MCFR.KZ Образование

Мектеп мұражайы

  • 21 ноября 2018
  • 3798
Мектеп мұражайы

Мектеп мұражайының оқушылардың рухани мінез-құлықтарын дамыту мен өркендетуде, патриоттық және азаматтық ұстанымдарын қалыптастыруда, шығармашылық және аналитикалық ойлау қабілеттерін жетілдіруде алатын орны зор.

Кез-келген мұражай жұмысы тарихи құндылықтарды баяндайтын құжаттар мен жәдігерлерді жинау, зерттеу, сақтау және көрсетуден басталады. Жинақталған, көрсетуге қойылған жәдігерлеріне байланысты мұражай тарихи, әскери-тарихи, өлкетану болуы мүмкін. 

Мектеп мұражайы қызметінің мақсаты

Мұражай аша отырып, білім беру ошағы оқушылардың бойына зерттеу жұмыстарына бейімделуді, шығармашылық қабілетті арттыруды, аға буынның құндылықтарын бағалай білуді сіңіру мақсатын қояды. Сондықтан мұражай - мектептің жай ғана ерекше оқу бөлмесі емес. Ол - өз Отанын, мектебін, жанұясын мақтаныш ететін, елінің өткені мен келешегіне үлес қосу, өз өлкесінің мәдениеті мен табиғи байлықтарын сақтау алдындағы жауапкершілікті ұғындыратын ашық білім беру кеңістігі болып табылады. Соның негізінде оқу ордасының әскери-патриоттық қызметі бағдарланады.

★ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫ ★

«Туған жер» – жалпыұлттық патриотизмді тәрбиелеу негізі
Мектеп мұражайы

Р. С. Сәркен

«Ғ.Мүсірепов атындағы № 43 орта мектеп» КММ директоры, Петропавл қ.

Дүниеде туған еліңнен артық ел де, жер де жоқ.
Ғабит Мүсірепов

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» және «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобаларын қарастырды. Құндылықтар және адамгершілік бағыттармен біріге отырып, патриотизм ұлттық идеяға ұласады.

Осыған байланысты, патриотизм мемлекеттің «Мәңгілік ел» ұлттық стратегиясының бөлігі ретінде қарастырылады және оның негіздерінің бірі туған жерге деген махаббаттан құралады.

Мектеп мұражайының міндеттері

            Мұражай оқушылардың мәліметтер жинақтау барысында өз білімдерін толықтырып қана қоймай, таным процесінде алдыңғы буын өкілдерінің тәжірибесін пайдалануына тамаша мүмкіндік тудырады. Бұл оқушыларды азаматтық және патриоттық тәрбиелеуде маңызды серпін болып табылады. Мұражай заттарын зерттеу, іздеу-жинақтау жұмыстарының, экскурсиялар, конференциялар мен түрлі кештердің оқушылардың еңбегін мәнді етуге  көмегі зор.

Оқушылар ақпараттар ағымын бағдарлауға, зерттеу тақырыбын таңдау мен құруға, біріншілік құжаттармен жұмыс жасауға, ақпарат көздерін табу мен талдауға, соның негізінде гипотеза тудырып, дәйектілігі мен ғылыми құндылығын тексеруге үйренеді. Туған өлкесінің мәдениеті мен тарихи ескерткіштерін зерттей отырып, оқиғалардың куәгерлері мен қатысушыларымен кездесу, архивтен құжаттар табу арқылы оқушылар өткен саяси, әлеуметтік-экономикалық процестер жайлы нақты түсінікке қол жеткізеді. Бұл олардың дүниетанымының кеңеюіне, мектептегі тарих пен қоғамтану пәндерінен білімдерінің артуына септігін тигізеді. Мұражайда ұстаздардың басшылығымен материалдарды іздеу және зерттеу, жинақтау, сақтау, көрсету мен насихаттау жұмыстарын жүргізетін оқушылардан жасақталған тұрақты мұражай Кеңесі болуы қажет.

