Мектеп жанындағы аумақты жасылдандыру

1285
Мектеп жанындағы аумақты жасылдандыру
Мектеп жанындағы аумақты жасылдандыру
Мектеп алаңын көгалдандыру жұмысы оқушыларға білім беру мен еңбек тәрбиесіне біртұтас енуі тиіс. Өсімдіктерді өсіріп баптау еңбегі - бұл адам тәрбиелеу.

Мектеп ұжымымен бірге көктем-күз айларында ағаш отырғызу жұмыстарына ат салыса отырып, білім беру мекемесінің жетекшісі көгалдандыру жұмыстарына қатысатын үлкендер мен балаларға өзі үлгі болып жол бастай алады. Мектеп маңындағы көлеңкелі бау алдымен санитарлық-гигиеналық және архитектуралық маңызға ие. Ал мектеп бағдарламасының көрнектілігі болып ағаш, шөп, гүлді-декоративті,мәдени өсімдіктердің бай және алуан түрлі жинағы саналады.

         Мектепті көгалдандыру жұмысы неден басталады?  Ең алдымен мектеп территориясын функционалды аймақтарға бөлу керек. Оқу мекемесінің кешені әдетте тұйықталған, жекеленіп шектелген аумақты алып жатады. Дәстүрге сай оның көгалдандырылуы сквер түрінде жасалады. Орталық клумба мен субұрқақтан тұратын басты аллея композицияның орталық нүктесі болып табылады. Геометриялық жобалау скверге жанасатын ғимараттарды, қала көшелеріне шығатын тұстарды, шаруашылық құрылыстары мен спорт алаңдарының подъездерін қамтиды. Мектеп ауласының әр бұрышына сай декоративті безендіру әдісі құрастырылады. Спорт алаңы мен шаруашылық ауласы оқшаулауды қажет ететіндіктен, бұл тұстарға ағаштардан жасыл қоршау мен қырқылған бұталар отырғызылады. Гүлзарлар мен газондардан тұратын демалыс алаңқайы ашық кеңістік түрінде көрініс алады. Биік өсімдіктер бұлардың айналасында топтасады. Безендірудің мұндай әдістері көптеген мектептерде қолданылады. Бұл арада ең бастысы ландшафт дизайны ережелерін ескере отырып шектен шықпау керек.

         Мектеп маңы аймағына кіре беріс тұсты - мектептің бет-әлпеті деп қарауға болады. Бұл бөліктің ландшафты ішкері орналасқан мектеп ғимаратына бағыт нұсқайтындай барынша ашық болуы шарт. Оған негізгі аллея апарады. Уақыт өте аллея тар, қараңғы дәлізге айналмауы үшін ағаштардың арасын бір-бірінен 5-8 метр қашықтықта егеді. Биік өсімдіктердің төменгі жағына орналасқан сәндік бұталар ерекше көрінеді. Бұл жерде мектеп биологы өз талғамына сай әрекет ете алады: аллеяның соңын 3-5 ағаштан тұратын, пішіні мен жапырағының түсі бойынша үйлесетін әр түрлі тұқымдас  екі топпен аяқтауды ұсынуы мүмкін. Мысалы, алма ағашы мен терек, шырша мен қайың ағаштары жақсы үйлеседі.

         Ғимаратқа кірер тұста міндетті түрде салтанатты жиындар өтетін шеру алаңы болады. Оны барынша ашық қалдырған дұрыс, тек шектерін айқындау мақсатында аласа гүлдердің бір не көпжылдық түрлерін егуге болады. Кейбір мектептер көңіл-күй тудыратын ашық түсті гүлдерді таңдайды. Егер мектепте жылыжай болса, гүлдерді алдын-ала контейнерлерге, бетон вазондарға егіп алып, одан асфальтқа, баспалдақ маңына топтап отырғызуға болады.

