Бағдарлы оқытуды дамыту тұжырымдамасы

1175
Бағдарлы оқытуды дамыту тұжырымдамасы
Бағдарлы оқытуды дамыту тұжырымдамасы
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңына, елімізде бiлiм беру қызметін одан әрі жетілдірудің (2011-2020 жылдарға арналған) мемлекеттік бағдараламасына сәйкес орта білім беру деңгейіндегі бағдарлы оқыту ісін дамыту көзделіп отыр.

Бағдарлы түрде оқытып-үйрету білім сапасын арттыру, нұсқалы (вариативті) білім беру ортасын жасау, тұлға, қоғам және мемлекет деңгейлеріндегі өзекті әрі перспективалы мәселелерді жүзеге асыру құралдарының бірі ретінде қарастырылады.

Қазақстанда бағдарлы оқыту жүйесін дамыту білім берудің тұлғалық-бағдарланған парадигмасын жүзеге асырудан туындайды. Мұнда басты құндылық тұлға және оның дамуы болып табылады.

Қазақстан мектептерінің 2015 жылдан бастап 12 жылдық білім беру моделіне көшуі 11-12 сыныптарда бағдарлы оқытудың жаңарған үлгісін ұйымдастыруды талап етіп отыр. Ол жоғары сынып оқушыларының білімге деген сұранысын, еңбек рыногының мектеп түлектері дайындығына қоятын талаптарын, білімнің жоғары деңгейін қанағаттандыруды қамтамасыз етуі тиіс.

Шын мәнінде де, Қазақстанда бағдарлы оқыту жүйесін жетілдіру (модернизациялау) ісі аса маңызды сипатқа ие. Өйткені қоғамның, мемлекеттің заманауи талаптары білім беру ұйымдары алдына бағдарлы түрде оқытып-үйрететін мектептер  ұйымдастыру міндетін өткір қойып отыр.

Қазақстанда бағдарлы оқыту жүйесін дамыту:

  • оқытып-үйрету ісін жіктеп-саралаудың (дифференциялаудың) педагогикалық шарттары аясын кеңейтуге, оқушыларды еңбек рыногының одан әрі дамуы жағдайында өз өмір жолын саналы түрде өзі таңдай білуге дайындауға;
  • негізгі мектепті бітірушілердің орта білім алу жолдарын анықтауына әлеуметтік-педагогикалық қолдау көрсетуге игі ықпал ететін болады.

1. Кеңес мектептері кезеңіндегі бағдарлы оқытуды ұйымдастыру тәжірибесі

Мектеп тарихы білім беру мазмұнын, оның формалары мен әдістерін қалыптастыру ісі мемлекеттік білім беру саясаты мазмұнына ықпал ететін саяси ағымдар мен идеологиялық ұстанымдарға тәуелді екендігін айқын көрсетеді.

Қоғамдық-саяси жүйе дамуының әлеуметтік-тарихи аспектілері бағдарлы оқытып-үйрету негізі болып табылатын оқыту ісін жіктеп-саралауды ұйымдастыру тенденцияларына да ықпал етеді.

Кеңес мектебінде қандай формада болса да, саралап оқыту (дифференциациялау) әдісі әрқашан қолданылып келді. Оқытып-үйрету процесін саралауды ұйымдастыруға деген қызығушылықтың күрт арту кезеңдеріне 20-шы, 60-шы, 90-шы жылдарды, ал оның бәсеңдеу кезеңіне – ХХ ғасырдың 30-40-шы, 70-ші жылдарын жатқызуға болады.

20-шы жылдардағы саралау негізінен ІІ сатыдағы мектептерді кәсібилендіру және кәсіпке бағдарлау сипатында көрінді. Мұның әлеуметтік және педагогикалық себептері бар еді. Елдің экономикасындағы  қиыншылықтар, жұмыссыздық жоғары сынып оқушыларының қандай да бір кәсіпті игеруін талап етті. Осылай, кооперативтік-сауда бағдары оқушыларды есеп-қисап, бухгалтерлік, тауар маманы, мәдени-ағартушылық бағдары – кітапханашы, қызыл отау меңгерушісі жұмыстарымен қамтамасыз етті.

60-шы жылдары мектептер өндірістік кәсіптерді қоса оқытып-үйрететін  болды. Орта мектеп жалпы білім беретін пәндер мен арнайы теориялық дайындықтың өндірістік еңбекке баулу қызметімен байланысын қамтамасыз етуі тиіс еді. Негізгі ұстаным белгілі бір тар саламен ғана шектелмеу үшін 8-сыныптан кейін саралау мүмкіндігіне жол ашу еді. Оқыту бағыттары (физика-техникалық, жаратылыстану-агрономиялық, гуманитарлық) теориялық және практикалық білімдердің кең ауқымын қамтуы тиіс болды.

60-шы жылдар кезеңінен педагогикада факультативтік сабақтар, бірқатар пәндерді (математиканы, физика мен агробиологияны, гуманитарлық пәндерді және т. б.) тереңдетіп оқытатын арнаулы сыныптар мен арнаулы мектептер қалды.