Мектеп мұражайының әлеуметтік қызметтері

Мектеп мұражайының оқу-тәрбиелік маңызы - баланың мұражайдың құрылуына белсенді ат салысуында болып табылады. Іздеу-зерттеу жұмыстары, қызықты кездесулер, тарихи деректермен танысу өлке тарихын тереңінен танып, оның экономикасы мен мәдениетінің дамуында ата-бабаларының қосқан  зор үлестерін түсінуге мүмкіндік береді. Сол арқылы естелік, мұраларға құрметпен қарауға тәрбиелейді.

Зерттеу жұмыстарына, өлкетану жорықтарына, экспедицияларына шығу арқылы оқушылар физикалық шынығумен қатар, практика жүзінде тарихи құжаттарды сипаттау мен жіктеуге үйренеді.

      Мектеп мұражайының қызметі  құжаттарды сұрыптау мен жинақтауда, мектеп тарихын іздеу мен зерттеуде оқушылар мен ұстаздардың бірігіп еңбектенуіне байланысты.

Балаларды қорды жинақтауға, экспозиция құруға, санақ жүргізуге, сипаттауға, жиналған құжаттар мен заттарды жаңғыртуға, яғни мұражай ісінің негіздерін игеруге үйрету керек. Өлкетану саяхаты барысында түрлі мамандықтың қыр-сырын, халықтық кәсіптерді үйрену оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беріп, педагогика, мұражай, архив, кітапхана ісі саласында мамандық таңдауға көмегін тигізеді.

Мектеп мұражайының кәсібі

Мұражай саласы қатаң шеңбердегі өзгеріссіз құрылым емес. Ол үнемі қозғалыста және оқу процесіне өзіндік қырымен енетін жаңа мәліметтермен толықтырылып отырады. Тарихи-өлкетану тақырыбы оқушылар мен ұстаздардың жеке іздеу-зерттеу әрекеттеріндегі оқу және тәрбиелік жұмыстарының неғұрлым ұтымды бағыты. Оның міндеті - тарихи, мәдени, табиғи ескерткіштерді зерттеу және жүйелеу, оларды гербарий, фотосурет, құжаттар мен жәдігерлер түрінде көрсету. Өлкетану туған жердің табиғатын ғана емес, сонымен қатар оның өткенін зерттеу болып табылады.

Мұражай қаланың, мектептің тарихына арналуы мүмкін. Алайда қандай сала болмасын мектеп мұражайының ерекшелігі ол жергілікті материалдардан құралады. Мысалы, әдеби мұражай танымал жазушының өмірі мен шығармашылығынан басқа, шығармада бейнеленген тарихи процесс пен табиғи нысандарды зерттеумен де айналысады. Мектеп мұражайы жергілікті музыкалық шығармашылық жайлы: яғни, халық аспаптары, билері, әндері, ауызекі әңгімелері жайлы мәліметтер жинақтай алады. Аңызға айналған тұлға немесе тарихтың танымал дерегі құрметіне мемориалдық не әскери-тарихи типті монографиялық мұражай құруға болады. Ол әдетте тарихи оқиғаның болған жерінде немесе тарихи тұлғаның өмір сүрген ортасында жүзеге асырылады. Тарихи-өмірбаяндық мұражайда нақты дүниелер мен әр түрлі деректердің иллюстрациясы сақталады.