Егу-отырғызу жұмыстары кезінде бірнеше қайшылықтарды ескерген дұрыс. Мектеп ғимараты қабырғаларының тұсына биік өсетін ағаштарды отырғызбау керек. Біртіндеп бойлай өсе отырып олар күн сәулесін өткізбей, сыныптарды көлеңкелеп тастауы мүмкін. Сондықтан газон немесе гүлзар жасалғаны дұрыс. Сондай-ақ терезе түбіне ерте көктемде гүлдейтін көпжылдық крокус, нарцисс, қызғалдақ , күз бойы өзінің көп гүлдерімен көз қуантатын астра гүлдерін отырғызуға болады. Аласа сәндік бұталар қоршау ретінде ғана емес, қабырғаны бойлай өсіруде де әдемілік береді, ең бастысы - терезені көлеңкелемейді. Қазақстанда барбарис, спирей, кизильник, арша мен итмұрыннның алуан түрі өседі. Жабыны мен жапырағы әр түрлі ағаштармен үйлестірілген қылқан жапырақты ағаштар мен бұталар мектеп ауласына өзіндік рең береді. Бұл черемуха мен плакучие ивы болуы да мүмкін.

         Жеміс бағы кез-келген мектеп айналасына сән береді. Жеміс ағаштарының көлеңкесіне лианмен, плющпен тіпті мәдени жүзіммен көмкерілген беседкалар орнатуға болады. Бау тек безендіру қызметін ғана атқарып қоймай, оқушылар ұстаздарының жетекшілігімен өсімдіктерді өсіріп, қадағалап, биологиялық бақылау жүргізетіндей тәжірибе алаңы жасыл зертхана болып табылады.

         Тәжірибе бөлімшесі. Мектеп маңы бақшасында балалар өз бетімен селекциялық іріктеу, көбеюдің әдістері мен тәсілдерін, тыңайтқыштың тиімді түрін таңдау тәжірибелерін жүргізу, агротехника тәсілдері мен суару ережелерін үйрену үшін арнайы орындар болуы мүмкін. Бақша және гүлді дақылдарды көбейтуге арналған жеміс-жидек бауларын,  коллекциялық ботаникалық және дендрологиялық бөлімдер қарастыруға болады. Бұл жерлерді оқушылар жаратылыстану пәндері мұғалімдерінің жетекшілігімен өз қарамағына алады. Мектеп аумағы айтарлықтай кең болса, мақсатты түрде мәдени, дәрілік, шырынды тағы басқа өсімдіктерді арнайы өсіруге болады.

         Тәжірибелік бөлімше арнайы киім мен бау-бақша құралдарын сақтауға қолайлы болуы үшін шаруашылық ауласына жақын орналасқаны дұрыс. Құрылған жасыл коллекцияның тиімділігі оның дұрыс және мұқият безендірілуіне байланысты. Тәжірибе бөлімшелерін бір-бірінен жағын жолдармен бөлген дұрыс. Әр өсімдіктің тұсына қысқаша сипаттамасы, яғни туыс, тұқымдас, отаны, пайдалы қасиеттері, негізгі биологиялық қасиеттері, қолданылуы жазылған көрсеткіш тақталар бекітілуі тиіс. Тәжірибе бөлімшелеріне ерекше күтім қажет. Ол жергілікті өсімдік әлемінің ерекшелігін көрсететін алуан түрлі тақырыптық бөлімдер түрінде құралады. Балалар әр өсімдіктің шығу тегі, сан түрлілігі жайлы деректер жинақтап, одан бөлек жабайы пайдалы өсімдіктер, гүлді-сәндік, ағаш, бұталы өсімдіктерді жүйелі коллекциялап, өз кезегінде шағын дендрарий жасауларына болады.

      Мектеп аллеясы. Көптеген мектептерде түлектер мен бірінші сыныптар аллеясына ағаш егу дәстүрі бар. Мұндай мақсатқа мектепке апаратын негізгі аллея сәйкес келеді. Бұл- оқушылар мектеп қабырғасында жүрген уақытта «өз ағаштарын» қамқорлыққа алу мүмкіндігіне ие болатын үлкен тәрбиелік іс. Бұл орайда «Менің ағашым менімен бірге өседі» ұранын ұстануға болады. Мектеп аллеясындағы өскіндерге атаулық тақтайшалар бекітеді. Кезінде ата-аналары еккен ағаштарды күтіп баптау балалар үшін ерекше мақтаныш сезімін ұялатады.