Өткен ғасыр 80-ші жылдарының аяғы мен 90-шы жылдарының басында бағдарлы оқыту идеяларын әзірлеу қажеттігі туындады. Ол оқытудың мазмұны мен формаларындағы біркелкіліктен бас тарту, жалпы білім беру жүйесінде жаңа типті оқу орындарын құру мақсатына байланысты еді.

Одақтық республикалардың барлығында лицейлер, гимназиялар, білім беру кешендері, баламалы (мемлекеттік емес) және авторлық инновациялық мектептер, мамандандырылған мектептер (көркемсурет, спорт, музыкалық және т. б.), білім толықтыру мектептері (сыныптар) вариативті білім беруді жүзеге асыру, орта мектеп оқушыларының жоғары сыныптарда жеке білім траекторияларын жасау мүмкіндігі ретінде қарастырылды.

Осылайша, мектепте оқытып-үйрету қызметін саралау проблемасына мүдделілік  қоғамдық даму процесімен, адам құндылықтары, оның дара тұлғалылығы идеясының артуымен, қоғамның индивидуумдар «әртүрлілігі» құндылығын қабылдауымен тікелей байланысты болып отыр. Мектептердің, оқыту мазмұны мен формаларының біркелкілігі жағдайында саралап оқыту түрі – бағдарлы оқыту идеясы қажет болған жоқ.

2. Шетелдік тәжірибедегі бағдарлы оқытуды ұйымдастыру үрдістері

Экономикалық дамыған мемлекеттерде елдің мәдени және тарихи дәстүрлерімен байланысты бағдарлы оқытуды жүзеге асырудың әр түрлі үлгілері бар. Атап айтқанда, олардың басты бағыттары мыналар:

  • негізгі мектептегі білім беру мазмұнын әрі қарай жоғары сыныптарда саралау арқылы бір ізге салу. Мәселен, Финляндияда ХХ ғасырдың 90-шы жылдары басынан оқушыларды қабілетіне және тіпті мәнсапты таңдауына қарай топтарға (сыныптар, ағымдар, оқу орындары) бөлу дәстүрінен үзілді-кесілді бас тартты;
  • міндетті оқу пәндерінің (курстарының) санын мүмкіндігінше азайту (6-7 пән). Міндетті пәндерге жаратылыстану ілімі, шетел тілдері, математика, ана тілі, дене шынықтыру жатады;
  • бағыт санын 2-ден 4-ке дейін азайту. Германияда жаратылыстану және техникалық-математикалық, өндірістік-экономикалық, әлеуметтік-экономикалық бағыттар деп сынып ішінде 3 топқа бөлу мүмкіндігі бар. Францияда жоғары сыныптар 4 бөлімге (бағытқа) бөлінеді: гуманитарлық, технологиялық, әлеуметтік-экономикалық және жаратылыстану. Бағыттар ішінен практикалық тұрғыдағы көптеген оқу бағдарлары ұйымдастырылады;
  • жоғары және орта білім ағымдарын «академиялық» (жоғары мектепке бағдарланған) және «академиялық емес» (жалпы біліммен қатар кәсіби мамандық алу және әлі де болса бағдары анықталмағандарды өмірге даярлау) оқу орындары ретінде саралау;
  • міндетті білім алуды оқушылар 15-16 жасқа толғанда аяқтайды. Халықаралық қауымдастықта мұны 18 жасқа дейін жалғастыру туралы пікірлер бар;
  • оқуын жоғары орта мектепте жалғастырушы оқушылардың үлес салмағын 70 %-ға дейін арттыру;
  • орта білім алуды ұйымдастыру ісі мен жаңа типті оқу орындары формаларының күрделене түсуі және диверсификациялану үрдістерінің өсуі. Бірқатар елдерде мектептің жоғары сыныптары жеке оқу орындарымен біріктірілген. Көптеген елдерде жоғары білім мазмұнын мектептен тыс мекемелерден алуға болады. Мұны жалпы және кәсіби оқыту курстары қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар көптеген елдерде сырттай және кешкі оқыту формалары кеңейтіліп, оқушылардың оқуды өз кәсібімен немесе өзге кәсіби қызмет түрлерімен ұштастыруына жағдай жасалған;
  • кәсіптік-техникалық оқу орындары орта білім беру жүйесіне қосылған, бұл «вертикальды» әлеуметтік оңтайлылықты, жоғары мектепке қол жеткізілімді қамтамасыз етуге игі ықпал етеді. 

3. Қазақстанда бағдарлы оқытуды ұйымдастыру тәжірибесі

Қазақстанда бағдарлы оқытуды ұйымдастырудың екі кезеңін бөліп атауға болады.

I кезең ХХ ғасыр 90-шы жылдарының бас кезімен байланысты. Бұл кезең оқу орындары үлгілерін жасау мен дамыту (лицейлер, гимназиялар, мамандандырылған мектептер, дарынды балаларға арналған мектептер, халықаралық мектептер), мемлекеттік емес секторлар оқу орындарын құру, авторлық оқу курстары бағдарламаларын әзірлеу, білім беру технологияларын қолдану аясын кеңейту жұмыстары арқылы ерекшеленді.

