Ұзартылған күн тобындағы өзін өзі даярлау

428
Ұзартылған күн тобындағы өзін өзі даярлау
Ұзартылған күн тобындағы өзін өзі даярлау
Ұзартылған күн тобындағы өзін өзі даярлау өздігінше оқып-үйрену дағдыларын қалыптастыру бағытындағы үй тапсырмаларын орындауға байланысты оқу процесін ұйымдастыру формасы.

Өзін өзі даярлау тәрбиенің мынадай бірқатар мәселелерін шешуге көмектеседі:  

  • Өздігінше жұмыс жүргізу мен өздігінше білім алу дағыларын дамыту және бекіту.
  • Оқушыларды ұйымшылдыққа, жинақылыққа, тәртіптілікке және ұқыптылыққа тәрбиелеу.
  • Оқушылардың білім алуға деген оң көзқарасын, үйге берілген оқу тапсырмаларын дер кезінде және белгіленген уақытта орындауға деген ынтасы мен талабын, қабілет-қарымын қалыптастыру.
  • Анықтамалықтарды, сөздіктерді, қосымша әдебиеттерді пайдалануға деген ынта, талабын, кітапханада жұмыс жүргізе білу қабілетін дамыту.

Өзін өзі даярлау нәтижесі көбіне-көп сабақтың тиімділігіне, игерілген материалдың беріктігіне байланысты. Оқу жұмыстарын өздігінше, дербес жүргізе білу негізі сабақта қаланады. Оқу материалының нақты да, айқын түсіндірілуі, оны түбегейлі бекіту, тапсырманы дұрыс ұғындыру оқушының бағдарлама тақырыбын толық игеруіне, үй тапсырмаларын әрі сапалы, әрі жылдам орындауына жол ашады.

Үй тапсырмаларын орындау оқушыдан өздігінше жұмыс істей білуді, ұйымдастырушылық қасиетті, ой еңбегіне деген қабілет-қарым мен дағдыны талап етеді. Мұғалім оқушыға тапсырмаларды қайткенде жылдамырақ орындауға болатыны, кездесетін қиындықтарды қалай жеңу керек екені, не нәрсеге баса назар аудару қажеттігі туралы мұқият нұсқаулар беруі тиіс. Балаларды жұмыста қиындық тудыратын тұстарды анықтап алуға дағдыландырып, үй тапсырмалары бойынша сұрақтар беруге үйрету керек. Егер үлгісі болса, соған назар аудартып, жоқ болса – балаларды тікелей қатыстыру арқылы бір-екі мысал талдаған жөн.

Ұзартылған күн тобындағы өзін өзі даярлау – мұғалім мен тәрбиеші жұмысындағы сабақтастыққа байланысты негізгі проблема. Мұғалім өз күш-жігерін балалардың өзін өзі даярлау кезінде игеруге немесе бұған дейін алған білімдерін тереңдетуге қажетті білім, қабілет, дағдыларын жетілдіре түсу мақсатына шоғырландыруға, ал тәрбиеші – бұл бағыттағы танымдық қызметті ұйымдастыру формаларын таңдауға (мәселен, кітап бойынша және творчестволық бағытта жұмыс жүргізу).

  

Мұғалім мен тәрбиешінің өзара бірлесіп әрекет ету формалары

Егер мұғалім ұзартылған күн тобының тәрбиешісі қызметін де қоса атқаратын болса, оның алдында бұл проблема тұрмайды. Өйткені ол үйге қандай тапсырма берілгенін, балалардың нені шала түсінгенін, үй тапсырмаларын орындауды ұйымдастыру кезінде қай нәрсеге назар аудару қажеттігін жақсы біледі.

Ал, егер тәрбиеші ол сыныптың мұғалімі болмаса ше? Онда мұғаліммен өзара бірлесіп әрекет ету жұмыстарын қалай ұйымдастыруға болады? Оқу материалын қалай бекітіп, үй тапсырмаларының дұрыс орындалуына қалай қол жеткізу керек? Ең алдымен мұнда бір-бірінің өзін өзі даярлау жөнінде өткізілетін сабақтарына қатысулары және танымдық сипаттағы тәрбие шараларын (кітаптарды, телехабарларды, экскурсия қорытындыларын талқылау, балалар қызығатын тақырыптар бойынша сабақтар, творчестолық конкурстар) бірлесіп жоспарлауы мен бірлесіп ұйымдастыруы, әңгімелесулер, консультациялар өткізулері, оқушылардың жеке танымдық қызметін ұйымдастыруға қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеулері қажет.  

Тәрбиеші жұмысы нәтижелі болуы үшін оның үйге не берілгені, тапсырманы қалай орындау керектігі, оқушылардың қайсысына көмек қажет екендігі туралы толық түсінігі болуы тиіс. Мұғалім мен тәрбиешінің бір-бірімен тұрақты түрде байланыс жасап, жекелеген мәселелерді талқылаулары, әдістемелік бірлестікте ынтымақтаса жұмыс жүргізулері олардың қызметін неғұрлым тиімді ете түседі. Бұл оқушылардың қысқа мерзім ішінде өздігінше әрекет ету дағдысын қалыптастыруға пәрменді ықпал етпек.

Тәрбиешілер ұзартылған күн топтарында үй тапсырмаларын орындауды ұйымдастыру арқылы балаларды сабақ дайындаудың белгілі бір тәртібіне, оған бөлінген уақытты үнемді де, тиімді пайдалануға; жұмысты жүйелі түрде жүргізуге, қиындықтарды жеңе білуге, бастаған істі аяғына дейін жеткізе білуге үйретеді. Өзін өзі даярлауды ұйымдастыру кезінде тәрбиеші оқушылардың жалпы оқу қабілеті мен дағдыларын; өздігінен жұмыс жүргізе білу деңгейлерін; жас шамалары мен өзіндік ерекшеліктерін ескеруі қажет.