Мектеп мұражайы жұмысының қағидалары

 Өз қызметінде мұражай бірнеше принциптерді ұстануы қажет:

- сабақтармен, оқу-тәрбиелік процесімен, пәндік үйірмелер және факультативтермен шектеулі байланыс;

- үздіксіз зерттеу ізденістерін жүзеге асыру;

- мұражай сабақтарының, дәріс-семинарлардың, ғылыми-практикалық конференциялардың, ардагерлерге көмек тағы басқаларының түрлі әдістері мен  амалдарын қолдану;

- оқушылардың өзіндік және шығармашылық бастамасын дамыту;

- соғыс және еңбек ардагерлері, ұстаздар ұжымы тарапынан көмек;

- экспозиция, экскурсия мазмұнының,  сондай-ақ жалпы мұражай қызметінің танымдық және эмоционалдық бастамасының бірлігі;

- жинақталған материалдардың дұрыс сақталуы мен қатаң есебі;

- мемлекетттік мұражайлар және мұрағаттармен әріптестік қарым-қатынас ұйымдастыру.

Мектеп мұражайының қоры

            Нағыз мұражай қалыптастыру оңай емес. Ұстаздар мен мұражай Кеңесі белсенділерінің айтарлықтай ғылыми дайындығы қажет. Мұражай қорынан экспозиция мен мұражай көрмесі жасалады.

Мұражайдың негізгі қоры оның саласына байланысты жинақталған дүниелерден тұрса, ал қосымшасы - көшірме, макет, муляж, үлгі, карта, жоспар, сызбанұсқа, диаграмма, кесте түріндегі ғылыми-көмекші материалдардан тұрады. Өлкетану мұражайы еңбек құралын, өндірістің өнімі мен шикізатын, даңқ мұражайы - соғыс қару-жарағын,  жалаулар мен төсбелгілерді жинайды. Өлкетануда нумизматика, киім, жиһаз кездеседі. Бейнелеу көздері болып фотосуреттер, жазбаша- қолжазба және баспа құжаттары, мемуарлар, заң актілері, үнпарақтар, хаттар, кітаптар, мерзімді басылымдар табылады.

Мектеп тарихы мұражайының негізгі қорында өткен заманғы оқушылардың қолданған кітаптары, қолтаңба және сыйға тартылған жазбаларымен кітаптар сақталады. Сондай-ақ мұнда үнпарақтар, хабарландырулар, шақыру билеттері, ресми құжаттар: жеке бас куәлігі, еңбек және есеп кітапшасы, білім жөнінде куәлік, дипломдар мен мақтау қағаздары болуы мүмкін. Экспозицияның  төріне ең маңызды құжат - мектептің ашылуының ресми құжатының көшірмесін орналастыруға болады.

Тіркеу жұмыстарына қолайлы болу үшін заттардың тізімі алфавиттік, тақырыптық, салалық картотека түрінде қойылатын мұражай каталогы жасалады.

Мұражай дүниесі - мұражай қызметінің барлық формаларында қолданылатын,  ғылыми зерттеліп жазылатын объект. Ол ғылыми, мемориалды, тарихи және көркемдік құндылықтарды көрсете отырып, өзімен байланысты оқиғалар мен құбылыстар жайлы ақпарат көзі болып табылуы қажет.

       Мұражай қорындағы дүниелер экспедиция барысында немесе сыйға алу, иесімен келісіп алу арқылы толықтырылып отырады. Бұл дүниелер - жанұялық мұра, белгілі бір дәуірдің естелігі болып саналатын заттар, мысалы, ту, марапаттаулар, жеке бас куәлігі болса құнды есептеледі.

Мектеп тарихы мұражайына оқу құралдарын: ескі карталар, глобустар, энциклопедияларды, қаламдар, сия сауытын, күнделіктерді қоюға болады. Арнайы жеке бұрышқа мектеп жетістіктерін – жалауларды, кубок, медальдарды, бағалы сыйлықтарды орналастыруға болады. Қай дүниелер оқиғаның мәнін ашатынын мұражай Кеңесі шешеді. Әдетте мектеп мұражайының көлемі шағын болғандықтан, жәдігерлерді іріктеу өте мұқият жүргізілуі тиіс.