1994 жылы республика педагогтары базистік оқу жоспары ұғымымен алғаш рет ұшырасты. Базистік оқу жоспары, Қазақстан Республикасы Білім Министрлігінің бұйрығында көрсетілгендей, «аймақтық және жұмыстық оқу жоспарын жасау негіздері» ретінде бекітілді. Аталған бұйрықпен жалпы орта білім беру жүйесіне арналған оқу жоспарларының 28 нұсқасы бекітілді. Ұсынылған нұсқалар мектептің 10-11 сыныптарында оқытуды бағдарлы саралау принципі бойынша ұйымдастыруға бағытталды.

Қазақстанда бағдарлы оқытуды ұйымдастырудың негізгі идеялары Қазақстан Республикасында жалпы білім беретін мектептерді дамыту тұжырымдамасы (1996) мен Жалпы орта білім беру мазмұнының тұжырымдамасында (1996) көрініс тапты.

Білім берудің көпнұсқалылығын, оқытуды саралау идеяларын дамытуды қолдау мақсатында 2000 жылы Қазақстанда гимназиялар мен лицейлер қызметін ұйымдастыру тәртібі туралы Ережелер әзірленді.

2000 жылы қабылданған мемлекеттік «Білім беру» бағдарламасында «оқытуды деңгейлі және бағдарлы саралау мен даралауды жүзеге асыру үшін, соның ішінде мұны оқушы саны аз сыныптар жағдайында да орындау» үшін «оқу процесін түбегейлі жаңаша ұйымдастыру және педагогикалық қызметкерлердің дайындық деңгейін жақсарту» қажеттігі айтылған.

Бағдарлы оқыту идеяларын жүзеге асырудың II кезеңі ҚР Мемлекеттік жалпыға міндетті орта білім беру стандартының «Негізгі ережелерін» (ҚР МЖБС 2.003-2003) қолданысқа ендірумен байланысты. Бұл құжатта жалпы орта білім берудің жоғары сатысына тән бірқатар сипаттамалар белгіленген, ол Қазақстанда 2006/2007 оқу жылынан бастап бағдарлы оқытуды ұйымдастыруға негіз болды.

Бағдарлы оқытудың нормативтік мерзімі 2 жыл деп белгіленген (10-11 сыныптар). Оқушылардың танымдық ықыласы мен шығармашылық қабілеттерін дамыту да, саралап оқыту негізінде өздігінше оқып-үйрену дағдыларын қалыптастыру ісі де бағдарлы оқыту міндеттеріне жатқызылды. Бағдарлы оқыту мазмұнын таңдау базалық білім беруді қамтамасыз ететін функционалдық толымдылықты, сондай-ақ жалпы орта білім беру сатылары (бастауыш, негізгі, жоғары) арасындағы сабақтастықты сақтау принциптері арқылы жүзеге асырылды.

Мемлекеттік жалпыға міндетті орта білім беру стандартына (ҚР МЖБС 2.003-2003) сәйкес 10-11 сыныптарда бағдарлы оқыту қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттары бойынша жүзеге асырылады. Бағдарлы оқытуды осылайша ұйымдастыру, болжам бойынша, бастауыш кәсіптік, орта кәсіптік және жоғары білім алуға негіз болады.

Бүгінгі күні Қазақстанда 11 жылдық білім беру стандарттарын жүзеге асыруға байланысты 10-11 сыныптарда бағдарлы оқытудың қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттары бойынша екі деңгейлік оқу бағдарламалары мен оқу-әдістемелік кешендері жасалды.

Республика педагогтары инновациялық процестер жағдайында 10-11 сынып оқушыларын бағдарлы оқыту мазмұнының вариативті компонентін жүзеге асыратын курстар бойынша оқу бағдарламаларын әзірледі.

Қазақстанда бағдарлы оқыту формаларын дамытудың ұнамды тәжірибесі бар. Мәселен, Қарағанды облысында бірнеше ауылдық мектепті бір желіге қосып біріктіру жақсы нәтиже көрсетті. Желі орталығы – бұл серіктес мектептерді оқу-әдістемелік құралдармен, кадрлармен қамтамасыз ете алатын,  ресурстық қызмет атқара алатын оқу орны.

Осылайша, мемлекеттік жалпыға міндетті орта білім беру стандарты (ГОСО-2002) шеңберінде бағдарлы оқытуды жүзеге асыру барысы мұны ұйымдастырудың белгілі бір дәрежеде әлеуметтік және педагогикалық тәжірибелері жинақталғандығын көрсетеді.

Дегенмен, Қазақстанда жүргізілген сауалнама нәтижелері 11 сынып оқушыларының 73,2 %-ы болашақ кәсібін әлі таңдай алмағандығын көрсетеді. Ал кәсібін таңдаған оқушылардың 30 %-ы неліктен сол кәсіпті таңдап алғанын негіздеп бере алмаған.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде жалпы орта білім алғысы келетін 9 сынып бітірушілері санының артып отырғандығы байқалады.