Ұзартылған күн жағдайында оқып-үйрену қызметін ұйымдастырудың өзіндік формасы ретіндегі пәндер бойынша өзін өзі даярлау туралы айтқанда, оның мынадай негізгі құрылымдық элементтерін бөліп атауға тура келеді:

 а) өзін өзі даярлаудың бастау кезеңін ұйымдастыру;

б) өздігінен жұмыс жүргізуге даярлану;

в) балалардың өздігінен жұмыс жүргізуі;

г) өзін өзі бағалау, өзара бірін-бірі тексеру, жұмыстарға баға беру;

д) жұмыстардың қорытындысын шығару.

Өзін өзі даярлаудың бірінші құрылымдық элементі ұйымдастыру сәті болып табылады. Ол бір-екі минуттан артық уақыт алмайды. Балаларға өз жұмыс орындарын әзірлеу тапсырылады. Оқу жылының басында балаларға «Сабақ дайындау жаднамасы» атты жұмыс орынын ұйымдастыруға арналған кітапшаны ұсынуға болады.

Өздігінен жұмыс жүргізуге даярлану да көп уақыт алмауға тиісті. Балалардың оқу қызметін ұйымдастыруда жалпыға бірдей форманы қолданған оңтайлы. Мұнда тәрбиеші оқушыларды сабақ материалын өздері даярлап үйренуге баули алады. Жаднамаға сүйене отырып балалар сыныпта оқыған сабақ тақырыбын, ережені, схеманы немесе кестені естеріне түсіреді. Бұл жерде сабақпен байланыс орнайды. Тәрбиеші тапсырманың мазмұнын нақты жариялайды, оны орындаудың неғұрлым тиімді реттерін түсіндіреді, өздігінен жұмыс жүргізуде тұрақты бағдарлық құрал болып табылатын жаднаманың мазмұнына түсінік береді немесе мәтініне назар аудартады («Мәселені қалай шешуге болады», «Орыс тілі бойынша үй тапсырмасын қалай орындау қажет», «Оқығанды қалай айтып беру керек» және т. б.). Өздігінен жұмыс жүргізуге әзірлік дифференцияланған түрде жүргізіледі. Балалар бұл істі жаңадан үйреніп жүрген кезде немесе жаңа тақырыпты игеру барысында егжей-тегжейлі нұсқау беріп, жөн сілтеу керек.

     Үй тапсырмаларын өздігінше орындау әрекеттерінің реттілігі

      Сыныптың өзіндік ерекшелігін ескере отырып, оқушылардың өзін өзі даярлауын ұйымдастырудағы неғұрлым тиімді вариантты таңдаған жөн. Мәселен, екінші сыныпта мұны мәтін оқудан бастау қажет. Жүргізіп оқи алатын оқушы ана тілі мен математикадан берілген тапсырмаларды тез түсініп, ұғына алады. Жалпы оқуға деген қабілет-қарымының қалыптасу деңгейіне қарай балалар үй тапсырмаларын орындау әрекеттерінің ретін өздері таңдай алады. Екінші және үшінші сыныптарда өзін өзі даярлауға 1,5 академиялық сағат бөлінеді. Бұл уақыт ішінде олар екі пән бойынша берілген тапсырмаларды орындап үлгіреді. Ана тілі мен математика бойынша берілген сабақтарды топта әзірлеген дұрыс. Мәтін оқу мен өлеңдер жаттауды үйге берген жөн. Өйткені күрделі жазбаша тапсырмаларды орындағаннан кейін балаға ұзақ үзіліс керек. Мұнымен қатар, жаттау мен мәтін оқу бұл сабақтардың өзіндік сипатына сәйкес бөлектенуді және балаларға ата-аналардың жағдай жасауын, қажет болса көмектесуін талап етеді.

 Кіші сынып оқушыларының өздігінше жұмыс жүргізуі - өзін өзі даярлаудағы негізгі құрылымдық элемент. Тәрбиеші әр түрлі тәсілдер арқылы баланың өз жұмысына ынты-шынтымен кірісіп, тақырып мазмұнына тереңдей енуіне жағдай жасауы тиіс. Оқушылардың жұмыс жүргізу қарқыны әр қилы болады. Ол балалардың жеке өзіндік ерекшеліктеріне байланысты. Бұл тәрбиеші үшін белгілі бір дәрежеде қиындық тудыратын жәйт. Сондықтан оқушылардың өздігінше жұмыс жүргізу қызметін реттеуге сағат пайдаланылады. Сағаттың циферблаты, жазулары үлкен болуы керек. Оны әрбір жұмыс орынына көрінетіндей етіп қою қажет. Тәрбиеші тапсырманы орындауға қанша минут берілетінін, сағат тілі қай жерге келгенде жұмыс тоқтатылатынын көрсетіп жариялайды.

Жұмыс процесі кезінде оқушыға қойылатын негізгі талап – өздігінше әрекет ету, іждағаттылық, уақытты үнемді пайдалана білу. Кіші сынып оқушыларының зейіні орнықты болмайды, қажетті дағдылар да бәрінде бірдей қалыптаса қоймайды. Ал тапсырма күрделі болуы да мүмкін. Бұл жағдайда тәрбиешінің көмектесуі орынды. Әйтсе де оқушы тапсырма шарттарын алдымен өзі мұқият оқып, қысқаша жазып алуы, сонан соң шешімін ойластыруы, мұның сыныпта қалай жасалғанын есіне түсіруі, яғни қиындықтарды өз күшімен жеңуге міндетті екенін білуі тиіс.

