болатын барлық проблемаларды шешуге қабілетті.

Заманауи мектепте өскелең ұрпақты тәрбиелеуде «Өзін-өзі тану» пәніне ерекше рөл жүктеледі.

Бұл пәнді оқытатын әрбір педагогтың алдынан көлденеңдеп шығатын бір сұрақ бар. Ол: «Өзін өзі тану» сабағын талдауда қолданатын басты критерийлер қандай? Рухани-адамгершілік тәрбие негіздері не? Қазіргі қоғамда жүріп жатқан ауқымды әлеуметтік-экономикалық жаңарулар еліміздің болашағы туралы, ондағы жастардың орны мен рөлі жайлы ойландырады. Балаларды рухани құндылықтардан жұрдай етер рухсыздықтан, имансыздықтан, агрессияшылдықтан мектеп қабырғасынан бастап сақтау, қорғау жолдарын іздестіруге мәжбүрлейді. Сондықтан да «Өзін өзі тану» пәнінің көкейкестілігі мен өзектілігіне еш шүбә жоқ ол және мыналардан көрінеді:

– Қоғам жан-жақты білімді, адамгершілігі жоғары, өзінің сауаттылығымен ғана емес, сонымен бірге үлкен парасаттылығымен де ерекшеленетін тұлғалар даярлауды қажет етеді.

– Қазіргі заманның кішкентайлары өздеріне қатты әсер ететін, жақсылы-жаманды сипаттағы әр түрлі күштердің ықпалында өсіп келеді. Бұл күштер бұғанасы әлі бекіп үлгірмеген бүлдіршіндердің енді ғана қалыптаса бастаған сана-сезімдерін күн сайын түрлі арналарға бағыттайды. Олардың арасында жақсысы да, жаманы да бар. Шынын айтсақ, жақсысынан жаманы көп.

– Білім өздігінен рухани-адамгершіліктің жоғары деңгейіне кепіл бола алмайды. Өйткені тәрбие – адамның күнделікті өзге адамдармен қарым-қатынасынан байқалатын, тәрбиелілігін көрсететін тұлғалық сапасы. К. Д. Ушинский: «Адамгершілік ықпалы тәрбиедегі ең басты нәрсе» деп жазған екен.

– Адамгершілік ілімдерімен қаруландырудың маңыздылығы сол, мұнда кішкене сынып оқушылары қазіргі заманғы қоғамға тән мінез-құлық нормалары туралы ақпарат алып қана қоймайды, сонымен бірге бұл нормалар бұзылған жағдайда салдарлары неге әкеліп соқтыратынын, ол әрекеттің айналадағы адамдарға қандай залал тигізетінін ұғатын болады.

Сондықтан жалпы білім беретін мектептер алдына оқиғаларды өздігінен бағалай алатын және өзінің тіршілік әрекетін айналасындағы адамдар мүддесіне сәйкес құра білетін жауапты азамат даярлау міндеті қойылады. Бұл міндеттің орындалуы оқушы тұлғасындағы орнықты рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастырумен тығыз байланысты.

Бүгін біз заманауи білім беру ісінде балаға білім жағынан жүктемелерді үйіп-төгіп, оның рухани дүниесіне мән бермейтін кемшіліктерден арылу әрекеттерін көріп отырмыз. «Өзін өзі тану» пәнінің қолданысқа ендірілуі – істегі орын алып отырған жағдайларды түзетуге, білім берудің оқу мен тәрбие арасындағы үйлесімді балансқа қол жеткізетін жаңа үлгісін жасауға, шәкірттер бойында алған білімді өмірде қолдана білу қабілетін, тіршілік қиындықтарына әзір болу дағдысын қалыптастыруға деген нақты қадам болып табылады. ХХI ғасырдағы білім беру қызметінің миссиясы «әрбір тұлғаны өзгенің өзіндік ерекшеліктерін толығымен түсінуге мүмкіндігі жететіндей таным-іліммен қамтамасыз ету...» деген Жак Делор сөзі өзекті.