         Спорт алаңының жасыл қалқаны. Спорт кешенін көгалдандыруды мұқият ойластырған дұрыс. Әдетте мектептегі бұл функционалды аймақ едәуір аумақты қамтиды. Спорт алаңын, дене шынықтыру құралдарын, жүгіру жолдарын қоршаған ортадан жасыл желектермен оқшаулауға болады. Әрине, бұл тұста жанкүйерлер мен спортшылардың демалу орындарын ескеру керек. Ағаштарды көрермендер отыратын орындардың маңына егуге болады. Бұл жерлерге қылқанды және улы өсімдіктер егілмеуі шарт. Спорт кешенін оқшаулайтын тығыз өскіндер біртұтас жасыл реңге ие болуы керек, себебі алабажақ бояу спортпен айналысуға кедергі келтіреді және шуды бәсеңдетеді. Егер стадион мектеп ғимаратынан төмен орналасса, еңістерін бұталармен бекітіп, трибуналар мен скамейкалар орналастыруға болады.

         Мектеп аумағы тығыз жасыл желектермен және тірі қоршаулармен периметр түрінде қоршалады. Басым бағыттағы желдерге төтеп бере алатын терек, үйеңкі, ақ акация отырғызу арқылы қорғаныш жолағы жасалады. Осы мақсатта қолданылатын тірі қоршау долана, сирень өсімдіктерінен тұрады. Көгалдандырудағы мұндай әдістің санитарлық-гигиеналық, архитектуралық-сәндік маңызы зор.

         Аллея мен гүлзарлардың өзара аралас жағдайында олардың алуан түрлілігіне ғана емес, нақты осы табиғи-климаттық аймақтағы өміршеңдігіне де үлкен мән беру керек.

         Білім беру мекемесін көгалдандыру қоршаған ортамен, тұрғын үй секторларымен, қоғамдық ғимараттармен үйлесуі қажет. Мектептің әстетикалық жасыл келбеті қала ландшафтымен үндесе отырып, оның аумағы оқушылардың өз уақыттарын өткізуге тартымды болуы шарт.

         Егер айналада скверлер мен аулалар көп болса, оларды жапырақтары мен жабыны  әр түрлі ағаштармен, күнгей бетін газондармен, гүлзарлармен көркейтуге болады. Ағаштарды көлемі мен биіктігін есепке алып топтап отырғызады. Оларды кварталдардың бұрышына, аллея мен жолдардың қиылысына орналастырған дұрыс. Арша, раушан, сирень сияқты әсем гүлдері бар өсімдіктерді жұпыны ғана  көркем шамдармен, отырғыштармен безендіруге болады. Демалуға арналған мұндай алаңшалар әдетте ғимаратқа жақын  орналастырылады. Төменгі сынып оқушыларына арналған алаңдар ағаштар мен бұталардан жасалған аласа тірі қоршаулармен қоршалады. Тегіс қырқылып, үйлесімді жасалған қарапайым архитектуралық пішіндегі жасыл қоршаудың өзі жинақы әр береді. Шар тәрізді ақ акациядан, үйеңкіден, қайыңнан тұратын бұрыш ерекше тартымды көрінеді.

         Гүлзарлар – көгалдандырудың маңызды элементі. Оларды мектеп ғимаратының алдына, жол жиектеріне, субұрқақ маңына, газондарға, тромен қоршалған спорт алаңдарының маңына орналастырады. Оларды әсемдеуге бір немесе екіжылдық өсімдіктердің алуан түрі қолданылады. Алайда аумақты шектен тыс гүлзарлармен толтырудың қажеті жоқ.

         Гүлмен безендірудің көп кездесетін түрлері: рабатка, клумба, бордюр, розарий, альпинарий. 