 Топтағы қалыпты шу оқушылардың нәтижелі жұмыс істеуіне кедергі келтірмейді. Өзін өзі даярлауда мінсіз тыныштықты талап етудің қажеті жоқ. Бірақ, әрине, қатты дауыстап сөйлеуге де болмайды. Тіпті тәрбиешінің өзі де ескерту жасаған кезде барлық баланың назарын аударып алмауды ойластыруы керек. Тәрбиеші қажет болған жағдайда дербес көмек көрсетеді.Топқа келетін шәкірттердің арасында өздігінше жұмыс жүргізуге дағдыланбаған, білімінде ақтаңдақ үзілістері бар балалар жиі кездеседі. Бірінші кезекте осы ақтаңдақтарды тауып, оның орынын толтыру керек, сонымен бірге өздігінше іс атқару дағдысына баулу қажет. Қайталауға арналған материалдар дербес сипатта болуы тиіс. Көмек көрсете отырып, әр баланы тіпті елеусіз жетістіктері үшін де ынталандыру керек. Оқушының туындаған қиындықтарды жеңуге қабілеті жететіндігіне, тұрақты түрде талаптанып, әрекет етер болса, жақсы оқуға мүмкіндігі бар екендігіне көзін жеткізген жөн. Тапсырманы жылдам орындайтын балаларға қосымша түрде жүктеме сабақтар беру дұрыс емес. Мұндай әдіс шын мәнінде олардың оқуға деген ықыласын басып тастайды. Ана тілінен және математикадан үлгірімі жақсы балаларды тәрбиешінің кеңесші-көмекшісі етіп тағайындауға болады. Кеңесшілер жолдастарына қателерді тауып, түзетуге көмектеседі, жатқа айтылған ережелерді, өлеңдерді, әңгімелерді тыңдайды. Тапсырмаларды белгіленген уақытынан ерте орындайтын балаларға түрлі сөзжұмбақтар ребустар шешуді ұсынуға болады. Болмаса, демалыс түрін өзі таңдауына ерікберген жөн. Кітапханаға барсын, кітап оқысын, сурет салсын.           

  Өзін өзі даярлаудың екінші кезеңі – өзін өзі бағалау, өзара бірін-бірі тексеру, жұмыстарға баға беру. Балалардың жұмыстарын тексермес бұрын тәрбиеші өзін өзі тексеруді ұйымдастырады. Бұл жас адамды өз әрекетін өзі бақылай білуге үйретеді. Өзін өзі бақылау дағдысын қалыптастыру үшін баланы жазылған жаттығуды оқып шығуға, есептердің, мысалдардың қалай шешілгенін тексеруге, бақылау сұрақтарына жауап беруге баулуы қажет. Балаларды өзін өзі тексерудің кейбір тәсілдеріне үйрету пайдалы. Атап айтқанда: кері қарай есептеу, жаттығуды орындадың ба – ережені тағы бір қайтала, өз жазбаларыңды оқулықтағы үлгілермен салыстыр; оқығаныңды оқулыққа қарамай, жоспар бойынша, тірек сөздер бойынша, кестені пайдалана отырып айтып бер; өзіңнен сұра, өзіңе ұнайтындай дәрежеде жаттадың ба, айта алдың ба, жаза алдың ба. Жауапкершілікке, өзіне және жолдастарына талап қоя білуге, жұмысқа дұрыс баға беруге баулу үшін өзара тексеру ұйымдастырған пайдалы.

Өзін өзі даярлаудың тағы бір қажетті кезеңі жұмыс қорытындыларын шығару болып табылады. Мұнда тәрбиеші әрбір оқушының жұмысына баға беріп, өздігінше жұмыс жүргізе білгендерді атап өтеді, өз күшіне сенбейтін оқушыларды жігерлендіреді, адал еңбектеніп, барынша тырысқандарды ынталандырады.

Осылайша әрбір кезеңде тәрбиеші өзін өзі даярлаудың бүкіл барысын алдынала ойластыратын, балалардың қиналар тұсын болжалдаумен бірге оларды игеру жолдарын да қарастыратын оқу процесінің ұйымдастырушысы рөлін атқарады. Мұғаліммен бірге ол балалардың ауызша және жазбаша тіліне қойылатын бірыңғай талаптарды жүзеге асырады.

Үй тапсырмаларын орындау балалар режимін ұйымдастырудың неғұрлым маңызды сәті болып табылады. Күшті оқитындар нашар оқитындарға көмектесуі үшін, тапсырманы бұрын орындағандар, әлі жұмыс істеп жатқандарға кедергі жасамауы үшін ұжымда бір-біріне деген мейірбандық, жанашырлық қарым-қатынасын қалыптастыру қажет.

Оқушылардың үй тапсырмаларын өздігінше орындауын ұйымдастыруда, сабақта алған білімдерін бекітуде ұзартылған күн тобы маңызды рөл атқарады.

Жалпы білім беретін мектепте ұзартылған күн тобының жұмыстарын ұйымдастыру тәжірибесі мен материалдарын (қажетті құжаттамалардың үлгілері) назарларыңызға ұсынып отырмыз.

    

1-қосымша

Жалпы білім беретін мекеменің ұзартылған күн тобы туралы ереже

Жалпы ережелер

1. Жалпы білім беретін мекеменің ұзартылған күн тобы балаларды оқып-үйренудегі өздігінен әрекет ету дағдыларына баулуда, тәрбиелеу мен творчестволық қабілеттерін дамытуда отбасына көмек көрсету мақсатымен құрылады. Ұзартылған күн тоб ықызметін ұйымдастыру демократия мен гуманизм, тұлғаны творчестволық дамыту принциптеріне негізделеді.

2. Ұзартылған күн тобы өз қызметінде ҚР «Білім туралы» заңын, білім жөніндегі өзге де құжаттарды, жалпы білім беретін мекеменің жарғысын, осы Ережені басшылыққа алады.

3. Жалпы білім беретін мекеменің үзартылған күн тобын құрудағы негізгі мақсат мыналар болып табылады:

  • ата-аналардың жұмыстан босамауына немесе балаларының үй тапсырмаларын дайындауына көмектесуге мүмкіндіктері жоқтығына байланысты оқушылардың үйде өздігінен даярлануға жағдайы болмаған кездері мектепке келіп әзірленуін ұйымдастыру;
  • оқушыларға ата-аналар тарапынан бақылау ұйымдастыру мүмкіндігі жоқ кезде баланың творчестволық қабілеттерін дамыту үшін оңтайлы жағдайлар жасау;
  • оқушылардың сыныптан тыс жұмыстарға белсенді түрде қатынасуы үшін олардың мектепке келуін ұйымдастыру.