Өткен тәжірибелерге сүйене отырып 12-жылдық білім беру жағдайындағы бағдарлы оқыту үлгісін жасау кезінде мынадай ұстанымдар ескерілуі қажет деп білеміз:

  • бағдарлы оқыту ісі білім берудің баламалылығы (вариативтілігі) арқылы сүйемелденуі тиіс. Ол оқу орындарының үлгілеріндегі, білім мазмұнындағы, оқытып-үйрету технологиялары деңгейлеріндегі көп нұсқалалық сипатынан көрінбек;
  • жоғары сыныптарда бағдарлы оқыту мазмұнын жүзеге асыру үшін жаңа формацияның педагогы қажет;
  • негізгі орта білім беру деңгейінде бағдарлы оқыту міндеттері оқушылардың бағдаралды дайындығын ұйымдастыру арқылы орындалады;
  • білім беру сапасын сырттай бағалау жүйесі бағдарлы оқыту идеяларын қолдауға және дамытуға бағытталуы тиіс;
  • бағдарлы оқыту жүйесін жасау, соның ішінде оны толымдылығы шағын мектептерде ұйымдастыру үшін белгілі бір әлеуметтік-экономикалық жағдайлар болуы қажет.

4. 11-12 сыныптарда бағдарлы оқытуды ұйымдастырудың мақсаты, міндеттері және негізгі қағидалары

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес жалпы орта білім техникалық және кәсіптік біліммен қатар орта білімнің құрамдас бөлігі болып табылады.

Жалпы орта білім берудің мақсаты жоғары сынып оқушыларының өздігінен әрекет ету қабілеттерін дамытуды, олардың кез келген жағдаяттарды, күнделікті тіршіліктегі жағдайды құндылық тұрғысынан пайымдауға дайындығын, өзіне қажетті ақпараттарды өз бетінше таңдауын және кез-келген мәселелерді адамгершілікпен шеше білуін, әлеуметтік және кәсіби бағдарлануын қамтамасыз ету болып табылады.

Структура среднего образования определяет возможные пути получения общего среднего образования учащимися после освоения программ основного среднего образования (10 класс):

Орта білім құрылымы оқушылардың негізгі орта білім бағдарламасын (10 сынып) игергеннен кейінгі жалпы орта білім алу жолдарын белгілеуге бағыт сілтейді:

1. Әр түрлі типтегі жалпы білім беретін ұйымдарда жалпы орта білім алу мүмкіндігі. Бұл жағдайда білім беру процесінің негізгі мақсаты – оқушылардың әрі қарайғы кәсіби бағдарлануы, кәсіптік білім беру ұйымдары бағдарламасын игеруі үшін жалпы орта білімдік дайындықтарын қамтамасыз ету. Бұл бағдарлы оқытуды қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттар аясында ұйымдастыру арқылы білім беру мазмұнын саралау мен интеграциялау негізінде жүзеге асады.

Оқушылардың өз мақсат-мүдделеріне, қабілеттеріне, қалаған мамандықтарына сәйкес оқыту деңгейін, формасын және тәсілдерін, жеке шығармашылық бағдарламаларды таңдап алуына мүмкіндік беріледі.

Мектеп түлектері білімнің келесі деңгейлерін игеру үшін қажетті әлем, қоғам және адам туралы жүйеленген түсініктерді, танымдық және коммуникативтік іс-әрекет түрлерін меңгереді. Оқушылардың қалаған бағыты аясында пәндік білім мен біліктілікті игеруі әлеуметтік және кәсіби бағдарлануына негіз болып табылады.

2. Техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы орта білім алу мүмкіндігі.

Білім беру процесінің негізгі мақсаты – 1-2 курс оқушыларының жалпы білім дайындықтарын қамтамасыз ету. Бұл Қазақстан Республикасында жалпы орта білім беру жөніндегі мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа сәйкес оқу жоспарының инвариантты бөлігіне тән пәндер бағдарламаларын, сондай-ақ қоғамдық-пайдалы қызметтің негізгі бағыттары бойынша техникалық және қызмет көрсету саласы мамандарын даярлауға бағытталған кәсіби білім беру бағдарламаларын игерту арқылы жүзеге асырылады.

Осыған орай жалпы орта білім беру жүйесіндегі бағдарлы оқытудың рөлі қайта ой елегінен өткізіледі.

Бағдарлы оқыту – білім беру процесінің жоғары сыныптарда оқытып-үйрету ісін саралауды және даралауды қамтамасыз ететін ұйымдастыру жүйесі. Оның құрылымы мен мазмұны оқушылар мақсат-мүдесі мен бейімділіктерін жүзеге асыруға, олардың болашақ кәсіби қызметін таңдап алуына бағыт-бағдар беруге арналған.