         Рабатка - газонға егілген гүлдер жолағы. Ені 1-3 метрден аспайды. Аласа гүлдер алдыңғы бөлікте, одан соң орташа гүлдер, артқы бөлікте биік гүлдер орналасады. Өрнек түріндегі қарапайым сурет бейнелеу үшін гүлдер таңдауға болады.

         Клумба - шеңбер, шаршы, үшбұрыш сияқты дұрыс геометриялық пішінде болады. Клумба газонда немесе мектеп ғимаратының  алдындағы алаңда орналасады. Кішігірім клумбалар жалпақ, ал ірілері ортаға бағытталған болып келеді. Бұл жерде де суретпен кілем төсеуге болады. Әдетте кіші клумбада өсімдіктің үш сұрыпынан артық отырғызбайды.

         Бордюр - жол жиегіне, газондарға әр түрлі гүлдерден жасалады. Олар тар (50-70 см) және кең (2-5 м) болып келеді. Бұл арада өсімдіктердің биіктігіне, көлеміне, гүлдеу уақытына, гүлдері мен жапырақтарының түсіне қарай таңдау жасалады. Көп ярусты гүлдер отырғызу гармониялық үйлесімді қажет етеді. Гүлдерді гүлдеу кезеңіне қарай алмастыруға болады. Бұл үшін кең таралған пеларгония, бегония, петуния, фуксия гүлдері қолайлы. Алаңдағы гүлдер шектен тыс өсіп кетпеуін қадағалау керек. Бір бөлікке жергілікті гүлдер, екіншісіне флоксы, георгина, астра сияқты гүлді өсімдіктер егуге болады.

         Розарий - әртүрлі топтағы, сұрыптағы раушан гүлдерінен жасалып, бояуы қанық композицияға жатады. Бұл гүлдердің бізге мәлім тұқымдары (шай-буданды, полиантты, буданды-полиантты) мамыр айынан күзге дейін гүлдейді. Бұл гүлдердің пішіні мен түстерінің алуан түрлілігін бағалау қиын, сондықтан мектеп маңын безендіруде барынша қолдануға болады. Көп жағдайда раушан гүлдерін қызғалдақ, крокус, гиацинт гүлдерімен де алмастырады. Солтүстік аймақтарда қыста розарийді жапырақпен, жабынмен бүркейді.

         Альпинарий. Бүгінде альпі тауларын бейнелеу сәнге айналған. Алайда тегіс, жалпақ алаңда ол сәтті шықпайды. Табиғи ландшафта кішігірім еңістер, рельеф қыртыстары, құрылыстан қалған тастар болуы тиіс. Бұл жерде ұшқыр қиялмен бірге үлкен шеберлік қажет. Биік өсімдіктер жарамайтындықтан, аласа бұталар мен құз өсімдіктері алынады. Табиға тастармен үйлесе отырып, «террасаларда» өзіндік альпинарий жасалады, егерде осы жерде ылғал сүйгіш өсімдіктерден суқоймасын жасау мүмкіндігі болса, онда тіпті тамаша бұрыш пайда болады.

         Аумақтың ең жоғары нүктесінен арша,тұт, терек сияқты биік ағаштар орын алады. Бұлай ойластырылған көгалдандыру жұмыстары санитарлық-гигиеналық, сәндік, оқыту функцияларын барынша жан-жақты атқарады.

         Егілген өсімдіктерге күтім жасау. Өсімдіктерді егуден де оларды өсіріп шығару аса маңызды. Бұл жұмыстар тек мектеп биологының, күзетшінің, бақша күтушісінің мойнына артылмауы тиіс. Өсімдіктерді күтіп баптау жұмыстары жаратылыстану пәнінің оқу бағдарламасымен байланысты кезеңдер, сыныптар бойынша топтастырылуы керек. Аса маңызды тәрбиелік мәні бар іс-шараларды мектеп мерекесіне айналдыру қажет. Олар: ағаштар мен бұталар егу, ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын дайындау, құс ұясын ілу сияқты жұмыстар. Осы тәріздес әр мерекеге мұқият дайындық керек, ол еңбек тәрбиесіндегі жалпы мектеп жоспарына мерзімі мен жауапты тұлғаларды көрсете отырып енгізіледі. Егілетін материал, құралдар, өсімдіктің аты, оны егіп, күтіп-баптайтын оқушының аты-жөні жазылған тақтайшалар алдын-ала дайындалады. Биология мұғалімі өсімдікті күтудің толық кестесін жасайды. Онда суару, қопсыту, қоректендіру, қырқу, арамшөбін жұлу уақыттары көрсетіледі. Ең маңызды тұқым жинау кезеңін табиғат қорғау жоспары және мектеп мүддесі бойынша үлкен жауапкершілік екенін ескерте отырып, балаларға жүктеуге болады.