  Ұзартылған күн тобы қызметін ұйымдастыру

1. Ұзартылған күн тобы мынадай жолмен құрылады:

  • оқушылар мен ата-аналардың ұзартылған күн тобына деген талап-тілектеріне әлеуметтік зерттеу жүргізу;
  • оқушылардың топтық контингенттері: бір сыныптан; бір параллель сыныптардан; оқытып-үйретудің бірдей сатыларынан жинақталады;
  • қажетті құжаттамаларды жинау ұйымдастырылады (ата-аналардың өтініштері, топпен бірге болуға денсаулық ахуалы туралы медициналық анықтама);
  • ағымдағы оқу жылында ұзартылған күн тобы жұмыс істейтіндігі туралы бұйрық шығарылып, онда оқушылар мен педагогтардың, топта жұмыс істеушілердің контингенті көрсетіледі, оқу және ойын орын-жайлары белгіленеді. Ұзартылған күн тобында кем дегенде 20 оқушы болуы керек деп нақтыланады. Қажетті жағдайлар мен қаржы мүмкіндігі болған кезде мектеп Жарғысында белгіленген мөлшерде бала саны аз топтар жинақтауға да болады.

2. Топ тәрбиешісі оқушылардың (тәрбиеленушілердің) сабақ режимін әзірлейді. Онда мектептің оқу сабақтары кестесі, топтың жұмыс жоспары ескеріледі.

Ұзартылған күн тобында білім беру процесін ұйымдастыру

1. Ұзартылған күн тобының жұмыс режимінде тәрбиеленушілердің өздігінен даярлануына (жалпы білім беретін бағдарлама бойынша үй тапсырмаларын орындау, өздігінше атқаратын, қосымша және творчестволық жұмыстар), қалаған үйірмелер мен секцияларда жұмыс жүргізулеріне, демалуларына, таза ауада серуендеулеріне, экскурсия жасауларына бөлінген уақыттар көрсетіледі. Оқуды, еңбек пен демалысты ұштастыратын ұзартылған күн тобының жұмыс режимі тәрбиеленушілердің жалпы білім беретін мекемеге келулерін есепке ала отырып жасалады.

2. Ұзартылған күн тобының тәрбиеленушілері мектеп базасында ұйымдастырылған әр түрлі үйірмелер мен секцияларда жаттығып, үйреніп, конкурстарға, жарыстарға және басқа да көпшілікті шараларға қатыса алады. Тәрбиеші ата-аналардың жазбаша өтініші бойынша ұзартылған күн тобы тәрбиеленушілерін үлкендер жетекшілігімен қосымша білім беру мекемелерінің сабақтарына қатысу үшін босата алады.

3. Өздігінен даярлану кезінде тәрбиеленушілер мектеп кітапханасы оқу залының, мектеп ақпараттық-консультациялық орталығының мүмкіндіктерін пайдалана алады. Өздігінен даярлану кезінде педагогкалық қызметкерлер тарапынан оқу пәндері бойынша консультациялар ұйымдастырылуы мүмкін. Өздігінен даярлануға бөлінетін уақытты өзге мақсаттарға пайдалануға болмайды.

Тәрбиеленушілердің ұзартылған күн тобына келуін ұйымдастыру

1. Ұзартылған күн тобында тәрбиеленушілердің өздігінен даярлануға дейінгі және одан кейінгі уақыттары таза ауада белсенді қимыл-қозғалыстар жасаумен ұштасады (серуендеу, әр түрлі спорт ойындары). Өздігінен даярлану ұзақтығы оқу сыныптары бойынша белгіленеді: 1-сыныпта екінші жарты жылдықтан бастап – 1 сағатқа дейін; 2-сыныпта – 1,5 сағатқа дейін; 3 – 4-сыныптарда – 2 сағатқа дейін. Өзін өзі даярлаудан кейін балалар сыныптан тыс шараларға: үйірмелерге, ойындарға, көркемөнерпаздар концерттерін, викториналар әзірлеуге және өткізуге қатысады.

2. Ұзартылған күн тобының тәрбиеленушілері үшін екі мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырылады (таңертегі ас – қала әкімшілігінің қаржысы есебінен; түскі ас – ата-аналар қаржысы есебінен; көп балалы немесе күнкөрісі төмен отбасылардың балалары үшін – Жалпы білім беру қоры қаржысынан).

3. Ұзартылған күн тобының жұмысына жалпы білім беру мекемесіндегі оқу сабақтарының кестесін ескере отырып оқу кабинеттері, денешынықтыру және акт залдары, кітапхананың оқу залы пайдаланылуы мүмкін. Орын-жайларды пайдалану тәртібі мен оқу жабдықтарының сақталуына қатысты жауапкершілік тәрбиешіге не тәрбиеленушілер арасында оқу сабақтарын, демалыс шараларын өткізуге жауапты педагог қызметкерге жүктеледі.

4. Ұзартылған күн тобының тәрбиеленушілеріне медициналық қызмет көрсету мектеп медбикелерінің жұмысы туралы нұсқаулыққа сәйкес медицина қызметкерлері тарапынан қамтамасыз етіледі.

5. Жеке гигиеналық заттар ұзартылған күн тобы тәрбиеленушілерінің ата-аналары тарапынан сатып алынады және олар белгіленген орында сақталады.

Ұзартылған күн тобының білім беру процесіне қатысушылар құқықтары мен міндеттері

1. Жалпы білім беретін мекеменің ұзартылған күн тобы қызметкерлері мен тәрбиеленушілері құқықтары, міндеттері Жарғы арқылы, Ішкі тәртіп ережелері, Оқушылар тәртібінің ережелері және осы Ереже бойынша белгіленеді.