«Өзін өзі тану» пәнінің заманауи сипаты оқушыларды өз қабілет-қарымын есепке ала отырып өзін өмірде неғұрлым толық көрсете білуге бағыттауынан да көрінеді. «Өзін өзі тану» пәніне бұл жобаның авторы Сара Алпысқызы былайша анықтама береді: «Адамның дүниелік және рухани ілім шыңына шығуы үшін ең алдымен мектепте алатын академиялық білім қажет. Онсыз ешкім еш жаққа бара алмайды. Бірақ мектептің ең басты міндеті – жақсы Адам тәрбиелеу болуға тиісті деп ойлаймын». Қазіргі кезде адамгершілік бағдарын бетке алған дәстүрлі жолдар көмескіленіп барады, бүгінгі өскелең ұрпаққа рухсыздық, имансыздық, агрессияшылдық көріністері зиянды әсерін тигізуде. Ұрпақ тәбиесіндегі өзекті проблемаларға себеп болып отырған басты-басты мынадай төрт жағдайды бөліп атауға болады.

Біріншіден, біздің қоғам жан-жақты білімді, сауатты ғана емес, сонымен бірге адамгершілігі жоғары, тұлғалық тұрғыдан тамаша қасиеттерге ие жандарға мұқтаж.

Екңншіден, бүгінгі кішкентайлар жақсылы-жаманды әр түрлі әсер еткіш күштердің анталаған қоршауында өсіп жатыр. Бұл күштер (дереккөздер) енді ғана қалыптаса бастаған сана-сезімдерге түрліше ықпал жасайды. Сұрыптап ұсыну аз. Олардың жақсы-жаманын саралауға бүлдіршіндердің шамасы жетпейді.

Үшіншіден, білім өздігінен рухани-адамгершіліктің жоғары деңгейіне кепіл бола алмайды. Өйткені тәрбие – адамның күнделікті өзге адамдармен құрмет және қайырымдылық негізіндегі қарым-қатынасынан байқалатын, оның тәрбиелілігін көрсететін тұлғалық сапасы.

Төртіншіден, адамгершілік ілімдерімен қаруландырудың маңыздылығы сол, мұнда кішкене сынып оқушылары қазіргі заманғы қоғамға тән мінез-құлық нормалары туралы ақпарат алып қана қоймайды, сонымен бірге бұл нормалар бұзылған жағдайда оның салдарлары неге әкеліп соқтыратынын, айналадағы адамдарға қандай залал тигізетінін ұғатын болады.

Жалпы білім беретін мектептер алдына оқиғаларды өздігінен бағалай алатын және өзінің тіршілік әрекетін айналасындағы адамдар мүддесіне сәйкес құра білетін жауапты азамат даярлау міндеті қойылады. Бұл міндеттің орындалуы оқушы тұлғасындағы орнықты рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастырумен тығыз байланысты.

Осыған байланысты «Өзін өзі тану» пәні оқу процесіне шәкірттердің сана-сезімін түбегейлі өзгерту, оларды ішкі еркіндік рухында тәрбиелеу мақсатында ендіріледі. Бұл орайда ата-аналармен жүргізілетін жұмыстарға айрықша назар аударылады. Ол балаларға рухани-адамгершілік тәрбие беру ісінің ажырамас бір бөлігі, құрамдас компоненті болып табылады. Жалпы, бұл пән ата-аналармен тығыз бірлікте, ынтымақтаса отырып жұмыс жүргізуді талап етеді.

Экспериментке белсенді түрде тартылған ата-аналарымыз бір ауыздан балаларына «Өзін өзі тану» пәнінің оңды ықпал етіп келе жатқанын айтады.

Ата-аналардың сабаққа дайындалуға, проблемалық жағдайлардың шешімдерін салыстыруға қатысуы білім беру процесі мен коррекциялық қызмет субъектілерінің күш-жігерін біріктіруге ықпал етеді. Ата-аналардың, мұғалімдердің ой-пікірлері және оқушылардың өз түсініктері бұл пәннің қажеттілігіне сенімді түрде куә бола алады.