Бағдарлы оқытудың мақсаты – Қазақстан Республикасы «Білім туралы» заңына сәйкес оқыту жүйесін «білім алушыларды кәсіптік білімге дейінгі дайындыққа бағдарлауды жүзеге асыру үшін білім мазмұнын саралау, интеграциялау және кәсіпке бағдарлау негізінде» құру.

Бағдарлы оқытудың міндеттері:

  1. Білім беру жүйесінің ұлттық мақсаттарға қол жеткізуіне ықпал ету. Ол  Қазақстан азаматының сындарлы рөлі секілді базалық құзыретті арттыру, оқушылардың әлеуметтену мүмкіндіктерін кеңейту сипатында жүзеге асырылады.
  2. Оқушыларды 11-12-сыныпта оқытып-үйрету мазмұнын және оның процесін саралау үшін нормативтік, ұйымдық және педагогикалық жағдайлар жасау, жалпы орта білім берудің жеке оқу жоспарларын жобалау мен жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыру.
  3. Оқушылардың өз қабілет-қарымына, мақсат-мүддесіне және талап-тілегіне сәйкес сапалы білім алуына ықпал ету.
  4. Орта және кәсіби білім беру деңгейлерінің сабақтастығын қамтамасыз ету.

Бағдарлы оқытуды ұйымдастыруда мына қағидалар басшылыққа алынады:

  1. Қазақстан Республикасы белгілеген жалпы орта білім беру деңгейінің жалпыға міндетті мемлекеттік стандарты бағдарлы оқыту тұрғысындағы жаратылыстану-математикалық, қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша жалпы орта білім беру мазмұнын айқындауға негіз болып табылады.
  2. Бағдарлы оқыту моделі оқушылардың білім алуға деген талап-тілектеріне, оқу орнының білім беру процесін, соның ішінде әлеуметтік серіктестерді қатыстыра отырып ұйымдастыру мүмкіндіктеріне сәйкес таңдалып алынады.
  3. Бағдарлы оқыту бағдарламалары 11-12-ші Бейінді мектеп сыныптарында жүзеге асырылады.
  4. Жалпы орта білім беру мазмұны 11-12-ші Бейінді мектеп сыныптарында, сондай-ақ, техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беретін ұйымдардың 1–2 курстарында оқытылады.
  5. Білім беру мазмұны оқу бағдарламалары мен әдебиеттерінің вариативтілігін қамтамасыз етуді, интеграцияланған оқу курстарын қолданысқа енгізуді, мектептің өз бағдарлы оқыту бағыты мен бейімін, оқушының өз курстар құрамын таңдап алуын талап етеді.
  6. Оқытуды саралау ісі оқытып-үйретудің тиімді технологиялары арқылы қамтамасыз етіледі. Ол жоғары сынып оқушыларының зерттеу жүргізуін, пікірсайсын, құрастыру, жобалау секілді жұмыстар атқаруын ұйымдастыру мәселелерін де қамтиды.
  7. Бағдарлы оқыту мазмұнын жүзеге асыру кәсіби ой-өрісі кең, технологиялық мәдениеті жоғары педагогтың ғана қолынан келеді.

5. Бағдарлы оқыту мазмұнының құрылымы

Бағдарлы оқыту мазмұны жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар аясында жүзеге асырылады.

Жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша бағдарлы оқыту мазмұны екі ұстанымды ескере отырып айқындалады:

  • білім беру мазмұны 11-12-сынып оқушыларының жеке мақсат-мүддесі мен қабілет-қарымын ескеруге мүмкіндік беретін педагогикалық жағдайлар жасауға бағытталуы тиіс;
  • бағыттар аясындағы білім беру мазмұнын айқындаған кезде оқушылардың базалық жалпы білім алу процесін аяқтауға даярлығын қамтамасыз ететін міндетті оқу пәндері азайтылуы тиіс.

Бағдарлы оқыту жүйесінің икемділігі мынадай оқу пәндері арқылы қамтамасыз етіледі: базалық пәндер (инвариантты компонент), бағдарлы пәндер (вариативті мектеп компоненті), таңдауы бойынша міндетті пәндер және мақсат-мүддесі бойынша таңдап алынған курстар (вариативті оқушы компоненті).

Пайыздық қатынасқа шаққанда инвариантты, вариативті мектеп, вариативті оқушы компоненттерінің үлес салмағы тиісінше 60:30:10 мөлшерін құрайды.

Базалық жалпы білім беретін пәндер оқыту бағыттарына (жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық) тәуелсіз міндетті оқу пәндері болып табылады. Инвариантты компоненттегі базалық жалпы білім беретін пәндердің тізіміне мыналар енеді: ана тілі, қазақ тілі (оқу қазақ тілінде жүргізілмейтін мектептерде) / орыс тілі (орыс тілінен басқа тілде оқытатын мектептерде) шетел тілі, математика, адам және қоғам, өзін өзі тану, жаратылыстану, дене шынықтыру, ақпараттық технологиялар мен жүйелер.