2. Мектеп директоры (оның орынбасары) ұзартылған күн тобында жұмыс жүргізу үшін және онда білім беру процесін ұйымдастыру үшін әкімшілік тұрғыдан жауап береді, тәрбиеленушілер өмірі мен денсаулықтарының қорғалуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ, оқушылардың тамақтануы мен демалысын, ұзартылған күн тобындағы балалардың қосымша білім алуын, топ жұмысы жай-күйінің бақылануын жүзеге асырады, топтың жұмыс режимін бекітеді.

3. Тәрбиеші білім беру жұмыстарының ұйымдастырылуына және оның жай-күйіне, тәрбиеленушілердің топқа уақтылы келуіне жауап береді, ұзартылған күн тобының белгіленген құжаттамаларын жүргізеді.

4. Воспитанники участвуют в самоуправлении группы продленного дня, организуют дежурство, поддерживают дисциплину.

Ұзартылған күн тобын басқару мәселелері

1. Ұзартылған күн тобына қабылдау және шығару оқушылар ата-аналарының немесе заңды өкілдердің жазбаша өтініші бойынша жалпы білім беру мекемесі тарапынан жүзеге асырылады.

2. Ұзартылған күн тобы 1–4-сынып аралығында бір сыныпта, бір параллель сыныптарда, оқыту жүйесінің бір сатысында оқитын оқушылар үшін ұйымдастырылады.

3. Ұзартылған күн тобының журналын жүргізу міндетті.

4. Топ қызметі бекітілген күн режимі арқылы және тәрбиешінің жұмыс жоспары бойынша регламенттеледі. Ұзартылған күн тобындағы педагогикалық жүктеме – аптасына 30 астрономиялық сағат.

5. Ұзартылған күн тобындағы балалардың мектеп территориясынан тыс жерлерге шығуына тәрбиеленушілер өмірі мен денсаулығын қорғауға жауапты тұлға бұйрығы бойынша рұқсат етіледі. Территориядан тыс серуендердің, экскурсиялардың маршруттары басшы тарапынан бекітілген болуы тиіс.

6. Ұзартылған күн тобындағы білім беру қызметінің жай-күйін бақылауды жалпы білім беретін мекеменің басшысы немесе оның орынбасары жүзеге асырады (жауапкершілік бұйрық арқылы белгіленеді).

2-қосымша

Ұзартылған күн тобында еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулық

Қауіпсіздікке қойылатын жалпы талаптар

  1. Ұзартылған күн тобында жұмыс жүргізуге медициналық байқаудан өткен және еңбекті қорғау жөнінен нұсқаулықтар алған тәрбиешілер, үйірме жетекшілері жіберіледі.
  2. Ұзартылған күн тобында өткізілетін сабақтарға медициналық байқаудан өткен, еңбекті қорғау жөнінен нұсқаулықтар алған және мектеп бойынша бұйрыққа сәйкес топқа қабылданған оқушылар жіберіледі.

Мектеп территориясында және оқу кабинеттерінде тәрбиешілер, мұғалімдер, үйірме жетекшілері мынадай ережелерді сақтауы тиіс:

  • өз лауазымдық нұсқаулықтарын және ішкі еңбек тәртібі ережелерін сақтау;
  • сынып жетекшілері ұзартылған күн тобының оқушыларын сабақтар аяқталған соң шығарып салады;
  • үйірме жетекшілері сабақ басталар алдында оқушыларды ұзартылған күн тобы кабинетінен алып кетеді, ал бұл сабақтар аяқталған соң оларды ұзартылған күн тобы кабинетіне немесе мектеп алдына дейін шығарып салады;
  • тәрбиеші ұзартылған күн тобындағы балаларды қажет болған жағдайларда ата-аналарының жазбаша өтініші бойынша босатады;
  • оқушы жарақат алған жағдайда тәрбиеші оған алғашқы медициналық көмек көрсетуі және болған жәйт туралы тез арада мектеп медбикесіне, кезекші әкімшіге хабарлауы тиіс;

Тәрбиешілер, үйірме жетекшілері ұзартылған күн тобында жұмыс жүргізген кезде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.

Сабақ өткізу кездерінде оқушыларға мынадай қауіпті және зиянды факторлар әсер етуі мүмкін:

  • оқу жиһаздарының көлемдік мөлшерлері дұрыс таңдалып алынбаған жағдайда дене қалпының бұзылуы, омыртқаның қисаюы, алыстан көрмеушілік секілді кемістіктер пайда болуы мүмкін;
  • кабинетте жарықтың жеткіліксіз болуы көру қабілетін нашарлатады;
  • кабинеттегі электр жабдықтары бұзылған болса электр тогі соғуы мүмкін.

Ұзартылған күн тобының оқушылары мыналарды орындауы тиіс:

  • сабақ кезінде, асханаға барғанда, серуенге шыққанда тәртіпті, оқу сабақтарының кестесін, еңбек пен демалыстың белгіленген режимдерін сақтау;
  • тәрбиешінің өздігінен жұмыс жүргізуге қатысты талаптарын орындау және кез келген қызмет түрінде тәртіпті естен шығармау;
  • сыныптастарына қамқор болу, оларға және өзіне залал келтіретін шалт қимылдардан аулақ болу;
  • оқытудың техникалық және әдістемелік құралдарына тиіспеу.

Сабақта, серуенге шыққанда, асханаға барғанда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, алғашқы өрт сөндіру құралдарының орналасқан орындарын білу.

Жазатайым жағдайларда зардап шегуші немесе куәгер тез арада тәрбиешіге, ал ол бұл туралы әкімшілікке және дәрігерге хабарлауы міндетті.

Сабақ процесінде оқушы жеке гигиенаны сақтауы, жұмыс орынын тазалықта ұстауы тиіс.

Бұл нұсқаулықтың талаптары барлық тәрбиешілер, үйірме жетекшілері, мұғалімдер үшін міндетті болып табылады. Еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықты орындамаған немесе бұзған тұлғалар тәртіптік жазаға тартылады.