Сабақты неғұрлым тиімді ете түсу үшін мынадай критерийлерді ұстану қажет болады:

– педагог сабақ мақсатына қол жеткізе алды ма;

– сабақ тақырыбы ашылды ма;

– интерактивті әдіс жүзеге асырылды ма;

– педагогтың оқушыларға қойған сұрақтары орынды ма;

– оқушылар мұғалімге сене ме, сабақтағы атмосфера қандай;

– оқушылардың творчестволық іс-әрекеттері қалай ұйымдастырылған;

–оқушылардың ақиқатты іздеудегі өздігінен әрекеттенуі қай дәрежеде;

– мұғалімнің творчествосы сабақта қалай көрініс табады;

– оқушының оқулығы мен дәптері сабақта қалай қолданылды;

– сабақ тақырыбы қаншалықты қызықты;

– сабақ дұрыс қорытындыланды ма;

– педагог оқушы әлеуетін аша алды ма, сабақтан соң балалар өзгерді ме.

Оқушыларға сабақ идеясы қаншалықты жетті, шәкірттерінің жеке әлеуеті қаншалықты ашылды? Мұны мұғалім білуі тиіс.

Міне, осылардан келіп өзін өзі тану сабақтарына талдау жасаудың негізгі критерийлері шығады.

1. Сыныпта гигиена шарттарын сақтау: тазалық, температура және ауаны желдету, жарықтың және тақтаның тиімді, оңтайлы орналасуы.

2. Мұғалім қолданатын оқыту әрекеті түрлерінің әркелкілігі: оқушылардан сабақ сұрау, жаздыру, оқыту, тыңдау, әңгімелеу, көрнекі құралдарды қарау, сұраққа жауап беру, мысалдарды шешу, тапсырмаларды орындау, практикалық сабақтар. Әр сабақта оқыту әрекетінің 4–7 түрі норма деп есептеледі. Сабақтың біркелкілігі оқушыларды мезі етіп шаршатады. Мәселен, бақылау жұмыстарын орындағанда осылай болады. Осымен қатар, оқыту әрекетін жиі ауыстыру да оған бейімделу үшін қосымша күш-жігер қажет ететінін ұмытпау керек. Өйткені бұл да оқушылардың тез шаршауына себеп болуы мүмкін.

3. Оқыту әрекеттерінде қолданылатын әр түрдің ауысу жиілігі мен ұзақтығы орта есеппен 7–10 минут аралығында болуы тиіс.

4. Мұғалім қолданатын оқыту сипаттарының саны әр сабақта үшеуден кем болмауы тиіс. Бұл сипаттар: сабақты ауызша өткізу, көрнекі құралдар арқылы және дыбысбейнелі құралдар арқылы жүргізу, сондай-ақ оқушылардың өздігінше атқаратын әрекеттерін ұйымдастыру түрінде көрінеді.

5. Оқыту сипаттарының аралық ауысу жиілігі 10–15 минуттан кем болмауы керек.

6. Оқушылардың ынтасын арттырып, творчестволық тұрғыдан өзін өзі көрсете білуіне ықпал ететін әдістерді қолдану. Бұл шәкірттердің «білім тұтынушысынан» оны игеру және жасау жөніндегі іс-әрекет субъектісіне айналуына мүмкіндік береді. Мұндай әдістерге ерікті таңдау әдісі (еркін әңгіме, іс-әрекет пен оның тәсілін таңдау, творчество еркіндігі); актив әдістер (оқушылар мұғалімдердің рөлінде, іс-әрекет арқылы оқытып-үйрету, топтағы талқылаулар, рөлдік ойындар, пікірсайыс, семинар, оқушы зерттеуші ретінде); өзін өзі тану әдісі, сондай-ақ парасат-пайым, эмоция, қарым-қатынас, өзіне өзі баға беру мен өзара баға беру қабілеттерін дамытуға бағытталған әдістер болып табылады.