Жалпы білім беретін базалық пәндер жүйесі орта білім беру мазмұнының функционалдық толымдылығын қамтамасыз етеді. Жалпы алғанда, міндетті пәндер базалық білім мазмұнының біртұтас негізі ретінде мемлекет мүддесін білдіреді, оқушыларды жалпы мәдени және ұлттық құндылықтарға тартады.

Оқу орны бағдарлы оқытудың қандай да бір бағыты аясында қалаған бағдарын ұйымдастырады. Оқыту бағдарының мазмұны жалпы орта білім беруге арналған оқу жоспарының бағдар пәндері, мектеп компонентінің таңдау бойынша міндетті пәндері және ішінара оқушы компонентінің мақсат-мүддесі бойынша курстары  есебінен қамтамасыз етіледі. Бағдар пәндерін, міндетті пәндерді, таңдау бойынша міндетті пәндер мен оқушы компонентінің мақсат-мүддесі бойынша курстарды үйлестіру есебінен әмбебап бағдарлы оқыту курсы ұйымдастырылуы мүмкін.

Бағдарлы пәндер жоғары сыныптардағы оқыту бағытын айқындайды. Жаратылыстану-математикалық бағыт физика, химия, биология, география, информатика пәндері құрамымен қамтамасыз етіледі. Оқытудың қоғамдық-гуманитарлық бағытына әдебиет, әлемдік көркем мәдениет, қоғамтану, мемлекет және құқық негіздері, шешендік өнері пәндері енеді.

Базалық, бағдарлы пәндер жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты деңгейін қамтамасыз етеді.

Мақсат-мүдделер бойынша курстар оқу жоспарының оқушы компоненті есбінен жүзеге асырылады. Мақсат-мүдделер бойынша курстар жалпы білім беретін бағдарлы пәндердің қолданбалы сипатын қамтамасыз етуге немесе оқушылардың таңдап алған бағдарынан бөлек жеке мүдделерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Мақсат-мүдделер бойынша курстар қолданыстағы оқу бағдарламалары арқылы немесе оқушының жеке мүмкіндіктерін есепке ала отырып жасалған авторлық бағдарламалар арқылы белгіленеді.

6. Бағдарлы оқытуды ұйымдастыру нұсқалары

11-12 сыныптардағы бағдарлы оқытудың мақсаты мен құрылымы оны ұйымдастыру формаларының алуан түрлі болуын талап етеді. Бағдарлы оқыту нұсқаларын таңдау оқу орындарының білім беру ресурстарымен қамтамасыз етілу жағдайына байланысты.

Бағдарлы оқыту мектепшілік және желілік нұсқалар арқылы ұйымдастырылады.

Бағдарлы оқытуды ұйымдастырудың мектепшілік нұсқасы. Жалпы білім беретін ұйымдар бағдарлы оқыту бағытын оқушылардың білім алуға деген талап-тілектеріне, мамандардың әлеуетіне және ұйымның оқу-әдістемелік жағынан қамтамасыз етілуіне байланысты өздері айқындайды.

Бірбағдарлы оқыту кезінде (грек сөзі. Мonos - біреу, жалғыз) оқу орны бағдарлы оқытудың бір ғана бағытын (жаратылыстану-математикалық немесе қоғамдық-гуманитарлық) жүзеге асырады.

Көпбағдарлы оқыту кезінде (грек тілінде polys – көп, көптеген, ауқымды дегенді білдіреді) оқу орны бағдарлы оқыту бағыттарының (жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық) әртүрлі бағдарларын жүзеге асырады.

Бағдарлы оқытуды ұйымдастырудың желілік нұсқасы. Бұл нұсқа бойынша бағдарлы оқыту мақсаты мен міндеттері өзге білім беру ұйымдарының ресурстарын қатыстыру есебінен жүзеге асырылады. Білім берудегі мұндай ынтымақтастықтың 2 нұсқасы қарастырылады:

  • жалпы білім беретін бірнеше ұйым ортақ желіге бірігеді; мамандармен, материалдық ресурстармен және оқу-әдістемелік жағынан неғұрлым жеткілікті қамтамасыз етілген оқу орны олардың орталығы болады. Бұл  желі бойынша базалық жалпы білім беретін пәндерді, бағдарлы жалпы білім беретін пәндерді немесе таңдау бойынша міндетті пәндер мен таңдау бойынша курстарды жүзеге асыру механизмдерін және тақырыптық тізімдерін ұйымдардың өздері айқындайды.
  • оқу орны қосымша білім беретін, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беретін ұйымдардың қосымша білім беру ресурстарын пайдаланады. Оқушының мемлекеттік стандарт аясында «негізгі» оқу орнында ғана емес, сонымен бірге қашықтықтан оқыту курстары, сырттай оқытатын мектептер арқылы желіге енетін басқа ұйымдар бойынша да жалпы орта білім алуға мүмкіндігі болады.

7. Бағдарлы оқытуды ұйымдастыру жүйесіндегі бағдаралды дайындық

11-12 сыныптардағы бағдарлы оқытудың мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыру үшін 9-10 сынып оқушыларын жоғары сыныптарда бағдарлы бағыттардың бірін немесе білім алуды жалғастырудың өзге жолдарын таңдауға дайындау жөнінде мақсатты педагогикалық жұмыстар жүргізілуі қажет.