Ұзартылған күн тобы жұмысындағы қауіпсіздік талаптары

Кабинетте жарықты жағу, шамдалдардың (светильниктердің), электр жабдықтарының дұрыс жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізу.

Кабинетте жиһаздардың дұрыс орналасып тұрғанына көз жеткізу.

Кабинеттің санитарлық жағдайын тексеру, терезелердегі әйнектердің бүтіндігіне көз жеткізу. Кабинетті желдетіп алу.

Кабинеттегі ауа температурасын анықтау (18–20С мөлшерінен төмен болмауы керек). Оқушылар асханаға барар алдында қолдарын жуып, құрғатып алулары; серуенге шығарда қозғалысқа кедергі келтірмейтін және маусым мен ауа райына сәйкес ыңғайлы киім, аяқ киім киюлері тиіс.
   Сынып жетекшісі тәрбиешіге ұзартылған күн тобындағы оқушылардың келмей қалғандары болса, оның себебін айтып ескертуі, ал тәрбиеші – келушілерді тексеріп, балалардың топта жұмыс жүргізуге әзірлігіне көз жеткізуі тиіс.

Сабақтар аяқталған соң топ тәрбиешісі мыналарды қадағалауы тиіс:

  • барлық демонстрациялау және электр жарығы приборларын өшіру;
  • терезелер мен фрамугаларды жабу;
  • өз жұмыс орынын тазарту;
  • балаларды мектеп алдына дейін шығарып салу.

Ұзартылған күн тобының оқушылары мынадай тәртіпті сақтаулары тиіс:

  • үйге үлкендермен бірге еріп қайту;
  • балалардың соңынан үлкендер келмеген жағдайда, оқушылар оларды ғимарат ішінде тәрбиеші қарауында күтуі тиіс.

Өздігінен жұмыс жүргізу кезінде оқушыларды бойларына шақ парталарға отырғызу керек.

Ұзартылған күн тобының тәрбиешісі мыналарға міндетті:

  • балаларды медициналық көрсеткіштеріне сәйкес орындарға отырғызу;
  • ауа райы қолайлы болған кездері балалардың кем дегенде 1 сағат таза ауада серуендеуін қамтамасыз ету;
  • тамақтану кезінде балалардың асханалық құралдарды дұрыс қолдануын, сондай-ақ дастархан басындағы тәртіптерін қадағалау;
  • телехабар көру уақытының ұзақтығын бақылау;
  • ұзартылған күн тобында күн режимінің (тәртібінің) сақталуын қамтамасыз ету;

Ұзартылған күн тобының оқушылары мыналарды орындауы тиіс:

  • өз жұмыс орынын тазалықта және ретті тәртіпте ұстау, қатар аралық өткелдерді сөмкелермен, портфельдермен бөгемеу;
  • мектеп мүліктеріне ықтият болу, олардың бүлінгені туралы дер кезінде хабарлап отыру;
  • санитарлық-тұрмыстық орын-жайлар мен құрылғыларды мұқият пайдалану;
  • өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау;
  • тамақтанған соң босаған ыдыстарды арнайы бөлінген орынға алып барып қою;
  • серуендеу кезінде тәрбиешінің рұқсатынсыз белгіленген аумақтан тыс шығып кетпеу;
  • қандай да бір өсімдік пен жемістің дәмін татып көрмеу;
  • қауіпті жануарларды, бауырымен жорғалаушыларды, жәндіктерді, өсімдіктер мен саңырауқұлақтарды қолмен ұстамау, тиіспеу;
  • тексерілмеген бастау көздерінен су ішпеу;
  • қоршаған табиғатқа қамқорлықпен қарау.

Оқушылардың өткір, үшкір, кескіш және басқа да қауіпті құралдарды, химиялық заттарды алып жүрулеріне тыйым салынады.

Өзін нашар сезінетін оқушылар бұл туралы медбикеге хабарлаулары керек. Жарақат алған жағдайда тез арада зардап шегушіге алғашқы көмек көрсету қажет, бұл туралы гимназия әкімшілігіне, дәрігерге хабарлап, қажет болған жағдайда оны жақын арадағы емдеу мекемесіне жөнелту керек.

Өрт шыққан жағдайда тез арада балаларды ғимараттан шығарып, бұл туралы әкімшілікке хабарлау қажет және алғашқы өрт сөндіру құралдары арқылы от ошағын сөндіруге кірісу керек.

Жылу жүйесі жарылған жағдайда оқушыларды кабинеттен шығарып, әкімшілікке хабарлау және слесарь-сантехникті шақыру қажет.

Стандартсыз жәйттер туындаған кезде оқушылар сабырлық сақтап, тәрбиешілердің нұсқауларын сөзсіз орындаулары шарт.

       

3-қосымша

Ұзартылған күн тобы бейіндік тәрбиешісінің лауазымдық нұсқаулығы

Жалпы ережелер

1.1. Ұзартылған күн тобының бейіндік тәрбиешісін қызметке мектеп диреторы тағайындайды және босатады.

1.2. Тәрбиеші тікелей директордың тәрбие жөніндегі орынбасарына бағынады.

1.3. Тәрбиеші өз қызметінде ҚР Конститутциясын, ҚР «Білім туралы» заңын, барлық деңгейдегі білім басқару органдарының оқушыларға білім мен тәрбие беру мәселелері жөніндегі шешімдерін; еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы және өрттен сақтану ережелері мен нормаларын, сондай-ақ мектеп жарғысын, жергілікті құқықтық актілерді, ішкі еңбек тәртібі ережелерін, директордың бұйрықтары мен өкімдерін басшылыққа алады.

Функциялары

Ұзартылған күн тобы бейіндік тәрбиешісі қызметінің негізгі бағыттары мыналар болып табылады:

2.1. Қызығушылық, әуестік бейіндері бойынша сабақтан тыс және үйірме жұмыстарын ұйымдастырып, өткізу.