7. Оқып-үйренуде техникалық құралдарды пайдаланудың гигиеналық нормаларға сәйкес оңтайлы ұзақтығын белгілеу. Бұл көптеген балалардың үйде теледидар мен компьютер алдында сағаттап отырып, өз денсаулықтарына нұқсан келтіретінінен туындайды.

8. Мұғалімнің пікірсайысты, талқылауларды инициировкалау, танымдық бағдарламаларға ынтаны арттыру мақсатында видеоматериалдар көрсету мүмкіндігін пайдалана білуі, яғни оқыту мен тәрбиелеу міндеттерін өзара байланыстыра отырып атқару.

9. Оқушылардың сабақта жайғасып отыру қалыптары және орындалатын тапсырмалар сипатына сәйкес оны алмастыру жағдайлары. Мұғалім мүсін-келбеттің бұзылуы мектеп қабырғасынан бастап орын алатынын есте ұстауы тиіс. Оқушылардың сабақта табиғи қалыппен жайғасуы мұғалім тарапынан болатын психологиялық әсерге де байланысты. Шәкірттердің сабақта психофизикалық қолайлылықты сезінуі – оларды шаршатпаудың бірден-бір шарты.

10. Денешынықтыру минуттары сабақтың міндетті құрамдас бөлігі болып табылады. Олардың мазмұны мен ұзақтығына мән беріп (сабақта әр 15–20 минут өткен сайын 1 минуттан жасалады. Үш жеңіл жаттығу 3–4 реттен қайталанып атқарылады), жаттығу сәтіндегі эмоциональдық климатқа, шәкірттердің оны орындауға деген ықыласына назар аударып отыру қажет.

11. Сабақтың мазмұндық бөлігіне денсаулық туралы және салауатты өмір салтына қатысты мәселелерді енгізу, олардың бір-бірімен байланысына мән беру; адамға және оның денсаулығына деген көзқарасты құндылықтарға деген көзқараспен бірдей қарастыру; салауатты өмір салтының мәнін ұқтыру; оған деген талап-тілекті қалыптастыру; іс-әрекеттің қауіпсіз дербес тәсілдерін жасау; қандай да бір іс-әрекет тәсілін таңдауға байланысты әр түрлі мүмкіндіктерді және оның болашақ салдарын талқылау оң баға беруге лайықты жәйттер болып табылады. Мұғалімнің көпшілік тақырыптардан денсаулыққа байланысты мәселелерді бөліп қарастыра білуі, оған мән бере түсіндіріп отыруы тиіс. Бұл ұстазға тән кәсіби шеберлік критерийлерінің бірі болып табылады.

12. Оқушылардың сабақтағы оқып-үйрену мотивациясы: пәндерге, өтілетін материалдарға деген ынтасы, көбірек білуге тырысуы, белсенділігі. Бұл мотивацияның деңгейі және оны арттыру мақсатында мұғалім тарапынан қолданылатын әдістер бағаланады. Мотивацияның денсаулық мәселесіне тікелей қатысы бар: оқуға үнемі мәжбүрлеп отыру бала денсаулығын бұзады және мұғалімді де титықтатады. Оқып үйренуге ерекше ынта-ықыластың денсаулыққа оңды ықпалы да ерекше. Бұл екеуінің арасында төте жол бар. Оқушылардың мотивациялық деңгейін сабаққа қатысқан кез келген кісі анықтай алады, ал бұл орайда педагогтың жөні тіпті бөлек.

13. Сабақтағы қолайлы психологиялық климат та оның нәтижелі өтуіне қызмет етеді: оқушылар мен мұғалім алған оңды эмоциялар қуаты – мектептің денсаулыққа оңды әсерін білдіретін көрсеткіштердің бірі. Ал керісінше, мұғалім мен оқушылар тарапынан стресс, созылмалы психофизикалық ширығу, теріс эмоциялар және басқа да көріністер байқалатын болса, бұл сабақта денсаулықты бұзатын тенденциялардың басымдығын көрсетеді.