Бағдаралды дайындық педагогикалық ұжымның психологиялық-педагогикалық, ақпараттық және ұйымдық қызметінің жүйесі ретінде қарастырылады. Бағдаралды дайындық жүйесі 9-10 сынып оқушыларының жалпы орта білім беру деңгейінде оқуды одан әрі жалғастыру жолын өздігінше таңдап алуына көмектеседі. Ол не жалпы білім беретін оқу орнының 11-12 сыныптарында оқитын, не өз білімін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жалғастыратын болады. Бұл жүйе оқушының өз жолын өзі таңдаудағы алғашқы қадамын жасауына мүмкіндік береді.

Бағдаралды дайындықтың міндеттері:

  1. Оқушылардың болашақ кәсіби қызметін саналы түрде таңдауына мүмкіндік беретін танымдық және кәсіптік мақсат-мүдделері ауқымын кеңейту.
  2. Оқушыларға өмірлік, әлеуметтік құндылықтарды, соның ішінде өз кәсіби бағдарын өзі айқындауына ықпал ететін таным-түсініктерді игеруіне психологиялық-педагогикалық көмек көрсету.
  3. Оқушылардың білім алу бағытын, мамандық алу жолдарын таңдауға байланысты саналы шешім қабылдау қабілетін дамыту.

Бағдаралды дайындық құрылымы педагогикалық қызметтің бірқатар бағыттарын: ақпарат, диагностика, кеңес беру, таңдау қызметтерін қамтиды.

Бағдаралды дайындықтың мақсат-міндеттеріне жету қажетті қорлары бар білім беру ұйымдарының алуан түрін: мектепті, қосымша білім беру ұйымдарын, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын, жоғары оқу орындарын қамтитын білім беру желісін құру мүмкіндігі арқылы қамтамасыз етіледі.

9-10 сыныптардағы бағдаралды дайындық оқу жоспарының жалпы көлемі аптасына 4 сағатты құрайтын вариативті компоненттегі таңдау курстарының мазмұны мен оқушы компонентіндегі жеке сабақтар арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, бағдаралды дайындық инвариантты компоненттегі жалпы білім беретін пәндердің мазмұны арқылы да жүзеге асырылады.

Бағдаралды дайындық орта білім беру деңгейіндегі оқушылардың сабақтағы және сабақтан тыс қызметіндегі білім жетістіктерін жинақтау формасы ретіндегі портфолио (жеке «Оқу жетістіктері портфелін») жасауды көздейді. Портфолио оқушылардың оқу және шығармашылық белсенділігін, қызығушылық бағытын, бағдаралды дайындығы сипатының динамикасын көрсетеді.

8. Бағдарлы оқыту жағдайында оқушыларды аттестациялаудың ерекшеліктері

Бағдарлы оқыту жағдайындағы оқушыларды аттестациялау ерекшеліктері 12-сыныпты бітірушілердің бірыңғай ұлттық тестілеу түріндегі мемлекеттік аттестациялаудан өтуіне байланысты болып келеді. Мұнда оқушылардың білім нәтижелері 6 деңгей бойынша бағаланады (1- кезең).

Бағдарлы оқыту жағдайында портфолиоға ерекше мән беріледі. Портфолио оқушылардың оқу және әлеуметтік-маңызды тұлғалық жетістіктерін көрсету тәсілі ретінде қарастырылады. Сондай-ақ, ол оқушының болашақ мамандықты саналы түрде таңдауы мен мансаптық өсуге ынтасының қалыптасу деңгейін бейнелейді. Оқушы мүмкіндігін дәлелдейтін әрқилы  құжаттар түріндегі портфолионың мазмұны білім берудің келесі деңгейлеріндегі оқыту траекториясын әрі қарай анықтау кезінде ескеріледі. Портфолионың болуы кәсіптік білім беру ұйымдарына таңдап алған мамандық бойынша үздік оқуға қабілетті оқушылар контингентін айқындауға мүмкіндік береді.

Білімін жоғары оқу орындарында жалғастыру үшін орта білімі туралы аттестат алған мектеп түлектері бірыңғай ұлттық тестілеу негізінде конкурсқа қатысады (2 кезең).

9. Бағдарлы оқыту қызметіндегі педагогикалық кадрлар

Бағдарлы сыныптардың мұғалімі білім беру процесі мен білім беру сапасын нәтижеге бағдарлай отырып, тиімді басқаруы тиіс. Бұл орайда мұғалімнің кәсіби деңгейі мен біліктілігі жоғары болуы керек, ол білім беру процесін жүргізуде оқушылардың қызығушылығын, бейімі мен қабілет-қарымын неғұрлым толық ескеріп отыруы қажет. Оқушылардың оқу бағдарын және болашақ мамандығын дұрыс таңдауында да мұғалім рөлі айрықша.