2.2. Топ балалары арасында тәрбиелік, қоғамдық-пайдалы және мәдени-демалыс жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу.

Лауазымдық міндеттері

3.1. Тәрбиеленушілердің азаматтық адамгершілік қасиеттерін қалыптастырады, оларды оқуға, еңбекке, мәдени мінез-құлыққа баулиды.

3.2. Ата-аналармен және оқытушылармен тұрақты байланыс жасайды, оқушыларға педагогикалық талаптардың бірыңғай болуын қадағалайды.

3.3. Бекітілген топта жүргізілетін тәрбиелік жұмыстарды жоспарлайды, оның орындалуын қамтамасыз етеді, әдістемелік жұмыстарға қатысады және өзінің біліктілігін арттырады.

3.4. Тәрбие жұмыстарын жетілдіру жөнінде ұсыныстар ендіреді.

3.5. Оқушылардың жеке қабілеттерін, әуестіктері мен бейімдерін, олардың отбасылық және тұрғын жайлық-тұрмыстық жағдайларын зерттейді.

3.6. Өз жұмысын сынып жетекшісі жұмысымен үйлестіреді.

3.7. Топ бойынша белгіленген құжаттамаларды жүргізеді, әкімшілікке оқушылардың қатысуы мен тәртіптері туралы мәліметтер береді.

3.8. Оқушылардың мектеп ішілік тәртіп ережелерін, этикалық нормалар мен мінез-құлық мәдениетін сақтауын, мектеп мүліктеріне ықтиятты қарауын қадағалайды.

3.9. Тәрбиеленушілер арасында салауатты өмір салтын насихаттайды, зиянды әдеттермен күрес жүргізеді, оқушылардың сыртқы кескін-келбетін, олардың гигиена ережелерін сақтауын бақылайды.

3.10. Еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникасы ережелерінің, сондай-ақ өрттен қорғану ережелерінің қатаң сақталуын қамтамасыз етеді.

Құқықтары

4.1. Балалар арасында тәрбиелік жұмыстың формаларын, тәсілдерін, әдістерін өздігінше таңдайды және оны педагогикалық мақсаттарға сәйкес жоспарлайды.

4.2.Мектеп педагогикалық кеңесінің жұмысына қатысады.

4.3. Ата-аналар арасында жүргізілетін жұмыстарды ұйымдастырады.

Жауапкершілігі

5.1. Тәрбиеші қызметтік міндеттерін тиісті дәрежеде атқармағаны және мектептің ішкі тәртіп ережелері мен Жарғысын бұзғаны үшін осы Нұсқаулықтың 3-тармағына сәйкес тәртіптік жауапкершілікке тартылады.

5.2. Көрсетілген жағдайлардағы тәртіптік жаза жазбаша формада түсінік беру талап етілгеннен кейін және еңбек туралы заңнамада белгіленген мерзімдерді сақтай отырып мектеп директорының бұйрығы арқылы беріледі.

Өзара қарым-қатынас. Лауазым бойынша байланыстар

6.1. Ұзартылған күн тобының бейіндік тәрбиешісі мектеп директоры бекіткен кесте бойынша белгіленген жүктеме режимінде жұмыс істейді.

6.2. Өз жұмысын әрбір оқу жылына және әрбір тоқсанға арнап өздігінше жоспарлайды.

6.3. Мектеп директорынан нормативтік-құқықтық және ұйымдық әдістемелік сипатта ақпараттар алады, тиісті құжаттармен қол қоя отырып танысады.

6.4. Өз құзырына жататын мәселелер бойынша педагог қызметкерлермен және мектеп директорының орынбасарларымен жүйелі түрде ақпараттар алмасады

6.5. Әкімшілікті туындаған қиыншылықтар, проблемалар туралы хабардар етіп отырады.

       

4-қосымша

Ұзартылған күн тобы журналын жүргізу ережесі

Мектеп құжаттамаларын жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес ұзартылған күн тобының журналы мұндай топтары бар барлық сыныптарда жүргізіледі.

1.Ұзартылған күн тобының журналы оқу жылына есептеледі. Оны жүргізу әрбір тәрбиеші мен үйірме жетекшісінің міндеті.

2. Тәрбиеші күн сайын топқа келмеген оқушыларды белгілеп отырады.

3. Журналға тек мектеп директорының бұйрығы бойынша ұзартылған күн тобына қабылданған оқушылар фамилияларын ғана ендіруге рұқсат етіледі. Егер оқушы топқа келуін тоғарса, «Оқиға датасы» бағанына мектеп бойынша тиісті бұйрықтың датасы мен нөмірі жазылады.

4. «Тәрбиеші жұмысы», «Үйірме жетекшісінің жұмысы» бағандарына топтағы жұмыс сағаттарының мөлшері мен оқушылар арасында жүргізілген жұмыстардың мазмұны (қысқаша) туралы жазба түсіріледі.

5. «Ұзартылған күн тобындағы режим» бетін топ тәрбиешісі әрбір оқу тоқсанының бірінші күнінен қалдырмай толтырады.

6. «Топ тәрбиешілері туралы мәліметтер» беті оқу орнындағы тарифтеу мен ұзартылған күн тобының жұмыс графигіне сәйкес толтырылады.

7. «Оқушылар денсаулығы жай-күйінің көрсеткіштері» бетін тәрбиеші сынып журналындағы «Денсаулық парағына» сәйкес 20 қыркүйектен қалдырмай толтырады.

8. «Оқушылардың үйірмелерде, секцияларда, студияларда және т. б. орындарда сабақ алып, жаттығулары туралы мәліметтер» бетін тәрбиеші әр тоқсан сайын толтырады.

9. «Топ оқушылары туралы мәліметтер», «Оқушылардың ата-аналары туралы мәліметтер» бетін тәрбиеші оқу жылының басында толтырады.

10. Журналдағы барлық жазбалар анық, түсінікті етіп, мұқият түрде сиямен немесе пастамен түсіріледі.