Мектеп мұражайының экспозициясы

Экспозиция талғамға сай сауатты, әр жәдігерді қысқаша, түсінікті, көркем суреттеумен жасалғаны дұрыс. Мектеп суретшісі немесе дизайнері әр тақырыптың жазылу ретін, түстердің өте ашық не көмескі болмауын қадағалауы тиіс. Сонымен қатар, әрине түзетулер, қателіктер орын алмауы қажет.

      Жәдігерлер мұражайдың тақырыптық жоспарына сәйкес,тарихи-хронологиялық принцип бойынша тарихи оқиғаны ретімен көрсететіндей өзара байланысты бөлімдердің қатарынан тұруы тиіс. Жәдігерлерді стенд, сөрелер түрінде тігінен, қойғыш түрінде көлденеңінен орналастыруға болады. Мүмкіндік болса, диорама мен баннер жасауға болады.

       Сонымен, сіз бәрін қойып реттедіңіз. Енді экспозицияларды тамашалау оқу-тәрбиелеу жұмыстарында қолайлы, ретімен болуы үшін оның бағытын жобалап алу қажет. Мұражайда экскурсиялар, жылжымалы көрмелер, дәрістер, түрлі іс-шаралар жүргізіледі. Экскурсия – мұражаймен танысудың анағұрлым ауқымды түрі болғандықтан, келушілердің жасы мен білім дәрежелері есепке алынуы тиіс.

      Маңызды рольді атқаратындықтан экскурсовод экспозиция мазмұнын, жәдігерлерді біліп, шебер баяндай алуы қажет. Егер мұражайда тақырыптық кештер, ертеңгіліктер, қызықты адамдармен кездесулер, мұражай сабақтары, салтанатты жиналыстар өтетін болса, экскурсовод өз қызметін барынша атқаратыны сөзсіз. Мұражай қызметіне оқушылар неғұрлым көп ат салысқан сайын қызықты болады. Оларға үлкен кісілермен, ардагерлермен кездесіп, естеліктерін жазып алу, салт-дәстүрлерді зерттеу сияқты тапсырмалар беріңіз. Мұғалімнің міндеті - жиналған материалдарды жүйелеуге көмек беріп, бөлімдерге бөліп, иллюстрация жасап, дайын күйде мұражай Кеңесіне ұсыну. Мұражай қызметінің механизмі, мақсаты мен міндеті жайлы толық мағлұмат алу үшін құрылатын мұражай жайлы бірнеше жағдайларды педагогикалық кеңесте талқылауды ұсынамын.


Мектеп мұражайы

Жүктеу: (Толық нұсқасы) DOC файл
Дереккөз:  «Сынып жетекшісінің анықтамалығы»  журналы

Подписка на статьи

Чтобы не пропустить ни одной важной или интересной статьи, подпишитесь на рассылку. Это бесплатно.

Участвуй в наших семинарах

Школа

Проверь свои знания и приобрети новые

ЗАПИСАТЬСЯ

Самое выгодное предложение

Самое выгодное предложение

Воспользуйтесь самым выгодным предложением на подписку

ПОДРОБНЕЕ
Мы в соцсетях
Мы еще не знакомы?

Давайте познакомимся!
Пользователи, которые зарегистрированы на сайте, имеют ряд преимуществ:

  • Читают закрытые материалы
  • Первыми узнают последние новости
  • Пользуются всеми возможностями сервисов  

У меня есть пароль
напомнить
Пароль отправлен на почту
Ввести
Введите эл. почту или логин
Неверный логин или пароль
Неверный пароль
Введите пароль
Я тут впервые
Это займет не больше 1 минуты
ЗАРЕГИСТРИРОВАТЬСЯ
Внимание!

Для скачивания файла необходима регистрация или авторизация

У меня есть пароль
напомнить
Пароль отправлен на почту
Ввести
Введите эл. почту или логин
Неверный логин или пароль
Неверный пароль
Введите пароль
Я тут впервые
Это займет не больше 1 минуты
Зарегистрироваться