Мектепте бағдарлы оқытуды жүзеге асыруға қажетті шарттардың бірі мұғалім кадрларын қайта даярлау және жаңа типтегі мұғалімдерді дайындау болып табылады.

Келешекте 12-жылдық білімге көшу ісіне байланысты жоғары мектептер алдына үлкен міндет қойылып отыр. Ол болашақ мұғалімдерді қоғам мен білім жүйесінің жаңаруына сәйкес күрделі жағдайларда жұмыс жүргізуге қабілетті маман етіп шығару үшін қажетті шаралар қабылдауы тиіс.

Бағдарлы оқытудағы бағыттардың типтік оқыту жоспарына сәйкес интеграцияланған пәндерді, сондай-ақ бірқатар жаңа пәндерді қолданысқа ендіру көзделіп отыр. Соған байланысты ұйымда қызмет істеп жүрген педагогтар қайта даярланған жағдайда мына пәндерден сабақ берулеріне болады: тарих және география мұғалімдері –«Қазақстан және қазіргі заман» пәнінен; физика, химия, биология пәндерінің мұғалімдері – «Жаратылыстанудан»; психологтар мен гуманитарлық пәндер мұғалімдері «Өзін өзі танудан»;  информатика, технология және сызу пәндерінің мұғалімдері – «Ақпараттық технологиялар мен жүйелер» пәнінен; «тіл және әдебиет, шет тілі пәндерінің мұғалімдері – «Әлемдік көркем мәдениет» пәнінен; тіл және әдебиет пәндерінің мұғалімдері – «Шешендік өнері» пәнінен; сызу, бейнелеу өнері пәндерінің мұғалімдері– «Дизайн және жобалау» пәнінен дәріс берулеріне мүмкіндіктері бар. 

10. Қазақстан Республикасында бағдарлы оқытуды дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру шарттары

Қазақстан Республикасында бағдарлы оқытуды дамыту тұжырымдамасының негізгі идеяларын жүзеге асыру мынадай қажетті шарттар орындалған жағдайда мүмкін болады:

1. Нормативтік-құқықтық шарттар:

  • орта білім беруді нормативтік-құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етуді бағдарлы оқытудың мақсат-міндеттерімен сәйкестендіру;
  • бағдаралды дайындық пен орта білім беру деңгейіндегі бағдарлы оқыту жағдайларына байланысты жоғары оқу орындарында және оларды бітіргеннен кейін педагогикалық қызметке даярлау жөніндегі кәсіби білім беру стандарттарын жаңарту.

2. Кадрлармен қамтамасыз етуге байланысты шарттар

  • облыстардың, Астана және Алматы қалаларының, сондай-ақ, өзге де қала, аудан білім беру басқармаларының, педагог кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институттарының басшылары мен мамандарын бағдарлы мектеп жағдайында жұмыс істеуге дайындау;
  • бағдаралды дайындықты және бағдарлы оқытуды ұйымдастыру үшін педагогты кәсіби дамыту (біліктілігін арттыру және қайта даярлау) стандартын жасау;
  • педагогикалық басылымдар, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жоғары сынып оқушыларын оқытып-үйретудің моделін жаңарту жөніндегі негізгі идеяларға байланысты белсенді түрде түсінік жұмыстарын жүргізу.

3. Ғылыми-әдістемелік шарттар: бағдарлы оқытуға байланысты білім беру процесін ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету және оны дамыту.

4. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету, қаржыландыру шарттары:

  • бағдарлы оқыту жүйесін қаржыландырудың жаңа механизмдерін жасау;
  • Бейіндік мектеп ғимараттарын салу.

Дереккөз:  «Білім беру мекемесі басшыларының анықтамалығы»  журналы



Подписка на статьи

Чтобы не пропустить ни одной важной или интересной статьи, подпишитесь на рассылку. Это бесплатно.

Участвуй в наших семинарах

Школа

Проверь свои знания и приобрети новые

Записаться
Живое общение с редакцией






© 2007–2017  «Образование  МЦФЭР - Казахстан» 

Все права защищены. Полное или частичное копирование любых материалов сайта возможно только с письменного разрешения редакции  «Образование МЦФЭР - Казахстан». Нарушение авторских прав влечет за собой ответственность в соответствии с законодательством РК.

По вопросам подписки обращайтесь:        +7 (727) 323-62-12/13

По вопросам клиентской поддержки:          +7 (727) 237-77-04


  • Мы в соцсетях
Сайт предназначен для работников сферы образования

Чтобы продолжить чтение, пожалуйста 
зарегистрируйтесь.
Это бесплатно и займет всего минуту, а вы получите:
  • доступ к 3 000+ полезным статьям
  • 3 000+ актуальных ответов от ведущих экспертов
  • Аттеастация, организация контроля, бухучёт и налоги
  • ежедневно обновляемая информация
  • приглашение на участие в семинарах и вебинарах 

У меня есть пароль
напомнить
Пароль отправлен на почту
Ввести
Я тут впервые
И получить доступ на сайт Займет минуту!
Введите эл. почту или логин
Неверный логин или пароль
Неверный пароль
Введите пароль