         Балаларға жазғы демалысқа шығар алдында сирек кездесетін, орман және дала өсімдіктерінің тұқымын жинау, гербарий құрастыру жөнінде тапсырмалар берген дұрыс. Ал жаңа оқу жылы басталған уақытта мұғалім бірінші сынып оқушыларымен мектеп алаңына экскурсия-сабақ өткізу барысында егуге арналған гүлді өсімдіктер тұқымдарын биология пәнінің мұғаліміне қалай жинап беруге болатынын көрсетеді. Табиғатқа күзгі саяхат кезінде оқушылар  мектеп жылыжайы үшін көптеген өсімдік тұқымдарын жинай алады.

         Осылайша оқушыларды экологиялық тәрбиелеу үрдісі қалыптасады. Дұрыс ұйымдастырылған мұндай еңбектің педагогикалық тиімділігі жоспарға жауапкершілікпен қарауда жатыр. Сондай-ақ балаларға жасаған жұмыстары үшін оң баға беріп, мадақтаудың маңызы зор.

         Ашық ауада жұмыс істеу, әрине, ауа-райына байланысты кестеге түзету енгізіп отыруға алып келеді. Қолайсыз күндері жабық ғимаратта жұмыс жүргізген дұрыс. Бұл бұрын жасалған жұмыстарды рәсімдеу, есебін жүргізу болуы мүмкін. Жұмыс кестесі мен жоспарын бұлай еріктен тыс өзгертуді балаларға түсіндіру мен белсенді талқылау қажет. Сонымен қатар балалардың ойымен, пікірлерімен бөліскен де жөн. Осы орайда олардың пікірлерін марапаттау ары қарай жұмыс жүргізуге, өз мектептерін өз қолдарымен әсемдеуге, көзделген жоспарды жүзеге асыруға шабыт береді.

      Дереккөз:  «Білім беру мекемесі басшыларының анықтамалығы»  журналы



Подписка на статьи

Чтобы не пропустить ни одной важной или интересной статьи, подпишитесь на рассылку. Это бесплатно.

Участвуй в наших семинарах

Школа

Проверь свои знания и приобрети новые

Записаться
Живое общение с редакцией






© 2007–2017  «Образование  МЦФЭР - Казахстан» 

Все права защищены. Полное или частичное копирование любых материалов сайта возможно только с письменного разрешения редакции  «Образование МЦФЭР - Казахстан». Нарушение авторских прав влечет за собой ответственность в соответствии с законодательством РК.

По вопросам подписки обращайтесь:        +7 (727) 323-62-12/13

По вопросам клиентской поддержки:          +7 (727) 237-77-04


  • Мы в соцсетях
Сайт предназначен для работников сферы образования

Чтобы продолжить чтение, пожалуйста 
зарегистрируйтесь.
Это бесплатно и займет всего минуту, а вы получите:
  • доступ к 3 000+ полезным статьям
  • 3 000+ актуальных ответов от ведущих экспертов
  • Аттеастация, организация контроля, бухучёт и налоги
  • ежедневно обновляемая информация
  • приглашение на участие в семинарах и вебинарах 

У меня есть пароль
напомнить
Пароль отправлен на почту
Ввести
Я тут впервые
И получить доступ на сайт Займет минуту!
Введите эл. почту или логин
Неверный логин или пароль
Неверный пароль
Введите пароль