14. Мұндай сабақтарда мұғалім мен оқушылар арасында «микроконфликт» жәйттерінің көрініс беруі, қойылған бағаға келіспеудің, қолайсыздықтың орын алуы. Мұғалімнің эмоциональдық-негативті жәйттер себебін көре біліп, оның алдын алуы, сынып жұмысына нұқсан келтірместен сауатты, мәдениетті түрде зарарсыздандыра білуі.

15. Мұғалімнің сабақтағы қас-қабағы, мәселен, мейірімділіктің немесе қайырымсыздықтың әр түрлі белгі-көріністері, ақжарқындық не түнеріңкілік және т. б. Егер сабақта эмоциональдық-мазмұндық тұрғыдан көңіл ашар сәттер: күлдіру, орынды жеңіл әзіл, юморлық бейнелеу, мақал-мәтел, түсінік берілген афоризм, шағын тақпақ өлең, музыка минуттары т. б. болмаса, ол сабақты толыққанды өткен жоқ деп санау керек.

Сабақ соңында мынадай төрт көрсеткішке назар аударған жөн.

16. Сабақтың қорытынды шымырлығы, яғни оқушылардың тікелей оқып-үйрену әрекеттеріне жұмсаған уақыт мөлшері. Ұсынылатын көрсеткіштер – 60 %-дан 80 %-ға дейінгі ауқымда.

17. Оқушылардың шаршай бастауы және оқып-үйренуге деген ықыластарының төмендеуі. Бұл сәт оқушылардың оқып-үйрену процесіне қатыссыз қозғалыстар жасап, пассив қимылдауынан байқалады. Мұндай жағдайлардың тек сабақ аяқталуға 5–10 минут қалғанда ғана көрініс беруі – қалыпты жәйт деп есептеледі.

18. Сабақты қорыту жылдамдығы және оның ерекшеліктері. Бұл орайда мынадай жәйттердің орын алуына жол бермеген жөн:

• қорытынды бөлімді орынсыз жылдамдату, оның «түйдектелген» сипатта берілуі; мазмұнның дұрыс ашылмай қалуы;

• оқушылардың сұрақ қоюына уақыт қалмай қалуы;

• үй тапсырмаларының тиісті түсіндірмелерсіз асығыс берілуі.

Мұның бәрі – оқушылар үшін де, мұғалімдер үшін де басы артық стресс болып табылады. Бұған қоса үзіліс уақыты болып, қоңырау шалынғаннан кейін оқушыларды сынып бөлмесінде кідіртуге болмайды. Сабақтың жайбарақат қорытындыланғаны жөн: оқушылар мұғалімге сұрақ қоюға, мұғалімнің үй тапсырмаларын түсіндіріп, шәкірттерімен қоштасуға мүмкіндігі болуы тиіс.

19. Өткізілген сабақтар тиімділігіне одан шыққан оқушылардың жай-күйі, кескін-кейпі де интегралды көрсеткіш қызметін атқара алады: бір сыныптан шыққандар көңілдері жай, қанағаттанғандық сезімде, іскер қалыпта болса; енді бір сыныптан шыққандар – шаршаңқы, көңілсіз, қабақтары қатыңқы кейіпте болады. Бұл орайда мұғалімнің жай-күйіне де көңіл аудару керек.

Сабаққа басшылықтың қатысуы – оқушылар үшін ғана емес, сонымен бірге мұғалім үшін де стрессогендік процедура болғандықтан, оның артық ширығулардан арылуына көмектескен жөн. Өйткені мұғалім алдында келесі сабақтар бар. Мұндайда ең жақсы әдіс – сабақ аяқталысымен іле-шала педагогқа ризалық білдіріп, бір-екі ауыз қолдау сөздер айтып қойған дұрыс. Сабаққа талдау жасауды тексеруші де, мұғалім де аздап демалып үлгіргеннен кейінгі уақытқа қалдыру керек. Бірақ талдау процедурасын ұзаққа созуға болмайды, өйткені педагог толқу үстінде жүреді. Уақыттың ұзауы оның ширығуын күшейте түседі.