    

5-қосымша

Ұзартылған күн тобының жұмысын тексеруге қатысты жаднама

1. Мынадай нормативтік құжаттардың болуы шарт:

а) Ұзартылған күн тобын құру (жинақтау) туралы бұйрық;

б) Ұзартылған күн тобының тәрбиешілерін бекіту туралы бұйрық;

в) ата-аналардың балаларын ұзартылған күн тобына қабылдауын сұраған өтініштері. Оларды әкімшілік бекіткен болуы тиіс;

г) директор немесе директордың орынбасары тарапынан бекітілген күнтізбелік (перспективалық) жоспарлардың болуы;

д) топтың сипаттамасы, оқушылардың тізімі (құрамы – параллельдер бойынша, сынып-топ, әр түрлі жастағылар);

е) ата-аналар, отбасылар туралы мәліметтер;

ж) баланың дамуы; денсаулық жағдайы туралы мәліметтер;

з) қатысу және өткізілген сабақтар журналы;

и) Ұзартылған күн тобындағы сабақтар кезінде үйрме жаттығуларына балалардан кімдерді босату керек екендігі туралы ата-аналардың өтініштері.

2. Тәрбиеші туралы мәліметтер: білімі, стажы, категориясы, курстық даярлығы.

3. Оқушылардың тамақтануы

4. Санитарлық-гигиеналық талаптардың орындалуы:

а) жарық беру;

б) желдеті графигі;

в) режимнің болуы (күн тәртібі);

г) сабақ кестесі, сағаттар;

д) дәрігермен өзара бірлесіп әрекет ету (медбике).

5. Мектеп ішілік бақылау:

1) күнтізбелік және күнделікті сабақ жоспарларының болуы;

2) жоспарлар мен журналдағы жазбалардың сәйкестігі;

3) оқушылардың қатысуын есепке алу ведомосі;

4) өздігінен даярлануды ұйымдастыру: оқушылардың өздігінше жұмыс жүргізуіне арналған жаднаманың болуы;

5) оқушылармен жеке жұмыс жүргізу;

6) оқушылардың бейіні мен творчестволық қабілеттерін дамыту жөніндегі тәрбиеші жұмысы;

7) балалардың бейінін есепке алу;

8) үйірмелерге қатысу жағдайларын есепке алу;

9) тәрбиешінің әдістемелік жұмыстарға қатысуы;

10) Ұзартылған күн тобының жұмысы туралы мәселе қай жерде, қашан тыңдалды;

11) қандай шешім қабылданды және қалай орындалды;

12) дидактикалық ойындар және оларды пайдалану; спорт инвентарларының болуы;

13) Ұзартылған күн тобы жұмысының оқу-тәрбие және тәрбие жөніндегі орынбасарлар тарапынан бақылануы;

14) мұғалімдермен, ата-аналармен байланыстың болуы;

15) кітапханамен бірлесіп жұмыс жүргізу;

16) театрларға, музейлерге бару;

17) танымдық және творчестволық серуендер.

Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөнінде ата-аналарға кеңес

  • Өз пәтеріңіз бен балалар ойнайтын ауланы денсаулыққа қауіпсіздік тұрғысынан мұқият қарап шығыңыз;
  • Аулаға орнатылған әткеншектерді бекітіңіз, басқа да ойын жабдықтарын жөндеңіз. Үйдің өзге тұрғындарымен бірге транспорт қозғалысынан аулақ балалардың ойын алаңын белгілеңіз.
  • Балалардың аулаға от жағып, ракетницалар атуына т. б. рұқсат бермеңіз.

Оларға мұның жарақат алуға әкеліп соқтыруы мүмкін екендігін түсіндіріңіз.

  • Балалардың қаңғып жүрген жануарламен ойнауына рұқсат етпеңіз. Оның жаман ауруларға ұшыратуы мүмкін екендігін ескертіңіз.
  • Баланы бөгде адамдармен қалай қарым-қатынас жасау керектігіне үйретіңіз. Бөтен адамның қолынан тәтті не өзге де сый-сауқат алуына, өзге пәтерге, жертөлелерге және т. б. жерлерге кіруіне тыйым салыңыз.
  • Біреу карточкасын немесе өзге де заттарын қорқытып алған жағдайда, ештеңе етпейтінін айтып түсіндіріңіз. Балалар сол үшін үйде ұрсады деп қорқады.

Балаңыз сізбен шынайы, ашық сөйлесетін болсын, сонда оның барлық жағдайын біліп отыратын боласыз.

Дереккөз: «Білім беру мекемесі басшыларының анықтамалығы»  журналы



Подписка на статьи

Чтобы не пропустить ни одной важной или интересной статьи, подпишитесь на рассылку. Это бесплатно.

Участвуй в наших семинарах

Школа

Проверь свои знания и приобрети новые

Записаться
Живое общение с редакцией






© 2007–2017  «Образование  МЦФЭР - Казахстан» 

Все права защищены. Полное или частичное копирование любых материалов сайта возможно только с письменного разрешения редакции  «Образование МЦФЭР - Казахстан». Нарушение авторских прав влечет за собой ответственность в соответствии с законодательством РК.

По вопросам подписки обращайтесь:        +7 (727) 323-62-12/13

По вопросам клиентской поддержки:          +7 (727) 237-77-04


  • Мы в соцсетях
Сайт предназначен для работников сферы образования

Чтобы продолжить чтение, пожалуйста 
зарегистрируйтесь.
Это бесплатно и займет всего минуту, а вы получите:
  • доступ к 3 000+ полезным статьям
  • 3 000+ актуальных ответов от ведущих экспертов
  • Аттеастация, организация контроля, бухучёт и налоги
  • ежедневно обновляемая информация
  • приглашение на участие в семинарах и вебинарах 

У меня есть пароль
напомнить
Пароль отправлен на почту
Ввести
Я тут впервые
И получить доступ на сайт Займет минуту!
Введите эл. почту или логин
Неверный логин или пароль
Неверный пароль
Введите пароль