Сабаққа талдауды позитивті жәйттерден бастау керек. Алдымен ненің ұнағанын, ненің қызықты, ерекше болғанын айту қажет. Кемшіліктерді талқылау кезінде үзілді-кесілді пікір айтудан, мұғалімнің өз жеке басы ерекшеліктеріне тән жәйттерге ауысып кетуден сақтанған жөн. Ең бастысы мұғалім жұмысындағы бастамашылдықты, творчестволық тенденцияларды басып тастамау, қайта оған жол ашу болып табылады. Өйткені мұғалімді де, оқушыларды да шаршататын нәрсе сол бастамашылық пен творчестволық ізденістің жетіспеуі. Сондықтан сабаққа жасалатын талдаудың әңгіме формасында, қолданылған әдістерді талқылау түрінде өткені тиімді болмақ.

Осылайша әр адамның бойында болатын жақсы нәрселер айқындалып, негативті жәйттер игеріледі. Ең бастысы мұғалім мен ата-ананың бала бойындағы ішкі әлеуетті айқындайтын, оған бағыт-бағдар, жөн сілтейтін ақыл-кеңес бере білу, жасөспірім өркенге жақсы бағбан болу екенін ұғынуы болып табылады. Қытайдың көне бір мәтелі былай дейді: «Егер бір жылдығыңды ойласаң – жерге тұқым сеп. 10 жылдығыңды ойласаң – ағаш ек. Ал алдыңдағы күллі өміріңді ойласаң – бала өсір және оларды дұрыстап тәрбиеле».

Қазақстанның бірінші ханымы Сара Алпысқызы білім беру ісінің атқаратын рөліне тоқтала келіп былай дейді: «Біз нақ осы білім беру арқылы қоғамдағы рухани-адамгершілік құндылықтарын қалпына келтіруіміз керек. Ол әр адамның өз бойындағы туа бітті қабілет-қарымын толық жүзеге асыруға, сол арқылы мемлекетімізге, тіпті жер жүзіндегі барша елге пайда келтіруіне мүмкіндік жасалатын болады». «Өзін өзі тану» пәні – бұл сөздердің нағыз куәсі болып табылады. Әрбір тұлғаның өз дамуында жалпы адамзаттық құндылықтарға арқа сүйеуі өте маңызды нәрсе.


Дереккөз: "Сынып жетекшісінің анықтамалығы"  журналы

logo
Мы еще не знакомы?

       

        Давайте познакомимся!
        Пользователи, которые зарегистрированы на сайте, имеют ряд преимуществ:

  • Читают закрытые материалы
  • Первыми узнают последние новости
  • Пользуются всеми возможностями сервисов  

 

У меня есть пароль
напомнить
Пароль отправлен на почту
Ввести
Введите эл. почту или логин
Неверный логин или пароль
Неверный пароль
Введите пароль
Я тут впервые
ИЛИ АВТОРИЗУЙТЕСЬ ЧЕРЕЗ СОЦИАЛЬНЫЕ СЕТИ
ЗАРЕГИСТРИРОВАТЬСЯ
Внимание!

Для скачивания файла необходима регистрация или авторизация

У меня есть пароль
напомнить
Пароль отправлен на почту
Ввести
Введите эл. почту или логин
Неверный логин или пароль
Неверный пароль
Введите пароль
Я тут впервые
ИЛИ АВТОРИЗУЙТЕСЬ ЧЕРЕЗ СОЦИАЛЬНЫЕ СЕТИ
Зарегистрироваться
Дорогой гость, заберите Ваш подарок
Бесплатный доступ к журналу "Справочник классного руководителя"
Получить бесплатный доступ